Мәслихат депутаттарының сайлауы – жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудың, халықтың талап-тілегін билік деңгейінде жеткізудің және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етудің маңызды тетігі. Сайлау арқылы азаматтар өз мүдделерін қорғайтын өкілдерді таңдап, елді мекендердің болашағына қатысты шешімдер қабылдауға қатысады.

Осыған орай, 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары Бәйтерек ауданында белгіленген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлау науқанын ұйымдастыру барысында заңдылықты сақтау, ашықтық пен әділдік қағидаттарын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде.
Сайлау науқанының күнтізбелік жоспары бекітілді
Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына және ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 қазандағы №60/99 қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын 2026 жылғы 13 қазандағы №14 қаулысымен бекітті.

Кандидаттарды ұсыну жұмыстары жүргізілуде
Бүгінгі таңда күнтізбелік жоспарға сәйкес бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңі жалғасуда.
22 қазандағы жағдай бойынша:
облыстық бірмандаттық сайлау округі бойынша (№4 сайлау округі) – 2 кандидат;
аудандық 13 бірмандаттық сайлау округі бойынша – 40 кандидат өз құжаттарын ұсынды.
Округтік сайлау комиссиялары кандидаттар ұсынған құжаттарды 27 қазан, сағат 18:00-ге дейін қабылдайды.
Мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу уақыты, сайлаушылармен кездесуге арналған үй-жайлардың тізімі және үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындары туралы ақпаратты Бәйтерек ауданы әкімдігінің ресми сайтынан және аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 2026 жылғы 27 қазандағы №44 санынан алуға болады.
Сайлауды ұйымдастыруға 68 комиссия жұмылдырылады
Кезектен тыс сайлауды әзірлеу мен өткізуге аудан бойынша барлығы 68 сайлау комиссиясы қатысады. Оның ішінде:
1 аумақтық сайлау комиссиясы – 7 мүшеден тұрады және облыстық №4 бірмандаттық сайлау округінің міндеттерін де атқарады;
13 округтік сайлау комиссиясы –65 комиссия мүшесінен;
54 учаскелік сайлау комиссиясы 328 комиссия мүшесінен тұрады.
Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы 8 қарашадан басталады.
Сайлаушылар тізіміндегі деректерді тексеру мүмкіндігі
Сайлаушылардың өз құқықтарын толық пайдалануына жағдай жасау мақсатында 13 қарашадан бастап азаматтар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен немесе тиісті әкімдіктің колл-орталығы арқылы өздері туралы мәліметтерді тексере алады. Бұл ретте әрбір сайлаушыға сайлау учаскесін алдын ала анықтап, тізімдегі деректерінің дұрыстығына көз жеткізу ұсынылады.
Сайлау туралы ақпарат ашық жариялануда
Жергілікті тұрғындар үшін Бәйтерек ауданының аумақтық және округтік сайлау комиссияларының құрамы, орналасқан жері мен жұмыс уақыты, сондай-ақ бірмандаттық сайлау округтерінің тізімі мен шекаралары туралы ақпарат Бәйтерек ауданы әкімдігінің ресми сайтында және аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 2026 жылғы 19 қазандағы №43 санында жарияланды.
Сайлау туралы ақпараттың қолжетімді болуы азаматтардың сайлау науқанына қатысты мәліметтерді уақтылы алуына, кандидаттар туралы ақпаратпен танысуына және дауыс беруге дайындалуына мүмкіндік береді.
Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанының барлық кезеңінде Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға, сайлау үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Радик Ихласов,
Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы