25 қазан – Республика күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Ерлік. Елдік. Еркіндік!» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды.
- Сіздерді ұлттық мерекеміз - Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларация мемлекеттілігіміздің іргетасын қалаған, халқымыздың азаттық пен егемендікке деген ғасырлар бойғы ұмтылысын айқындаған тарихи құжат болды. Бұл күн – егемен ел ретінде әлемдік қоғамдастықтағы өз орнымызды белгілеген ұлы белес. Биыл Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығында осы тарихи құндылықтарымыздың маңызы мен салмағы арта түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл белес Қазақстанның өсіп-өркендеудің жаңа кезеңіне қадам басуының айқын көрінісі болуы тиіс. Бүгінгі буынның басты міндеті – әділетті, күшті, озық әрі таза Қазақстанды қалыптастыру. Ал мемлекеттің қуаты мен тұрақтылығы ең алдымен өңірлердің, яғни әрбір ауданның дамуымен және азаматтардың әл-ауқатымен тікелей байланысты. Экономиканың нығаюы, әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, мектептер мен медициналық мекемелердің бой көтеруі – соның айқын дәлелі. Осы орайда ауданымызда берекелі бірлік пен адал еңбекті ту етіп, туған өлкеміздің гүлденуіне күнделікті үлес қосып жүрген барша тұрғындарға, еңбек ардагерлеріне, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және бизнес салаларының өкілдеріне ерекше ризашылығымды білдіремін. Қадірлі жерлестер, Республика күні әрбір отандасымыздың бойындағы патриоттық сезімді шыңдап, ел алдындағы жауапкершілігімізді арттыра берсін! Республика күні құтты болсын! – деді аудан басшысы.


Құттықтау сөзінен кейін аудан әкімі өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады. Атап айтқанда, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісі аудандық мәдениет үйінің директоры Агила Жұбандықова мен аудандық демалу орталығы ақпараттық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ұлан Рамазановаға табысталды. Сондай-ақ Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің «Еңбек үздігі» төсбелгісі мәдениет саласының қызметкерлері, халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің мүшелері Ирина Биктасова мен Нұрслу Елеусіноваға, Приурал ауылдық мәдениет үйінің директоры Жаннат Алмағамбетоваға және аудандық демалу орталығының әншісі Виктория Сухановаға берілді.

Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, қолдау көрсеткен компания өкілдері мен ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Марапатталған компаниялардың қатарында «NurGasKurylys» ЖШС бас директоры Арман Уралбаев, «West Dala» ЖШС бас директоры Қайрат Салахаденов, «NDF Kazakhstan» ЖШС бас директоры Төлеген Ямагулов, «Novateq Group» ЖШС бас директоры Сағи Нуров және «QHSE-Akbarys» ЖШС директоры Данияр Құрманғожин бар.

Салтанатты жиын әрі қарай аудандық демалу орталығы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем ән мен күмбірлеген күйге толы өнер кеші мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті.

Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы