19.10.2026, 9:00
Оқылды: 6

Мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға дайындық басталды

Облыста барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру жұмысы басталды.  29 қарашаға белгіленген саяси науқанға дайындық мәселелері облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында қаралды.

03502182

Жиынға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, округтік сайлау комиссияларының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуда сайлау науқанының негізгі кезеңдері, ұйымдастыру шаралары және өңірдегі сайлау инфрақұрылымының әзірлігі талқыланды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылдың 13 қазанындағы қаулысымен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы осы күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Ал 28 қараша тыныштық күні болып  белгіленген.

Дауыс беру 29 қараша күні сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлау қорытындысы дауыс беру күнінен кейінгі бес күндік мерзімде белгіленеді.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Нұрғожин сайлау науқанының негізгі мерзімдеріне тоқталып, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу тәртібін түсіндірді.

– 12 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлығы қабылданды. 13 қазан – сайлауды тағайындау күні. Егер сайлауды тағайындау туралы шешімде өзгеше мерзім белгіленбесе, кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну дауыс беруге 60 күн қалғанда басталып, сайлауға 30 күн қалғанда сағат 18:00-де аяқталады, – деді Жасұлан Нұрғожин.

Бұл жолғы сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіледі. Яғни азаматтар саяси партиялардың партиялық тізімдері арқылы да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша да депутаттық мандатқа үміткер бола алады. Бірмандаттық округтерде кандидаттар заңнамада белгіленген тәртіппен өзін-өзі ұсыну құқығын пайдалана алады. Кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жасы 20-дан төмен болмауы керек.

Өңірдегі сайлау инфрақұрылымы мен ұйымдастыру жұмысының барысы жөнінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев баяндады. Оның айтуынша, облыста сайлауды ұйымдастыруға жалпы саны 4 079 мүшеден тұратын 673 сайлау комиссиясы жұмылдырылады. Атап айтқанда, өңірде 14 аумақтық және 488 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сонымен қатар аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі 158, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі 15 бірмандаттық округтік сайлау комиссиясы құрылады. Бірмандаттық сайлау округтерінің шекаралары әкімшілік-аумақтық бөлініспен сәйкес келетіндіктен, Бәйтерек және Теректі аумақтық сайлау комиссиялары округтік комиссиялардың да міндеттерін  атқарады.

– Қалалық мәслихатқа 24, аудандық мәслихаттарға 134 мандат белгіленген. Осыған сәйкес қалалық және аудандық деңгейде сайлау округтері бойынша жұмыс жүргізіледі. Округтік сайлау комиссияларының құрамында барлығы 790 адам болады. Бұдан бөлек, 488 учаскелік сайлау комиссиясында 3 126 адам жұмыс істейді, – деді Арман Жиенғалиев.

Сайлауды ұйымдастыру барысында заң талаптарының сақталуы, азаматтардың сайлау құқықтарының қамтамасыз етілуі және тұрғындарды қажетті ақпаратпен уақтылы қамту мәселелері басты назарда болады. Сайлау инфрақұрылымы, комиссиялардың құрамы мен сайлау округтерінің тізімдері туралы мәліметтер заңнамада белгіленген мерзімде ресми интернет-ресурстар мен мерзімді басылымдарда жарияланады.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау науқанының әр кезеңін қолданыстағы заңнама талаптарына сай ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Ол комиссия мүшелеріне жүктелген міндеттерді белгіленген мерзімде орындап, азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.

Комиссия отырысының қорытындысында сайлау комиссияларының арнайы жұмыс кестесі бекітілді. Ендігі міндет – күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастыру шараларын уақтылы жүзеге асырып, сайлау науқанының барлық кезеңін заң талаптарына сай өткізу.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале