20.10.2026, 18:00
Оқылды: 10

Астанадан келген композитор тәжірибе бөлісуде

ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласындағы «Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек Оралға келді. Композитор «Алаш» этнофольклорлық ансамблінің өнерпаздарына шеберлік сағатын өткізуде.

111

Жастар мәдениет сарайына Шолпан Қорғанбекпен сұхбаттасу үшін арнайы бардық. Дәлізде дайындықтың аяқталуын күтіп отырғанымызда, ұлттық аспаптардың әуезді үні бір-бірімен үйлесім тауып, жанымызды баурады. Бір мезетте композитордың дауысы естіліп, әлгі қоңыр үн сап тыйылды. Үзіліс болған шығар деген оймен дайындық залына кіріп бардық. Сөйтсек тәжірибелі тәлімгер қобызшы аруға аспапта ойнау мәнерін жетілдіріп, орындаушылық шеберлігін шыңдаудың жолдарын көрсетіп отыр екен.

Шолпан Ділдабекқызы «Алаш» ансамблін алғаш рет Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде көріпті. Жанарынан жалын шашқан өнерлі жастардың арасында қыздардың саны басым екенін байқаған. Мәдениет қайраткері ансамбльдағы мұндай ерекшелік көп ұжымда кездесе бермейтінін айтты.

– «Алаш» ансамблі — болашағынан зор үміт күттіретін, ұлттық рухани қазынамызды шартарапқа танытып жүрген шығармашылық ұжым. Ансамбль құрамындағы қыз-жігіттер — кәсіби деңгейдегі музыканттар. Бүгін қазақтың әйгілі күйші-домбырашысы әрі композиторы Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын, соның ішінде аутордың «Атырау» күйін орындау деңгейін арттыруға көмектестім. Оған қоса, өзімнің бірнеше туындымды да ұжым репертуарына енгіземін. Оралда қала күніне арналған «Жайық сазы» концертінің ашылуында «Алаш» ансамблі «Көк түріктер» шығармасын орындады ғой. Дәл осы күй – менің шығармашылық қоржынымдағы таңдаулы туынды. Музыканы жан-тәнімен сезініп, әр ырғақтың мәнін терең түсінетін «Алаш» ансамбліне әрдайым ықыласымыз ерекше, – деді Ш. Қорғанбек.

Композитор осындай шеберлік сағаттарын өткізу үшін еліміздің басқа да қалаларына жиі барады екен. Жастар мәдениет сарайының директоры Асыланбек Шайхин өңірімізге келген мейманды қабылдап, қызмет-көмегі үшін алғыс білдірді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале