28.10.2026, 14:30
Оқылды: 10

Казталов ауданы: Ақпәтерде кәсіпкер қызметкеріне жаңа үй сыйлады

Ақпәтер ауылының байырғы тұрғыны, еселі еңбегімен елге танылған кәсіпкер, белгілі меценат, «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Хасанов ұзақ жылдар бойы аталмыш шаруашылықта адал еңбек етіп, өзінің қамқоршысына айналған қызметкеріне тұрғын үй салып, жаңа баспананың кілтін табыс етті. 

image-28-10-26-12-21-2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал еңбегімен ерекше көзге түскен азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыруда. Әсіресе, халықтың әлеуметтік топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне жағдай жасауымыз керек» – деген болатын.

image-28-10-26-12-21-4

Осыған орай Республика күні мен Ауылшарушылық күні мерекелері қарсаңында атымтай жомарт атанған іскер басшысының арқасында жаңа пәтерге қол жеткізіп отырған «Ер-Қожа» шаруа қожалығының механизаторы Ақжан Сейдханов  мен оның отбасы үлкен қуанышқа бөленді.

image-28-10-26-12-21

- Мен, Ақжан Әлімжанұлы «Ер-Қожа» шаруа  қожалығында 2019 жылдан бері механизатор, тракторшы, болып еңбек етіп келемін. Қызметім жаман емес, өзіме ұнайды. Адал еңбегімді жоғары бағалап, жаңадан тұрғызылған тұрғын үйдің құрлысын өз қаражатына заманауи үлгіде салып берген «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі Самат ағама алғысым шексіз. Отбасы құрамында нағашы атам Халиолла Төлешов, анам Гүлнәр Құмарғалива, жолдасым Салтанат Сапарова мен Інжу, Айзере атты қос қызым бар. Қос мереке алдындағы баспаналы болған қуанышымызға ата, ана, туыстарымыз да дән риза. Самат ағамыздың кәсібі алға өрлей берсін, - дейді қуаныш иесі Ақжан Әлімжанұлы.

image-28-10-26-12-21-3

Республика күні мен Ауылшарушылық күні мерекесі қарсаңында тұтас отбасы мүшелерін зор қуанышқа бөлеген баспаналы қоныс той құтты болсын!

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале