Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған қола және ерте темір дәуірлеріне жататын қыш ыдыстардан дәнді дақыл іздерінің анықталуы ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Бұл олжа өңірдегі ежелгі егіншілік мәдениетін тереңірек зерттеуге мүмкіндік бермек.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жапонияның Мэйдзи университетінің ғылыми қызметкері, археология ғылымдарының докторы Эйко Эндо мен Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиева төрт күнге созылған бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді.
Эйко Эндоның ғылыми бағыты ежелгі дәуірдегі ауыл шаруашылығының қалыптасуы мен дамуын, дәнді дақылдардың таралуы және уақыт өте келе өзгеруін археологиялық материалдар негізінде зерделеуге арналған. Ғалым 2020 жылдан бері Қазақстанның Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент және Түркістан қалаларында болып, археология саласында зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Назарбаев университеті мен Ә. Марғұлан атындағы археология институтымен ғылыми байланыс орнатқан. Жапон ғалымы Ақ Жайық өңіріндегі зерттеулерін Жанаргүл Қалиевамен бірлесіп жүзеге асыруда. Зерттеу нысаны ретінде музей қорында сақталған Тақсай, Қарасу, Жайық, Пойма және Сегізсай обаларынан табылған қола және ерте темір дәуірлерінің қыш бұйымдары таңдалған.
– Зерттеуімізде ежелгі қыш ыдыстардың бетінде сақталған өсімдік қалдықтарының, әсіресе дәнді дақылдардың іздерін анықтау үшін археологиялық және зертханалық әдістер кешенді түрде қолданылды. Алғашқы кезеңде қыш ыдыстар мен олардың сынықтарының беті мұқият қаралып, өсімдік қалдықтарына ұқсас ойықтар мен бедерлер анықталды. Мұндай іздер қыш ыдыстарды дайындау барысында саз массасына түскен дәндердің немесе басқа да өсімдік бөліктерінің нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Күйдіру кезінде органикалық қалдықтар жойылғанымен, олардың пішіні мен кейбір құрылымдық ерекшеліктері қыш бетінде сақталып қалуы ықтимал. Анықталған іздерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін силиконды реплика, яғни көшірме алу әдісі қолданылды. Бұл әдіс қыш бетіндегі өте ұсақ бедерлердің көшірмесін алуға мүмкіндік береді. Кейін алынған силиконды репликалар зертханалық жағдайда сканерлеуші электронды микроскоп (SEM) арқылы зерттелді. SEM жоғары үлкейту мен кеңістіктік айқындығының арқасында дән іздерінің сыртқы пішінін, беткі микробедерін және сақталған морфологиялық белгілерін егжейтегжейлі қарастыруға мүмкіндік береді. Осы әдістерді кешенді қолдану нәтижесінде қыш бұйымдардағы өсімдік іздерін анықтап, олардың қандай дәнді дақылдарға тиесілі болуы мүмкін екенін салыстырмалы-морфологиялық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік туды.
Силиконды реплика әдісінің басты ерекшелігі – археологиялық заттың өзін зертханалық құралға орналастырмай-ақ, оның бетіндегі ұсақ бедерлердің жоғары дәлдіктегі көшірмесін алуға мүмкіндік беруі. Көне қыш ыдыстарды, әсіресе көлемді немесе өте нәзік археологиялық бұйымдарды тікелей электронды микроскопта зерттеу техникалық жағынан қиын. Сонымен қатар кейбір зертханалық үдерістер түпнұсқа заттың сақталуына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан зерттеу барысында арнайы қалып үшін силикон материалы қолданылады. Ол қыш бетіндегі анықталған дән ізіне мұқият енгізіліп, ойықтың ішкі пішіні мен ұсақ бедерлерін қайталайды. Силикон қатайғаннан кейін алынған көшірме зертханада жеке зерттеледі. Бұл әдістің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, түпнұсқа археологиялық бұйымды қайта-қайта зертханалық өңдеуден өткізу қажеттілігі азаяды. Екіншіден, дән іздерінің ұсақ морфологиялық ерекшеліктерін зерттеуге жағдай жасалады. Үшіншіден, алынған репликаларды сақтап, қажет болған жағдайда қайта зерттеуге және салыстыруға болады. Алайда силиконның қыш бетіне әсері оның химиялық құрамына, қыштың сақталу жағдайына және қолдану тәсіліне байланысты. Сондықтан әдіс тиісті сынақтар мен консервациялық талаптарды сақтай отырып қолданылуы тиіс. Осылайша, силиконды реплика әдісі археологиялық затты бүлдірмей, оның бетіндегі өсімдік іздерін микроскопиялық деңгейде зерттеуге мүмкіндік беретін тиімді тәсілдердің бірі болып табылады, – деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Жанаргүл Серікқызы.
Бұған дейін Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі алты қорымнан табылған жүзден астам қыш құмырада қола дәуіріне жататын дәнді дақылдардың іздері анықталған. Сондай-ақ Батыс Қазақстан музейінің қорындағы құмырадан да осындай іздердің табылуы ежелгі егіншілік тарихына қатысты жаңа ғылыми сұрақтар туындатып отыр.
– Зерттеу барысында дәннің жалпы пішіні, өлшемдері және сақталған микроскопиялық белгілері кешенді түрде қарастырылады. Алынған мәліметтер қазіргі дәнді дақылдардың эталондық үлгілерімен және ғылыми әдебиеттердегі сипаттамалармен салыстырылады. Қыш бетіндегі барлық ойық пен бедерді бірден дәнді дақылдардың іздері деп қабылдауға болмайды. Кейбір іздер өсімдіктердің сабақтарына, жапырақтарына, қабыршақтарына немесе қышты дайындау кезінде пайда болған технологиялық өзгерістерге байланысты болуы мүмкін. Сондықтан олардың шығу тегін анықтау үшін бірнеше морфологиялық белгі салыстырылады. Ең алдымен іздің жалпы пішіні қарастырылады. Дән іздері көбінесе белгілі бір тұтас көлемдік пішінге ие болады. Ал сабақ пен өсімдік талшықтарының іздері ұзынша, талшықты немесе түтікше тәрізді болып келуі мүмкін. Екінші маңызды белгі – сыртқы бетінің микроскопиялық құрылымы. Дәннің жеміс қабығы мен гүл қабыршақтарында өсімдік тобына тән жасушалық өрнектер, бедерлер және басқа да анатомиялық белгілер кездеседі. Ал жапырақтар мен сабақтардың эпидермис құрылымы өзгеше болуы мүмкін. Біздің зерттеуімізде ерекше назар аударылған дәнді дақылдар – тары (просо), арпа және күріш. Дегенмен бұл ерекшеліктердің сақталуы іздің сапасына байланысты. Кейде дәннің тек бір бөлігі ғана сақталады немесе оның пішіні өзгеріске ұшырайды. Сондықтан өсімдікті нақты анықтау үшін бір ғана белгіге сүйенбей, бірнеше морфологиялық көрсеткішті қатар талдау және оларды эталондық материалдармен салыстыру қажет. Белгілер жеткіліксіз болған жағдайда анықтау нәтижесі болжамды деңгейде беріледі.
Осылайша, зерттеудің сенімділігі бір ғана микроскопиялық нәтижеге емес, археологиялық, технологиялық және морфологиялық деректердің өзара сәйкестігіне негізделеді. Бұл сұрақтың тұжырымын біршама нақтылаған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерден табылған қыш ыдыстарда дәнді дақылдардың іздері бұған дейін де анықталған. Атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жүргізілген археоботаникалық зерттеулер барысында тары, арпа және күріш сияқты дәнді дақылдардың іздері анықталған. Соның ішінде қола дәуіріне жататын қыш ыдыстардан арпа іздерінің табылуы ежелгі кезеңдердегі өсімдік ресурстарын пайдалану мен шаруашылық қызметін зерттеу үшін маңызды дерек болып табылады. Ал Орал өңірінен табылған қыш бұйымдардағы өсімдік іздеріне келетін болсақ, олардың ғылыми маңызын толық бағалау үшін әлі де қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Дегенмен қазіргі кезеңде нақты әрі түпкілікті қорытынды жасауға асықпаймыз. Зерттеу жұмыстары жалғасуда, ал алынған нәтижелер қосымша талдаулар мен салыстырмалы зерттеулер негізінде нақтыланатын болады. Бірақ бір маңызды айырмашылық бар, қыштағы дән ізінің табылуы сол дақылдың сол жерде өсірілгенін немесе оның міндетті түрде тағам ретінде пайдаланылғанын тікелей дәлелдемейді. Ол дақылдың сол ортада болғанын көрсетеді. Ал жергілікті егін-шілік, сауда байланыстары немесе тамақтану тәжірибесі туралы тұжырымдар жасау үшін қосымша археологиялық дәлелдер қажет. Меніңше, керамиканы тек ыдыс жасау технологиясының дереккөзі ретінде емес, ежелгі өсімдіктер туралы ақпаратты сақтайтын археологиялық материал ретінде қарастыруға болады, – дейді Жанаргүл Қалиева.
Қыш ыдыстардың ішкі және сыртқы бетінде сақталған дән іздері Жапонияға жеткізіліп, зертханалық талдаудан өтеді. Ғалымдар олардың қай дақыл түріне жататынын анықтауға ниетті. Алдын ала болжам бойынша, ыдыстардың бетінде тары, арпа және күріш секілді дақылдардың іздері сақталған болуы мүмкін.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»