20.10.2026, 10:30
Оқылды: 8

Ақ Жайықтың «комбаты»

Оралдағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музей-үйінің ұжымы майдангер Шәкір Мәжитовтің туғанына 110 жыл толуына байланысты «Комбат» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Мазмұнды жиынға Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Бауыржан Есенеев, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр, майдангердің көзін көрген, қызметтес болған еңбек ардагерлері, артында қалған ұрпақтары және              М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың тарих факультетінің студенттері қатысты.

WhatsApp Image 2026-09-24 at 18.58.50 (1)

Іс-шарада облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Тоғызбайұлы жиынның келешек ұрпақ үшін мән-маңызы туралы қысқаша баяндады. Ал подполковник Бауыржан Әсетұлы қазақ халқының қайсарлығы, батыр ержүрек мінезі жайында әңгіме айтты.

Дәстүр бойынша алдымен М.Мәметова мемориалдық музей-үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов Отан үшін кеудесін оққа да, отқа да тосқан соғыс ардагерінің ғұмырдариясы, жауынгер жорығы мен бейбіт күндегі өмір жолын таныстырды.

WhatsApp Image 2026-09-24 at 18.58.52

Шәкір Мәжитов 1916 жылы 15 тамызда облыстағы Жәнібек ауданының Қамысты ауылында орта шаруа отбасында дүние дидарын көреді. 1936 жылы мектептегі оқуын тәмамдағаннан кейін, арман қала Алматыдағы театр техникумына оқуға түсіп, 1939 жылы бітіреді. Сол жылы тамыз айында Алматы қаласындағы Сталин аудандық әскери комиссариатының Кеңес әскері қатарына алынады. 133-Новосібір атқыштар дивизиясының 521-полкінде әскери борышын өтейді. Өз міндетін жете меңгеріп, үздік болғаны үшін аталмыш дивизияның бөлімше командирі болып тағайындалады. 1941 жылы тамызда дивизия құрамында ұрысқа қатысып, жеңіл жараланып, госпитальда емделеді. Емделіп шыққан соң, батыс майданының 312-барлаушылар батальонында атқыштар взвод командирінің орынбасары міндетін атқарады. Рота командирі, батальон командирінің орынбасарынан бастап, 212-дивизияға қарасты 692-атқыштар полкінің батальон командиріне дейін жоғарылайды. 1944 жылдың сәуір айында 1-Белорусь майданындағы 69-армиясы 247-атқыштар дивизиясы 630-полкінде атқыштар батальоны ның командирі болады. Сол жылы оқуға жіберіліп, кейін резервтік полктің 29-бөлімшесінің офицерлер құрамына тіркеледі. 1944 жылы 41-атқыштар дивизиясына қарасты 244-атқыштар полкінің командирі болып тағайындалып, 1945 жылдың маусым айына дейін қызмет етеді.

Майдангер Ұлы Отан соғысында елді жаудан қорғауға жан аямай қатысып, төрт рет жараланса да, майданға қайта аттанған. Қан майданда ержүрек, отансүйгіштігі өз алдына, дәйім жанындағы  жауынгерлерге қамқорлық танытады. Шәкір Мәжитов Қызыл Жұлдыз, Александр Невский,
І, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен әмбе екі рет және «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Соғыстан от кешіп, елге аман оралғаннан кейін туған ауылында халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етіп, ауылдастарының құрметіне бөленеді. Айта кетсек, 1946-1965 жылдар аралығында Жәнібек ауданында тұтынушылар  қоғамы төрағасының орынбасары, дайындау кеңсесінің (заготконтор) аудандық өкілінің орынбасары, аудандық жинақ кассасының меңгерушісі, тұтынушылар одағы дайындау конторының директоры, Қамысты және Жәнібек селолық тұтынушылар қоғамының төрағасы, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті колхозаралық құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Калинин атындағы совхоз директорының орынбасары, аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі және зейнет жасына жеткенге дейін аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды.

Шәкір Мәжитов соғыс жайлы суық хабарды естіп, өзі майданға сұранып барған Анна Павленкомен (Мәжитова) отау құрып, жеті баланы дүниеге әкеліп, санасындағы бар ізгі қасиеттерін ұрпағына сіңіреді.

1993 жылы 27 сәуірде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, отставкадағы майор Шәкір Мәжитов ауыр сырқаттан қайтыс болды.

Жиында Ахмедияр Қуанұлы соғыс ардагерінің жалғыз ұлы Берік Шәкірұлының музейге тапсырған жәдігерлерін таныстырды. Көрмеде Шәкір Мәжитовтің өмірбаяны, суреттері, кітапшасы, «Ұрпағы барда ұмытылмайды есімдер, оларға ұқсап ұлағатты өмір кешіңдер» атты кітабы, марапат қағаздары мен газетке жарияланған мақалалары түптелген.

Тағылымды кеш майдангермен жүлгелес болған қызметтестері, туған-туысына және балаларының естелік әңгімелеріне ұласты. Еңбек ардагері Жәнібек ауданында бірге жұмыс істеген Сәния Хамзина сөз алды. Сәния Құрмашқызы заманында аудандық комсомол комитетінде
майдангер жұбайларының жастармен кездесуінде олардан естіген адамгершілік, отансүйгіштік туралы бір үзік әңгімесін айтты. «Жеңісті Берлинде қарсы алды» тақырыбында Шәкір Мәжитов туралы мақала жазған Қалиолла Мұқанов майдангердің кісілік келбеті, шыншыл мінезін айтып, толарсақтан қан кешкен соғыс ардагерлерін ұмытпауға, әрқашан ұлықтауға шақырды.

Жәнібек ауылының орталық көшесіне Шәкір Мәжитовтің есімін беруге атсалысқан Сапарғали Сиражев: «Шәкір ағай қия шауып, бұрмаламай, тік сөйлейтін өте тамаша адам еді. Інім, балам деп сыйлап, ол кісімен бір жүріп, аралас-құралас болғаныма өте қуаныштымын. Ол кезде көшеге кісі есімін оңай бере салмайды. Бұрынғы Киров көшесіндегі тұрғындардың келісімі керек болды. Ол кісілерден, «Бұл көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкір Мәжитовтің атын қоюға ниетті едік» деп біраз қол жинадық. Халық бірауыздан қолдады. Жәнібектің ең ұзын, ең таза көшесіне ағайдың есімі беріліп, кейін тақтасы орнатылды», – деп соғыс ардагерінің ерлігі, бірге жүрген кездегі қызықты естелігін айтты.

Шәкір Мәжитовтің жиені, ардагер ұстаз Серік Қарабалин майдангердің ұрыс кезінде мықты жобалаушы, оның зайыбы Анна Павленконың өзге ұлттан болса да, қазақ халқының салт-дәстүрін сыйлап өткен бекзат жан болғандығын, бейбіт өмірде ойы да, бойы да жарасқан майдангер жұбайлардың қарапайым мінезі жайында әзіл-қалжыңы аралас әңгімесін айтып, қонақтарды сүйсіндірді.

WhatsApp Image 2026-09-24 at 18.58.46

Келелі жиын соңында Шәкір Мәжитовтің баласы Берік Мәжитов қонақтарға, ұйымдастырушы музей ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ әкесінің түрлі музыкалық аспапта ойнап, билегенді жақсы көретін сегіз қырлы бір сырлы болғандығын, бала тәрбиесіндегі талапшылдығы мен мейірімділігін еске алды.

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале