Республика күні мерекесіне орай Көшім ауылдық округіне қарасты Өркен елді мекенінде ашылған салтанатты арка ауылдың ажарына ажар қоса түсті.

Іс-шараны ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқатаев өркендіктерді аудан әкімінің атынан Республика күнімен құттықтады. Бұл мереке біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, әрбіріміздің туған өлкемізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің нәтижелі нышаны екенін атап өтті.
– Тарихи мәні терең ұлық мерекеміздің қарсаңында ашылып жатқан нысанды тек сәулет өнері емес, ауылдың береке-бірлігінің, болашаққа деген сенімінің символы деуге болады. Сондай-ақ ауылдың сән-салтанатының артуына қосылған тағы бір үлес. Бұл игі іс – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ынтымақтастықтың жарқын үлгісі,-деді Қуанышбек Қадырбекұлы.
Өз кезегінде сөз алған Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруде көшімдіктердің де алдында мол міндет пен мақсат бар екенін тоқталды. Осы жолда өркендіктердің өнегелі ісі аз емес.

«Өркен ауылы жылдан-жылға ажарланып келе жатқаны баршамызды қуантады, - деді Ауған Ғарифоллаұлы. - Мұның артында ауыл тұрғындарының елге деген сүйіспеншілігі, жарқын болашаққа деген сенімі, уақытпен санаспай жасап жүрген еңбегі көрініс береді. Ауылдастарымыздың бекем бірлігі мен тату тірлігінің арқасында алдағы уақытта да жасалатын жұмыс аз емес. Яғни молшылыққа бастар межелі асу мен жетістіктеріміз алда. Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!»
Содан соң ауыл тұрғыны Сәлім Саққазов, мектеп түлектері Дамир Шәукенов, Артур Мерғалиев ақжарма тілектерін айтып, арканың орнатылуына үлес қосқан ауыл азаматтарына ризашылық білдірді.

Ауыл ақсақалы Марат Молдашев ақ батасын берген соң ауыл әкімі екеуі қақпаның лентасын қиды.
Мерекелік іс-шара соңы ауыл өнерпаздарының шағын концертіне ұласты.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы