Орал қаласындағы «Зенит» зауытының тарихы бір кәсіпорынның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті. Ленинградтан бастау алған өндірістік жол, соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбек, бейбіт кезеңдегі өнеркәсіптік өрлеу, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен отандық әскери кеме жасау индустриясының қалыптасуы – осының барлығы республика тарихымен қоса өрілген. Бұл күндері зауыт 85 жылдық мерейлі белеске жетті.

«Зениттің» негізі 1931 жылы Ленинградта қаланды. Кәсіпорын теңіз қару-жарағы, торпедаға арналған аспаптар, радиомен басқарылатын миналар және арнайы мақсаттағы күрделі техника өндіруге маманданды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда зауытты сақтап қалу мақсатында Оралға көшірілді. 1941 жылы 10 қыркүйекте Оралға алғашқы эшелон келді. Оның құрамында 94 жұмысшы мен инженер-техник мамандар және 194 жабдық болды. Жабдықтар толық орнатып үлгермей жатып-ақ, майданға қажет өнім шығару басталды. 1941 жылы 8 қазанда зауыт майданға қарудың алғашқы партиясын жөнелтті. Жыл соңына дейін 28,5 мыңға жуық жарғыш, 4 мың фосфорлыкальцийлі патрон және авиацияға арналған бірнеше мың аспап шығарылды.
Соғыс жылдары кәсіпорында теңіз миналары, авиациялық снарядтар және басқа да әскери өнімдер өндірілді. Солардың ішінде ЭТ-80 электр торпедасының орны ерекше. 1942 жылы сынақтан өткен торпеда сол жылдың қыркүйегінде қару-жарақ қатарына қабылданып, сериялық өндіріске қойылды. Соғыс жылдарында флотқа осындай 303 торпеда жеткізілді. Кәсіпорынның майданға қосқан үлесі жоғары бағаланды. 1985 жылы, Жеңістің 40 жылдығына орай, зауыт I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бұл марапатқа Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан елеулі үлесі үшін ие болған Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын – «Зенит».
Бейбіт өндірістен әскери кеме жасауға дейін
Соғыстан кейін зауыт біртіндеп қалпына келіп, өндірістік қуатын арттырды. 1947 жылы зауыт басшылығына келген Пётр Атоянның есімі кәсіпорынның кейінгі даму кезеңімен тығыз байланысты. Бейбітшілік жылдары «Зенит» әскери-теңіз флотына қажет арнайы техниканы шығаруды жалғастыра отырып, халық шаруашылығына арналған өнімдерді де игерді. Кеме жасауға қажет жабдықтармен қатар, трактор бөлшектері, тұрмыстық бұйымдар, жылыту батареялары, эмальданған ыдыс, басқа да өнімдер өндірілді. Шұлық-трикотаж өнеркәсібіне арналған «УКФ-72» әмбебап бояу-қалыптау агрегаты шығарылды. Өндіріс орнының маңызы өндіріс көлемімен ғана өлшенген жоқ. Оның айналасында тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, кітапханалар, медициналық мекемелер, стадион мен мәдениет сарайы салынды. Кәсіпорын Оралдың әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуына ықпал еткен ірі қала құраушы мекемелердің біріне айналды.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес одағының ыдырауы зауыт тірлігіне «салқынын» тигізді. 1991 жылы 7 қаңтарда әскери тапсырыстардың күшін жою туралы хабар келді. Бұрынғы өндірістік байланыстар үзілді, қаржыландыру тоқтады, тапсырыс азайды. Кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың кәсіби әлеуеті мен бірегей өндірістік мүмкіндіктерін сақтап қалудың жолын іздестірді.
Алғашқы кезде азаматтық өнімдердің 60-тан астам түрі игерілді. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтар, диірмендер, сүзгі-престер, газбен жылыту аппараттары және басқа бұйымдар шығарылды. Мұның барлығы зауыттың бар әлеуетін толық пайдалануға жеткіліксіз еді. Кәсіпорынға жаңа бағыт қажет болды.

Алғашқы катер – үлкен істің бастауы
1993 жылы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің әскери-теңіз күштері құрылды. Сол жылы 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған кеме жасау бағдарламасы бекітілді. Теңіз катерлері мен кемелерін жасау жөніндегі бас орындаушы болып «Зенит» зауыты белгіленді. Бұл шешім кәсіпорын тарихындағы жаңа белестің басталуына жол ашты.
Алғашқы жоба жағалауда жүзетін «Сұңқар» шекара катерін жасау жұмысы ресми келісімшартқа дейін-ақ басталды. 1994 жылы 12 қарашада алғашқы катер стапельге қойылды. Арнайы жабдықтар мен компьютерлік жобалау құралдары болмаған кезеңде сызбалар қолмен әзірленіп, туындаған мәселелер өндіріс барысында шешілді. 1995 жылы 9 қазанда зауытта жасалған алғашқы катер суға түсірілді. Ол Шалқар көліне жеткізіліп, сынақтан өтті. 1996 жылы маусымда ҚР Қорғаныс министрлігіне пайдалануға берілді. «Сұңқар» және жаңғыртылған «Сұңқар-М» жобалары бойынша барлығы төрт катер жасалды. Келесі маңызды жоба – «Бүркіт» болды. 1998 жылы алғашқы кеме суға түсіріліп, кейін осы және жаңғыртылған жоба бойынша жеті кеме жасалды. Олардың қатарында «Астана», «Орал», «Алматы», «Ақтау», «Атырау», «Тараз» және «Өскемен» деп аталған су құралдары бар. Әрбір кеме жаңа технологияны игеруге, өндірістік тәжірибені жетілдіруге және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.
«Барыс», «Айбар», «Қайсар»: жаңа буын кемелер
Зауыттың келесі қадамы «Барыс» жобасындағы теңіз патрульдік кемелерін жасау болды. Санкт-Петербургтегі конструкторлық бюро әзірлеген жоба зауыттың өндірістік мүмкіндіктеріне және тапсырыс берушінің талаптарына бейімделді. 2006 жылы «Сардар» кемесі пайдалануға берілді. Осылайша кәсіпорын шағын катерлерден анағұрлым күрделі теңіз кемелерін жасауға көшті. Одан кейінгі жылдары шекара қызметіне арналған жаңа кеме, катерлерді жасауды жалғастырды. «FC-19» жобасы бойынша «Найза», «Егемен», «Қалқан», «Нұрлы жол» және «Ратмир» атты бес катер шығарылды. Олар Қазақстанның мемлекеттік шекарасы мен биологиялық ресурстарын қорғау міндеттерін орындауға арналды. 2014 жылы «Айбар» жобасындағы бас патрульдік кеме суға түсіріліп, «Қарағанды» атауын алды. Бұл жоба бұрынғы кемелерді жасау мен пайдаланудан жинақталған тәжірибені жаңа техникалық шешімдермен ұштастырды. 2021 жылы екінші кеме «Түркістан» атауымен суға түсірілді. Ал 2025 жылы тапсырыс берушіге берілген үшінші кеме «Семей» деп аталды.
2021 жылы «Қайсар» жобасындағы екі шекара катері суға түсірілді. Олар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне арналған мемлекеттік тапсырыс аясында жасалды. «Зенит» арнайы мақсаттағы кемелерді әзірлеп, жасау тәжірибесін жинақтады. 2016 жылы Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен суасты диверсиялық күштері мен құралдарына қарсы іс-қимылға арналған жаңғыртылған катер жасалды. Бұл кәсіпорынның сериялық өндірістен бөлек нақты міндеттерге бейімделген арнайы техника жасауға да қабілетті екенін аңғартты. Осы жобалардың барлығы бір-бірімен сабақтасып, зауыттың кәсіби тәжірибесін байытты.
Басты міндет – әлеуетті сақтау және дамыту
Кәсіпорынның алдында өткен тәжірибені сақтап қана қоймай, оны жаңа міндеттерге бейімдеу мақсат-мұраты қойылған. Оның болашағы ең алдымен тұрақты тапсырысқа, өндірістік жүктемеге, білікті мамандарды сақтауға және техникалық жаңаруға байланысты екені мәлім. Кеме жасау зауыт жұмысының маңызды бағыты болып қала береді. Сонымен қатар кәсіпорын металл құрылымдары, резервуарлар, сыйымдылықтар мен құбыр бұйымдарын дайындау, бөлшектер мен арнайы құралдар жасау, ірі габаритті жабдықтарды жөндеу, зертханалық зерттеулер жүргізу және сапаны бақылау бағыттарында да тәжірибеге ие. Мұнай-газ саласына қажет күрделі тапсырыстарды орындау да өндірістік әлеуетті пайдаланудың бір жолы ретінде қарастырылады.
– Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы еліміздегі қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Қорғаныс тапсырыстарын орындайтын зауыт ретінде мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет өнім түрлерін шығаруға үлесімізді қоса береміз. Биылға және алдағы жылға да тапсырыс бар. 2027 жылы инвестиция тартып, кәсіпорынды жаңартуға, техника мен құрал-жабдық алуға жоба жасақтаудамыз. Жаңа технологияларға бет бұрып, мысалға, кемелерге дрон орнату ісін қолға алдық. Алдағы жылы Ресейге шағын катер мен кемелерді экспортқа шығару қарастырылуда, – деді «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Әлижан Төлембаев.
Зауыт тарихы өндірістік табыстың артында әрдайым адам еңбегі тұратынын аңғартады. Қазір зауытта 600 адам еңбек етеді. Тәжірибенің молдығы, білікті инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың болуы өндірістің болашағының кемел болатынына сендіреді. Өндіріске жобалаудың заманауи әдістерін енгізу байырғы зауытты уақыт көшінің шаңына қалдырмайды.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»