“Қарашығанақ” спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан Бөрлі ауданы әкімінің кубогі үшін ашық аудандық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына БҚО әкімінің міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов және құрметті меймандар қатысты.
Республика күнімен тұспа-тұс келген сайыстың ашылу салтанаты ұлттық болмыс пен рухты насихаттап, Бөрлі ауданы мен басқа да қатысушы аудандардың танымы мен тарихына шолу жасап, таныстырудан бастау алды.
Шара басында сөз алған аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы баршаға «қош келдіңіз» айтса, облыс әкімінің міндетін атқарушы Тілепберген Ерсайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа барлығы 10 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Күндегі ресми киімдерін волейбол формасына ауыстырған мемлекеттік қызметкерлердің ойындары осал болған жоқ. «Сен тұр, мен атайын» деп, сақадай сай келген қатысушылар ойынның көркін қыздырып, мықтылығын танытты.

Сайыс қорытындысы бойынша үздіктердің үздігі болып, бірінші орынды БҚО әкімдігінің командасы еншіледі. Тасқала ауданы әкімдігінің командасы жанкешті ойын көрсетіп, екінші орынды алса, мықтылықтарын танытқан Шыңғырлау ауданы әкімдігінің командасы үшінші орынға қол жеткізді.
Жүлдегерлер дипломдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы