Бөрлі ауданындағы «Қарашығанақ» стадионында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Достық – Дружба» атты бокстан XXVIII халықаралық турнир өз жұмысын бастады. Спорттық додаға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның өзге өңірлерінен келген 20-ға жуық команда қатысуда. Сайыста 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер түрлі салмақ дәрежесінде өзара кім мықтыны анықтамақ.

Жыл сайын бокс жанкүйерлерінің басын қосатын бұл жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына және халықаралық достық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар турнир өскелең ұрпақты спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Бокс бәсекесінің салтанатына осы сайыстың өтуіне мұрындық болған компаниялар мен жеке кәсіпкерлер, спорт саласының ардагерлері құрметті қонатар сапынан табылды.

Жарыстың ашылу салтанатында Бөрлі ауданының әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиев, Бөрлі ауданы бокс федерациясының вице-президенті Қадырбек Джандусинов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар спорттың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып, осындай жарыстардың жас буынның жігерін жанып, жеңіске деген ұмтылысын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Достық – Дружба» турнирі – тек спорттық бәсеке ғана емес, елдер мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өзара сыйластықты дәріптейтін маңызды алаң. Рингте бақ сынайтын жас боксшылар үшін бұл жарыс өз қабілеттерін көрсетіп, тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік.
Алдағы күндері шаршы алаңда үздік боксшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы