21.10.2026, 22:30
Оқылды: 4

Жусандыойда жасалған жұмыс көп

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Жусандыой ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

1001039576

Жиында ауылдық округ әкімі Бекболат Бақытжанов жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың есебін берді. Бүгінде округ аумағында 38 шаруа қожалығы мен 5 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Мал басын асылдандыру бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қожалықтар 220 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алды.

Есепті мерзім ішінде елді мекенде тазалық пен абаттандыру бағытында да ауқымды істер атқарылды. Атап айтқанда, 25 экологиялық сенбілік ұйымдастырылып, оған 145 адам қатысты. Тұрғындардың ұсынысы бойынша қар суын ұстау үшін өзек қазылып, демеушілер есебінен Жусандыой ауылындағы екі зираттың аумағы толық қоршалды. Сондай-ақ мектеп түлектері туған жерге тарту ретінде Жусандыой және Ханкөл ауылдарының кіреберісіне арка орнатты. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қоршалып, «Green West Expert» ЖШС арқылы 3,1 миллион теңгеге Бейбітшілік көшесіне жарық жүргізілді. Оған қоса «Асылбек» шаруа қожалығы 1,5 миллион теңгеге Жамбыл мектебінің ауласына балабақша бүлдіршіндері үшін шағын ойын алаңын салып берді.

1001039612

Жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев облыс әкімінің бастамасымен өңірде жүзеге асып жатқан «Қаладан ауылға» пилоттық жобасына арнайы тоқталды. Жоба аясында аудан бойынша бекітілген 8 елді мекенге, соның ішінде Шалғын, Соналы, Ханкөл, Егіндікөл, Қоскөл, Үшана, Сәуле, Алакөл ауылдарына Орал және Ақтөбе қалаларынан 18 отбасы, яғни 90 адам қоныс аударды. Қоныс аударғандар баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылып, балалары мектептер мен балабақшаларға орналастырылды. Мысалы, Ханкөл ауылына көшіп келген бір отбасы мүшесі «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 7,5 миллион теңге несие алып, 16 бас сүтті бағыттағы қашар сатып алып өз кәсібін бастады.

Жиын соңында Ханкөл ауылының тұрғыны Ғабдрахман Бисеғұлов елді мекенді абаттандыру жұмыстарына оң баға беретінін жеткізді.

1001040003

Кездесу аяқталған соң аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 Серікбай Жәлелұлы,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале