16.10.2026, 17:00
Оқылды: 12

Жасыл орман, көркем тоғай жайқалтқан

18 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні

 

Қазан айының үшінші жексенбісі  – орманшылардың кәсіби мерекесі. Табиғат  байлығын көздің қарашығындай сақтап жүрген еңбеккерлер мерекесі  қарсаңында  облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  басшысының орынбасары Дархан Закаринге жолығып, орман  қорын молайту,  өрттің алдын алу және жасыл желекті сақтау бағытында  атқарылып жатқан  жұмыстар туралы сұхбаттастық.

WhatsApp Image 2026-10-16 at 17.44.49

– Ақ Жайық өңіріндегі мемлекеттік орман қоры 224 699 гектарды құрайды. Оның 88762 гектары орман-тоғаймен көмкерілген. Бұл облыс аумағының 0,6%-ына тең. Орман қорының басым бөлігі Жайық өзенінің жағалауында орналасқан. Орман қорын молайту және қорғаумен айналысатын сегіз орман шаруашылығы мекемесінде 716 қызметкер еңбек етеді. Ағаш отырғызу материалдарын өсіруге арналған 9 орман тұқымбақта өсірілген көшеттер   орман қорын молайтуға пайдаланылады. Сонымен қатар орман өртінің алдын алу және өрт шыққан жағдайда жедел әрекет ету мақсатында 118 адамнан тұратын 10 станса құрылды.

– Дархан Әмірханұлы, облыста қанша гектар жерге ағаш отырғызылды? Көшеттердің  жерсінуі  қалай?

– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған мемлекеттік орман қорын 2 миллиард түп талдарақпен толықтыру туралы тапсырмасы бар. Осыған орай облыстың 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспары    бекітілді. Соған сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында 15228 гектар жерге орман дақылдарын отырғызу, 6253 гектар аумақтағы орман екпелерін толықтыру көзделді. Сонымен қатар 56,6 миллион дана ағаш отырғызу  жоспарланды.

2021-2025 жылдары 10372 гектар аумаққа 39 миллион дана ағаш егілді. Бұл кешенді жоспардың 69%-ын құрайды. Әрине, отырғызылған ағаштың саны ғана емес, көшеттердің жерсіну көрсеткіші де маңызды. Соңғы бес жылдағы көшеттердің орташа жерсіну деңгейі 43,3% шамасында. Бұл – атқарылған жұмыстардың нәтижесін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің  бірі.

– Қуаңшылық пен су тапшылығы жағдайында жасыл желекті көбейту үшін қандай тәсілдер қолданылады? Қандай ағаш түрлеріне басымдық беріледі?

– Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы орман өсіруде ерекше тәсілдерді қолдануды талап етеді.  Ағаш егілетін жерлерде топырақты алдын ала дайындау үшін екі жылдық пар жүйесі қолданылады. Бұл топырақта ылғал жинауға, көшет отырғызуға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, орман екпелерін малдың таптауынан қорғау үшін қоршау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 1539,1 гектар, ал 2026 жылы 766,6 гектар орман екпесі қоршалды. Мұндай шаралар жас өскіндердің қалыпты өсіп-жетілуіне жағдай жасайды. Нәтижесінде кейбір орман шаруашылықтарында көшеттердің жерсіну көрсеткіші 85%-ға дейін  көтерілді.

Ағаш түрлерін таңдағанда олардың жергілікті топырақ-климаттық жағдайға бейімділігі ескеріледі. Орман дақылдарын отырғызу жобаларына сәйкес қараағаш, жиде, шаған, тамарикс, терек және үйеңкі көшеттері отырғызылады. Ал өңірдің оңтүстік бөлігіндегі құмды аумақтарда құмды бекітіп, топырақтың жел эрозиясын азайтуға ықпал ететін сексеуіл мен жүзгін  егуге  басымдық  беріледі.

– Кейінгі жылдары орман өртінің алдын алу мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Өртті ерте анықтау және төтенше жағдайда жедел әрекет ету мүмкіндіктері жеткілікті ме?

– Қазіргі кезде 8 орман шаруашылығы мекемесінің қарамағында 10 орман өрт сөндіру стансасы жұмыс істейді. Оларда 118 адам бар. Орман өртінің алдын алу мақсатында 11 өрт бақылау мұнарасы-
на бейнебақылау камерасы орнатылды. 2025 жылы жергілікті бюджеттен 72 миллион теңге бөлініп, 4 бақылау мұнарасы тұрғызылды. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап орман шаруашылығы мекемелерінде «Лесохранитель» орман өртін ерте анықтау жүйесінің 10 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Олардың жалпы құны – 48 миллион теңге.

Биыл облыс аумағында орман қорын күзету және қорғау бағытындағы авиациялық жұмыстарды ұйымдастыру үшін «Қазавиаорманқорғау» РМҚК қызметі жолға қойылды.   Оның қызметіне орман алқаптарын әуеден бақылау арқылы өртті және орман заңнамасын бұзушылықтарды анықтау кіреді. Онда жеті адам қызмет етеді. Мекеме AS350 «Еврокоптер» әуе кемесімен жабдықталған.
Өрт қаупінің деңгейіне қарай авиациялық патрульдеу жүргізіп, қажет болғанда орман өртін сөндіруге қатысады. Сондай-ақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелері 125 шақырым минералдандырылған орман жолағын салды.  Орман шаруашылығы және өртке қарсы 5,2 шақырым жол салынды, жөнделді. Сондай-ақ 46,15 шақырым орманаралық соқпақ реттеліп, 465 дана ескерту тақтайша орнатылды.

– Орманды сақтау мен қалпына келтіруде заманауи техника мен технологияның маңызы зор. Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуеті талапқа сай ма?

– Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту мақсатында 2023-2025 жылдары жергілікті бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатқа түрлі ныспыдағы 59 трактор, 16 патрульдік машина, «КамАЗ» базасындағы 8 өрт сөндіру көлігі, 29 мотоцикл, 3 «Водолей» ПКП тіркеме өрт кешені, 8 тіркеме және орман шаруашылығына арналған 346 техникалық жабдық сатып алынды. Олардың қатарында тіркеме өрт кешендері, соқалар, тырмалар, ағаш отырғызу машиналары және басқа да құралдар бар. Дегенмен патрульдік машиналар, шағын өрт сөндіру кешендері және қыс мезгілінде қарда жүретін көліктер әлі де қажет. Сондықтан аталған техника түрлерін кезең-кезеңімен сатып алу жоспарланып отыр. Биыл лизинг қаражаты есебінен қосымша техника алу көзделген.

– Ақ Жайық өңірінде орман шаруашылығын дамытуда қандай басым міндеттер белгіленген?   Алқалы бір жиында Казталов ауданында орман шаруашылығы мекемесін ашу туралы ұсыныс айтылғаны есімде. Соның жайы не болды?

– Басты міндеттердің бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың кешенді жоспарын сапалы орындау. Бұдан бөлек, алдағы 10 жылға мемлекеттік орман қоры аумағында атқарылатын жұмыстарды жоспарлау мақсатында орман орналастыру жобасын қайта әзірлеу керек. Орман өрттерінің алдын алу және өрт қауіпсіздігін күшейту бағытында жұмыстанамыз. Жас мамандарды жұмысқа тарту бағытында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және Бөрлі колледжімен байланыс орнатылды. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде салада жас мамандардың үлесі артып келеді.

Ал Казталов ауданында орман шаруашылығы мекемесін ашу мәселесіне келсек, Қа-
зақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 21 тамыздағы №678 қаулысына сәйкес жаңа мемлекеттік мекемелер құруға мораторий енгізілуіне байланысты бұл мәселені шешу кейінге  қалдырылды.

– Дархан Әмірханұлы, орманды қорғау тек сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Кәсіби мереке қарсаңында тұрғындарға қандай үндеу  айтар  едіңіз? 

– Табиғатқа жанашырлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Сондық-
тан тұрғындарды табиғатты аялауға, орман-тоғайды көздің қарашығындай сақтауға шақырамын.

Біздің салада орман шаруашылығының дамуына үлес қосып, саналы ғұмырын табиғат байлығын сақтауға арнаған ардагер орманшылар аз емес. Олардың есімсойларын ерекше құрметпен атаймыз. Мұрат Нұрғалиев Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 30 жылдан астам еңбек етті. Болат Мустафиев Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 44 жылдан астам уақыт қызмет атқарды.  Николай Маркин Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 44 жыл тер төкті. Ермек Есенғазиев Шыңғырлау орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 31 жыл қызмет атқарды.  Олардың еңбек жолы – табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, кәсіби адалдықтың және туған жердің байлығын сақтауға деген жауапкершіліктің  жарқын  үлгісі.

Сөзімнің соңында табиғатты қорғау жолында табандылық танытып, орман мен жануарлар дүниесін сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген барша маманды, ардагер орманшыларды мерекемен құттықтаймын!

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале