28.10.2026, 15:15
Оқылды: 10

Ауылдың ажарын ашқан әсем қақпа

Бәйтерек ауданының Көшім ауылдық округіне қарасты Өркен ауылында көпшіліктің көңілін қуантқан ерекше оқиға болды. Ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елді мекеннің кіреберісіне сәнді қақпа орнатып, оның салтанатты ашылуын өткізді.

5e191fdc-b9e5-4d4e-b418-f3e2cf6a4b4f

Ауылға кірген беттен жол бойындағы ақшаңқан киіз үйлерді байқадық. Айналаға мерекелік көңіл күй орнап, ауылдың үлкен-кішісі осы қуанышты сәтті бірге атап өтуге жиналған екен. Бірі қазан көтеріп, бірі бауырсақ пісіріп, енді бірі қонақтарды қарсы алуға қамданып, қуанып жүр. Қазақы дәстүрге тән қонақжайлық пен ақжарма көңіл осы күннің ажарын аша түскендей.

Салтанатты іс-шараға Бәйтерек ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқатаев, Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Әлмурзин және ауыл тұрғындары қатысып, ақжарма тілегін арнады.

b6af71fa-6d51-4546-b0d6-bffa60eb6939

Ауылдың ажарын ашып тұрған сәнді қақпаның салынуына ауылдың бір топ азаматы бастамашы болған. Әу баста бірнеше жігіт бас қосып, туған ауылдың кіре-берісін көркейту жөнінде ақылдасады. Сөйтіп, көктемнің басында қолға алынған іс мамыр айында нақты жұмысқа ұласады. Қаржы жинаудан бастап, құрылыс жұмысына дейін ауыл азаматтары өзара келісіп, бірлесе атқарады. Бірі қаражатымен көмектессе, енді бірі қолынан келген жұмысын жасап, ортақ іске үлес қосады.

«Бұл идея бес-алты жігіттің бас қосып, ақылдасуынан басталды. Шаруа қожалықтары 150 мың теңгеден, ауыл тұрғындары 50 мың теңгеден қаржы қосты. Қазір ауылда тұрмаса да, кезінде осында тұрған, ауыл мектебінде оқыған азаматтар да шет қалмай, қолдау көрсетті. Ешкім еңбегіне ақы сұраған жоқ. Қақпаның ою-өрнектерін жасауға көп уақыт кетті. Ауылымызда 70 үй бар, соның басым бөлігі осы іске қатысты», – дейді бастамашылардың бірі Сәлімжан Саққазов.

Мұндай бастаманың тағы бір ерекшелігі – ауылдан жырақта жүрген азаматтардың да ортақ іске атсалысуы. Бір кездері осы ауылдың мекте-бінде білім алып, көшесінде асыр салып өскен жандардың туған жеріне қолұшын созуы – ауылға деген ерекше ықыласты аңғартқандай.

Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Әлмурзин де Өркен ауылы тұрғындарының ауызбіршілігін ерекше атап өтті.

«Көшім ауылдық округі ауданымыздағы ірі округтердің бірі. Атырау тасжолының бойында орналасқан округтің құрамында алты елді мекен бар. Соның ішінде Өркен – қазақы дәстүрі мен ауылдық болмысын сақтап отырған елді мекендердің бірі. Мұнда 2023 жылдан бері бірқатар жақсы жұмыс атқарылды. Жаңа мектеп салынды, жол жөнделді, медициналық пункт ашылды, таза ауыз су жеткізілді. Енді, міне, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының арқасында ауылға осындай әдемі қақпа орнатылды. Ауылдың дамуына, көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығымыз шексіз», – деді ол.

Салтанатты іс-шарадан соң ауыл тұрғындары мен қонақтар ақшаңқан киіз үйде жайылған ақ дастарқанда бас қосты. Ауыл өнерпаздары ән шырқап, ұлттық мереке қарсаңындағы игі бастаманы ерекше атап өтті. Бұл күні өркендіктер жаңа қақпа тұрғызу арқылы ауылдың кіреберісін көркейтіп қана қоймай, өзара сыйластық пен ынтымақтың ерекше үлгісін көрсетті. Ауылдың жол бойындағы сәнді қақпа енді Өркен ауылына келген қонақты қуана қарсы алып, туған жерін сағынып оралған перзенттеріне ыстық сезім сыйлайтын нышанға айналары сөзсіз.

«Көшім ауылдық округінде қандай жұмыс жасалуда?» деген сұрақты Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Әлмурзинге қойған едік. Өйткені бірнеше шақырымды артқа тастап келгесін хат қоржынымыз құр қайтпасын деген ниетпен ауылдың тыныс-тіршілігі туралы біраз жайтты оқырман назарына ұсынғымыз келді.

Көшім ауылдық округіне Үлкен Шаған, Көшім, Колесово, Кіші Шаған, Ақсу және Өркен ауылдары кіреді. Алты елді мекенде 1267 аула бар, 4391 адам тұрады. Бұл – шаруашылығы өркендеген, кәсіпкерлігі дамып, ауыл тіршілігі қайнап жатқан өңірлердің бірі. Округте 98 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 56 шаруа қожалығы, 37 жеке кәсіпкер және 5 ЖШС бар. Бұл шаруашылықтарда 217 адам еңбек етеді.

Ауыл экономикасының негізгі тірегі – мал шаруашылығы мен кәсіпкерлік. 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, округтегі ірі қара саны 4116 басқа, қой-ешкі 8314 басқа, жылқы 1213 басқа жеткен. Сонымен қатар 4051 құс тіркелген.

Соңғы жылдары округке инвестиция тарту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. 2025 жылы жалпы құны 370 миллион 588 мың теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асқан. Соның ішінде 290 миллион теңгеге «Семсер Өрт сөндіруші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өрт сөндіру бөлімшесі ашылды. Бұған қоса, әкімдіктің негізгі құрал-жабдықтарына 11 миллион 658 мың теңге жұмсалып, шаруа қожалықтары 68 миллион 930 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Ғарифоллаұлының айтуынша, кәсіпкерлік саласы да жақсы дамып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мәліметке сәйкес, округте 33 дүкен, 5 қоғамдық тамақтану орны, аутокешен, аутожөндеу орталығы, дәріхана, тұшпара және кондитерлік өнімдер шығаратын цех, екі жанармай құю стансасы мен бір газ құю стансасы жұмыс істейді.

Кәсіп ашып, елге қызмет етуді мақсат еткен азаматтардың қатарында Колесово ауылының тұрғыны Марат Ғұмаров та бар. Ол 2025 жылдың шілде айында Үлкен Шаған ауылынан өз қаражатына 17 миллион теңге инвестиция салып, «Ассорти» ет дүкенін ашқан. Сондай-ақ «Руф» шаруа қожалығы жылыжай кешенін іске қосқан. Ал кәсіпкер Марина Яковлева Үлкен Шаған ауылынан шаруашылық дүкенін ашып, бес адамды жұмыспен қамтыған.

Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да үлесі салмақты. 2025 жылы Үлкен Шаған мен Колесово ауылдарының тұрғындары осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алған. Мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу бағытында жоспарланған 11 жобаның сегізі жүзеге асырылуда. Оның екеуі ауыл шаруашылығы техникасын алуға, алтауы мал шаруашылығын дамыту мен құс өсіруге бағытталған.

6705fe67-5706-4e95-bd79-80e18947a7d1

2025-2026 жылдары бағдарлама аясында көкөніс, бақша шаруашылығы мен құс өсіруге 36,7 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, «Өркен плюс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 31 миллион 500 мың теңгеге техника алуды жоспарласа, «Колесово» кооперативінің томат өндіру және сүт өңдеу бағытындағы жобасының құны 300 миллион теңгені құрайды.

Ауылдың өркендеуі тек экономикамен өлшенбейді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру да маңызды. Бұл бағытта Көшім ауылдық округінде бірқатар жұмыс жасалуда.

Бүгінде округтің барлық алты елді мекені табиғи газбен қамтылған. Көшім мен Үлкен Шаған ауылдарына 2017-2020 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауыз су жеткізілген. Қазіргі таңда Көшім ауылында ауылдық клубтың құрылысы жүріп жатыр.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале