Жәнібек ауданында экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыс жүйелі жалғасып келеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте аудан әкімі Тимур Шиниязов мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл аудан бюджеті 3 млрд 563 млн теңге көлемінде бекітіліп, түзетілген бюджет 7 млрд 683 млн теңгеге жеткен. Тоғыз айда бюджетке 1 млрд 72 млн теңге салықтық түсім түсті.
Жәнібек экономикасының негізгі тіректерінің бірі – ауыл шаруашылығы. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында салада өндірілген өнім көлемі 9,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға артқан. Ауданда 427 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Есепті кезеңде 3,5 мың тонна ет, 8,2 мың тонна сүт өндіріліп, 984,6 мың дана жұмыртқа алынған. Ірі қара саны 80 616 басқа, жылқы 21 586 басқа жеткен.
– Асыл тұқымды шаруашылық саны – 49. Шаруалардың техникамен жарақтануы да жақсарып келеді. Жыл басынан бері 33 жаңа трактор және 46 бірлік қосалқы техника сатып алынған. Бұл мақсатқа 495 млн теңге инвестиция салынып, 185 млн теңге субсидия берілді. Сонымен бірге қуаңшылық пен киік санының артуы мал азығын дайындауға салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты биыл 3540 гектар жерге дәнді және мал азығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға көп, –деді аудан әкімі.
Аудан экономикасына инвестиция тарту бағытында да оң өзгеріс бар. Тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 млрд 630 млн теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 176,6%-ға өсті. Оның 6,5 млрд теңгесі жеке және басқа да көздерден тартылды. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 1,9 млрд теңгені құрап, бір жылда 3,5 есеге артты.
Жалпы құны 9 млрд теңге болатын 13 инвестициялық жоба есепке алынып, бүгінде оның 3,2 млрд теңгелік бес жобасы жүзеге асырылған. Нәтижесінде 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнеге ауылында құны 2,5 млрд теңге болатын газ-поршеньді электр стансасы салынып жатыр. Сондай-ақ сорғы стансасын қайта жаңғырту, электр желілерін жаңарту, жол жөндеу жобалары жүзеге асуда. Қыркүйекте Жәнібек ауылында 100 млн теңгеге 12 орындық қонақүй пайдалануға берілді. Ал аудан орталығында 150 млн теңгелік қоғамдық моншаны іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, 10 мың құс өсіруге арналған фабрика салу жобасы пысықталуда. Ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына «Ауыл аманаты» бағдарламасы да мүмкіндік беріп отыр. Биыл бағдарлама аясында 19 жоба қаржыландырылып, 11 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.
Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Өткен жылы әлеуметтік осал топтарға 33 пәтер берілсе, биыл тағы 58 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Қазір оның 18-і сатып алынып, қалған 40 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.
– «Қаладан ауылға» жобасы аясында тоғыз елді мекен іріктеліп, 12 отбасы, 53 адам ауылға қоныс аударған. Ауданның 18 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Газдандыру бағытында да маңызды жоба қолға алынған. Талов, Борсы және Қамысты ауылдарын Қазақстанның газ жүйесіне қосу үшін 1,5 млрд теңгеге 115 шақырым жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Жобаны қазан айында аяқтау көзделген, – деді Тимур Шиниязов.
Электр желілерін жаңғырту да жалғасуда. Жақсыбай – Талов бағытындағы 35 кВт электр желісі 257 млн теңгеге қайта жаңғыртылып, жұмыс толық аяқталған.
Жол құрылысы бойынша Казталов – Жәнібек – РФ аутожолының 158-165 шақырымындағы 6,7 шақырым бөлігі жөнделіп, аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жол толық асфальтталған. Ал «Жәнібек – Талов – Кіші өзен» жолының 70-92 шақырымын күрделі жөндеу жобасының құны 6,9 млрд теңгені құрайды.
Ауданның әлеуметтік саласында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері әлеуметтік осал отбасылар мен азаматтарға түрлі төлемдер берілген. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары нәтижесінде 745 адам уақытша жұмыс орындарына орналасқан. Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын азайтуға басымдық беріліп отыр. Соңғы үш жылда ауданға 14 дәрігер келсе, биыл тағы алты маман қызметке орналасты. Білім беру саласында Жәнібек және Ұзынкөл ауылдарында құны 3,1 млрд теңге болатын, 108 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Келесі жылы Тегісшіл ауылында жаңа мектеп салу жоспарланған. Биыл ауданның 53 түлегі жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болған.
– Мәдениет саласында да жаңа нысандар бой көтеруде. Аудан орталығында құны 660 млн теңге болатын заманауи екі қабатты кітапхана пайдалануға берілді. Мұстақым Ықсановтың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар, соның ішінде республикалық ақындар айтысы мен 100 шақырымдық аламан бәйге өткізілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығына биыл 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір аудан орталығында – 121, ауылдық округтерде 48 камера жұмыс істейді, – деді аудан басшысы.
Брифингте аудан әкімі алдағы міндеттерге де тоқталды. Негізгі басымдықтар қатарында экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бар. Жәнібек үшін бұл міндеттердің бәрі түптеп келгенде бір мақсатқа – аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Бүгінде қолға алынған жобалар осы мақсат жолындағы нақты қадамдарға айналып отыр.
Түгелбай Бисен,
"Орал өңірі"