Жаңақала ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев іс-сапармен келді. Аймақ басшысы ең әуелі «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығына аялдап, оның тыныс-тіршілігімен танысты.
Емделушілер сырқаттан кейінгі қалпына келтіру кезеңі барысында сапалы ем алып жатқандарын тілге тиек етті. Айта кетейік, медициналық мекеме 2009 жылы 100 орынға лайықталып ашылған. Қазіргі таңда 109 қызметкер еңбек етеді. Орталықта емдік дене шынықтыруға басымдық берілген. Тұзды шахта, парафин, оттекті коктейль, балшық, фитобөшке және «Гольфстрим» гидротерапиялық ваннасы мен уқалау-ысу және физиотерапиялық тоқтармен емдеу әдістері кеңінен қолданылады. Мекеме басшысы Жәнібек Успанов ем алу кабинеттерімен таныстырып, жұмыс барысы мен қызмет көрсету бағытын баяндады. Оның айтуынша, 17 жыл ішінде медициналық нысанда 31 мыңға жуық пациент түрлі ем-шара қабылдап, оңалтудан өткен. Оның 5 мыңнан астамы – мүгедектігі бар адамдар. Ал алдағы уақытта мамандар простатит, цистит сынды ауруларға шалдыққан науқастарға да қажетті ем-дом көрсетуді жоспарлап отыр.

Нариман Төреғалиев және түрлі салаға жауапты басшылар ішкі жұмыс барысымен танысқан соң, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ғимарат ауласында ағаш отырғызды. Игі бастама аясында 15 түп қарағай көшеті егілді. Табиғатты түлетіп, айналаны көгалдандыруға бағытталған бұл қадам ауыл көркін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жанашырлықтың көрінісіне айналады.

Әрі қарай өңір басшысы орталық алаңға ат басын бұрды. Бұл тұста коммуналдық мекеменің техникалық базасын нығайту мақсатында пайдалануға берілетін арнайы ауыр техникалар сап түзеп, көпшілік назарына ұсынылды. Содан соң өңір басшысы аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде кәсіпорын жұмысшыларына көлік кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Олар – «КАМАЗ 65115» – аралас жол машинасы, «КАМАЗ 65115» – бүйірлік жүктемесі бар қоқыс тасығыш көлігі және «КАМАЗ 65115» – вакуумдық машинасы. Үш техника «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке сатып алынған. Бұлардың жалпы құны – 307 миллион 376 мың 680 теңгені құрайды. Өз кезегінде облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес коммуналдық саланы жаңғырту, техникалық мүмкіндікті арттыру және халыққа көрсетілген қызмет сапасын жақсарту бағытындағы нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ бұл – өңіріміздегі аудандардың арасындағы алғашқы тәжірибе екенін де айта кетті. Одан әрі Нариман Төреғалиұлына «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар таныстырылды.

Әрі қарай аудан тұрғындарымен кездесу жиыны бастау алды. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы мақсат-міндеттерге, атқарылатын істерге тоқтала кетті. Соның бірі келер жылда аудан орталығында 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары басталатынын айтып, жиынға жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Содан соң аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев 2023-2026 жылдары атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Алпамыс Жаңабайұлының айтуынша, 3 жыл ішінде негізгі капиталға 54,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 жоба жүзеге асырылған. Осы уақыт ішінде 4,6 млрд теңгеге 8,8 мың бас асыл тұқымды мал сатып алынса, былтырғы жылы 18,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Жол инфрақұрылымын дамытуға 24,1 млрд теңгеге 16 жоба, энергетика саласына 5 млрд теңгеге 11 жоба қарастырылған. Сондай-ақ мәдениет және спорт салаларында 793 млн теңгеге 14 жоба жүзеге асырылған.

Аудан басшысы жуырда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Жақсылық жалғасады» бейнероликтер байқауында жеңімпаз атанып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен 100 млн теңгеге аудан орталығынан толық жинақталған спорт алаңы салынатынын айта кетті. Есеп беру сәтінде Карманов мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебі күрделі жөндеуден өтіп, М.Мирманов мектебіне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған 3 жыл ішінде 3,3 млрд теңгеге 183 пәтер сатып алынды. Биыл үйлері апатты деп танылған 23 азамат баспаналы болды. Аудан әкімі баяндамадан соң жиналған тұрғындарға сөз кезегін беріп, көкейдегі ойларын ортаға салуды сұрады. Алғашқы болып сөз алған ақсақал Шаһидолла Әбуғали ауыл арасына іріткі салып, елдің бірлігіне сызат түсіретін «блогерлер» көбейген тұста аудан басшысының өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтіп, алғысын білдірді. Сонымен қатар рухани тәрбиеге аса мән беріп, ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғали бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, атаусыз тұрған мектептерге елге еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың есімін беру жөнінде ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ жөндеуді қажет ететін, тозығы жеткен және апаттық жағдайда тұрған білім беру нысандарының жай-күйіне назар аударып, оларды жаңғырту жұмыстарын қолға алу жөнінде ой тастады. Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің меңгерушісі Сыйлыхан Жұмасалық ғимараттың ескі екенін тілге тиек етіп, құнды жәдігерлер мен тарихи экспонаттарды көпшілік назарына ұсынуға орын тапшылығы қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Өзге де тұрғындар кезекпен мәселелерін ортаға тастады. Бірі Қызылоба ауылында спорт кешенінің жоқтығын алға тартса, енді бірі аудан көшелеріне бағдаршам орнатуды өтінді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Ерлан Уразаев ауыл кәсіпкерлерін қолдау, субсидиялау тетіктері мен қаржыландыру мәселелерін көтерді. Саланың дамуы үшін мемлекеттік қолдаудың аса маңызды екенін айтып, қаржыға қолжетімділікті арттыру қажеттігін жеткізді. Көтерілген сауалға «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы жауап беріп, саладағы субсидиялау мәселесі жөнінде түсінік берді. Сондай-ақ жаңақазандық азамат ішкі істер бөліміндегі бейнебақылау камерасын бақылауда ұстайтын тек 1 маман екенін айтып, арнайы бірлік керектігін алға тартты. Төбе көрсеткен ақ жаулықты әжелер де аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Жиын барысында аймақ басшысы әрбір мәселені көппен бірге талқылап, құзырлы құрылымдарға нақты тапсырмалар берді. Кездесуден соң облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы