Шыңғырлау ауданында не орай алғаш рет арқан тартудан облыстық «Almaz Cup» ашық турнирі өтті. Ауқымды спорттық іс-шараға 24 командадан 300-ге жуық спортшы қатысып, ұлттық спорт түрінен өзара мықтыны анықтады.

Турнирді Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Жарыс өткізу жөніндегі бастаманы ауданның арқан тарту құрамасының спортшылары көтерген. Алмаз ауылының тұрғындары турнирдің жүлде қорын қалыптастыруға демеушілік жасап, ортақ істің жүзеге асуына үлес қосты.
Дүбірлі додада облыстың «Көктөрек», «Бостандық», «Жұлдыз» командалары, Маңғыстау облысынан келген «Қызылсай» құрамасы бастаған бірқатар команда қатысты. Екі күнге созылған жарыс барысында спортшылар күш, ептілік пен командалық үйлесімділікті талап ететін тартысты бәсеке көрсетті.
Жарыс қорытындысында I орынды шыңғырлаулық «Алмаз» құрамасы иеленсе, жүлделі II-ІІІ орындарды Казталов ауданының «Бостандық» және «Көктөрек» құрамасы иеленді. Осылайша алмаздықтар өз алаңында шемпиондық атағын қорғап, турнир жеңімпазы атанды.
Жарыс барысында аудан тұрғындары спортшыларға қолдау көрсетіп, ұлттық спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Қатысушылар мен көрермендердің белсенділігі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
«Almaz Cup» турнирінің негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамыту, бұқаралық спортты насихаттау, жастарды салауатты өмір салтына баулу және өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайту. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл турнир аудан тұрғындарының бірлігін көрсетіп, Шыңғырлау өңірінің спорттық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz