28.10.2026, 9:00
Оқылды: 9

Игілік инвестициясына бет бұру: Қаланы көркейтуге кәсіпкерлер де кірісті

 

Кәсіпкерлердің әлеумет алдындағы парызына жауапкершілікпен қарауы, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және қоғамдық кеңістіктерді дамыту – қала келбетін жаңартудың өзара сабақтас бағыттары. Оралда жергілікті бизнес өкілдерінің қаржысына салынған саябақтар мен демалыс орындары осы істің  нақты  көрінісіне айналып келеді. 

DSC01105

Қаланы абаттандыру жобаларына әу бастан он екі кәсіпкер ниет еткен екен. Таяуда тағы да екі инвестор табылды. Олар өз қаражатына қаланың түрлі аумағында тұрғындарға арналған демалыс нысандарын пайдалануға беруге атсалысты.

Тұрғындарға қажет инфрақұрылымның бір бөлігін жеке қаражат есебінен жасау қала бюджетіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Ал мемлекет қаражатын өзге де кезек күттірмейтін әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға мүмкіндік туады.

DSC01070

Әрине, бұл бизнестің үлесі бюджет қаражатын толық алмастырады деген сөз емес. Қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау, жөндеу, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді міндеттерді қала әкімдігі мен тиісті қызмет секторы жүйелі түрде үйлестіруге тиіс. Дегенмен бизнестің бастамаға ерікті түрде қаржы бағыттауы – шаһардағы шағынаудандарды дамытудағы  қосымша  әрі  тиімді  тетіктің  бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігіне айрықша мән беріп келеді. Президенттің пайымынша, бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігі қайырымдылықпен ғана шектелмей, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосуымен де өлшенеді. Ал туған жерге деген сүйіспеншілік оны көркейтуге бағытталған нақты істерден көрініс  табуы керек.

DSC01102

Әлеуметтік әріптестік

Көшелерді абаттандыруға кәсіпкерлерді тарту тәжірибесі бұған дейін Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында жүзеге асқан. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев осы бастаманы қолға алуды ұйғарған. Ұтымды ұсыныс облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауына ие болды.

– Біздің елде туған жерінің көркеюіне бейжай қарамайтын, қолынан келгенше көмектесуге дайын азаматтар аз емес. Сол кәсіпкерлердің басын қосып, қаланы абаттандыруға бірге атсалысуға шақырдық, жаңа істің мәні мен мақсатын түсіндірдік. Алғашқы кездесудің өзінде 12 кәсіпкер игі істі қолдайтынын білдірді. Одан кейін абаттандыруды қажет ететін аумақтарды анықтап, жобаларды жүзеге асыру үшін коммуналдық мекемелермен келісіп, құрылысқа қажет рұқсаттарды алдық, – дейді Жандос Асхатұлы.

DSC01077

DSC01092

Маусым айында басталған жұмыс Қала күніне дейін аяқталуы керек болды. Қала әкімдігі кәсіпкерлерге абаттандырылатын аумақтарды ұсынып, жаңа нысандардың алдын ала әзірленген сызбаларға сәйкес салынуына басымдық берді. Мұндағы мақсат – әр нысанның қоршаған ортамен үйлесім табуына және қаланың сәулеттік келбетінің сақталуына жағдай  жасау.

Бастамаға «Талап» АҚ, «СВС Батыс», «Болашақ – Т», «ALIM Construction», «BAITEREK Construction LLP», «Стройкомбинат», «Наурыз», «A-GROUP BUILDING», «Қалдығайты», «УЕС» секілді компаниялар, сондай-ақ «Ткалун А.М», «Кублей», «Давлетов» және «Style trade Kazakhstan» ЖШС-лары қолдау  көрсетті.

DSC01079

Соның нәтижесінде Құрманғазы, С. Тюленин, Н. Назарбаев, Х. Есенжанов және С. Датұлы көшелерінде, Абай даңғылында, Жастар аллеясында, Сейфуллин атындағы тынымбақта, Солтүстік-шығыс шағынауданда және басқа да аумақта қоғамдық кеңістіктер жаңарып, тұрғындардың демалуына қолайлы орындар пайда болды.

Мұндай әріптестіктің тиімділігі бірнеше қырынан көрінеді. Біріншіден, қаланы абаттандыруға жұмсалатын қаржы көздері көбейеді. Екіншіден, мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл нығаяды. Үшіншіден, кәсіпкерлердің туған қаласын көркейтуге құлшынысы артып, іскерлік мәдениет жаңа сипатқа ие болады.

Ең бастысы, мұндай жобалардың нәтижесі керемет екеніне тұрғындар көз жеткізеді. Жаңа демалыс орындары қаланың бос жатқан немесе абаттандыруды қажет ететін аумақтарын жандандырып, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттырады.

DSC01096

Кәсіпкерлік  табыстың қоғамға қайтарымы

Бизнес өкілдерінің бұл іске атсалысуының астарында туған жерге деген жанашырлықпен қатар, қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс жатыр. «BAITEREK CONSTRUCTION» ЖШС-ның директоры Абылай Бақтығалиевтің айтуынша, Оралда тұрып, осы жерде кәсіп жүргізіп отырған соң, туған қаланың дамуына  үлес  қосу маңызды.

– Кәсіпкерлік тек табыс табу емес, қоғамға пайда әкелу деп түсінемін. Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 221 мекенжайының маңына тұрғындарға жайлы болсын деген ниетте сквер салуды қолға алдым. Бұл шағын болса да, өз қалама жасаған нақты көмегім деп білемін. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларға атсалысуға дайынмын, – дейді кәсіпкер.

«A-GROUP BUILDING» ЖШС өкілі Әуез Шайманов та кәсіпкерліктің міндеті коммерциялық табыспен шектелмеуге тиіс екенін атап өтті. Компания Құрманғазы көшесіндегі №177 және №179 үйлердің аралығындағы аумақты абаттандырып, тұрғындарға арналған шағын саябақ салуға 8,5 млн теңге қаражат бағыттаған. Жоба аясында шағын сәулет нысандары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жасалды. Бұрынғы сұр аумақ тұрғындар тынығатын орынға айналды.

Бұл мысал жеке кәсіпкерлер қаржысының қоғам игілігіне қалай бағыттауға болатынын көрсетеді.

Егер осындай жобаларды тек жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыру қажет болса, оған арнайы қаражат қарастыру, жобалау, сатып алу және құрылыс жұмысын ұйымдастыру керек болар еді. Ал кәсіпкер өз қаражаты мен бастамасы себебінен осы міндеттің біраз бөлігін өз мойнына алып отыр. Осыған ұқсас бастаманы «AlimConstructionLTD» ЖШС да жүзеге асырды. Компания директоры Досжан Биккужиев Қала күні қарсаңында 4-шағынаудандағы №41 мектеп-гимназияның маңында тынымбақ салуға шешім қабылдаған.

– Жобаны өз қаржымызға жүзеге асырып, бар болғаны екі айдың ішінде аяқтадық. Бұл – бір күндік науқан емес, қалаға деген жанашырлықтан туған бастама. Балалар мектепке келгенде, тұрғындар серуендегенде, таза әрі жайлы жерде тыныстаса – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Бизнесіміздің пайдасын осы қаладан көріп отырсақ, оның дамуына да өз тарапымыздан үлес қосуымыз керек деп ойлаймын, – дейді Досжан Биккужиев.

Үш кәсіпкердің мысалынан ортақ ұстанымды байқауға болады.

Олар қаланы абаттандыруды сырттан бақылап қана қоймай, нақты іске кірісті. Бизнестің қоғам үмітін ақтай алатынын дәлелдеді.

Әрине, әлеуметтік жауапкершіліктің ерікті сипатта болғаны маңызды. Кәсіпкерлердің қоғам ісі мен қайырымдылық жобасына қатысуы мәжбүрлеуге емес, өзара сенімге, ашық келісімге және ортақ мақсатқа негізделуге тиіс. Сонда ғана мұндай бастамалар бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді әріптестікке  ұласады.

Жаңа  жобалар  бар

Оралдағы абаттандыру жұмысы алдағы жылдары да жалғасын таппақ. Қала әкімдігі кәсіпкерлердің қолдауымен салынатын демалыс орындарының санын 25-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда тағы он шақты компания бастамаға қосылуға келісім берген. Кейбір компания жаңа жобаларын жүзеге асыруға кірісіп те кетті.

Жоспар бойынша Н. Назарбаев даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысына «Қазақстан Халық банкі» АҚ ерекше үлгідегі сағат орнатуға бастама көтерді. Нысан құрылысын Республика күніне дейін тәмамдау көзделген. Сондай-ақ Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру, ескі шіркеу маңында демалыс орнын ашу, Курени ауданында қараусыз қалған орман алқабына экосаябақ салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асса, тұрғындардың табиғат аясында тынығуына мүмкіндік көбейіп, қаланың жасыл аймағында креатив көрініс табады.

Келер жылы 1856 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық саябақты жаңғырту да көзделген. Оның сәулеттік келбетін XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы стильге сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бұл – Оралдың тарихи болмысын сақтай отырып, қоғамдық кеңістіктерді заман талабына сай дамытуға бағытталған қадам.

Жаңа жобалардың Деркөл мен Зашаған кенттерінде де жүзеге асқаны маңызды. Қаланың дамуы тек орталық көшелердің көркеюімен өлшенбеуге тиіс. Шеткері аудандардағы тұрғындардың да сапалы қоғамдық кеңістіктерге қол жеткізуі – жайлы қала ретінде дамудың басты шарттарының бірі. Егер кәсіпкерлердің бастамалары осы аумақтарда да жалғасын тапса, абаттандыру жұмысының ауқымы кеңейе түседі. Бұл ретте жобаларды таңдауда тұрғындардың нақты сұранысын ескеру, салынған нысандардың сапасын сақтау және олардың кейінгі күтімін ұйымдастыру да назардан тыс қалмауы керек.

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту тек құрылыс жұмысымен аяқталмайды. Саябақтың тазалығы, жарықтандырудың жарамдылығы, көгалдардың күтімі және нысандардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауды қажет етеді. Сондықтан кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасындағы әріптестік нысандарды күтіп ұстауға ке-пілдік  берген  де жөн.

Түгелбай Бисен,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале