29.10.2026, 11:15
Оқылды: 7

Қариялар үйіндегі қамқорлық

Қарттар үйі дегенде көпшіліктің көз алдына жалғыз қалып, қоғамнан оқшауланған қарт адамдардың бейнесі елестеуі мүмкін. Алайда уақыт өзгерген сайын мұндай мекемелердің міндеті де жаңаша сипат алып келеді.

DSC04893

Бөрлідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарттардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ғана емес, олардың көңіл күйі мен күнделікті өмірінің мәнді өтуіне де ерекше мән беріледі. Бүгінде басты мақсат – егде жастағы адамды жай ғана күтіп-бағу емес, оның денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғаммен байланысын үзбеуіне жағдай жасау және күнделікті өмірін мүмкіндігінше мазмұнды ұйымдастыру.

DSC04890

Бөрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жұмыстың негізгі бағыты да осыған саяды. Орталық басшысы Кенжин Асылбектің айтуынша, мұнда қызмет алушыларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық және еңбек бағыттарын қамтитын кешенді көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта 51 адам тұруға есептелгенімен, нақты 48 қызмет алушы бар. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Ең жасы 1989 жылы туған азамат болса, мұнда 95-96 жастағы қариялар да бар.

Түрлі тағдыр тоғысқан бұл ортада өмірдің талай сынағын бастан өткерген жандар бар. Олардың арасында әлеуметтік мекемеде танысып, бір-бірінен сүйеніш тауып, шаңырақ көтерген отбасылар да кездеседі. Орталық тұрғындарымен тілдесу барысында олардың мұнда жасалған жағдайға көңілдері толатынын аңғардық. Өздерінің айтуларынша, күнделікті ыстық тамақ дайындалып, жыл мезгілдеріне сай киімдермен және төсек-орынмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мамандар да әрқайсысына көңіл бөліп, қолдан келгенше қамқорлық танытады. «Осының өзі бізге жеткілікті» дейді біз тілдескен қариялар. Ал тағы бір әже «Мұнда бәрі жақсы. Мамандар да бізді уақытымен қарап, дәрігерге апарып, көмек көрсетеді. Бірақ үйіңдей қайдан болсын?»  деп жылап қалды.

4979a3e8-1d06-431c-b46c-81cd31066e30

Денсаулық – басты назарда

Жасы егде, мүмкіндігі шектеулі адамның денсаулығы тұрақты бақылауды қажет етеді. Сондықтан орталықтағы медициналық қызмет те жүйелі жолға қойылған.

– Мамандандырылған дәрігер мен аға мейірбикенің кабинеттері қажет құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Күнделікті кезекшілік барысында қызмет алушылардың қан қысымы мен дене қызуын өлшеп, жалпы жағдайын бақылауда ұстаймыз. Егер сырқаттанып қалған жағдайда, медициналық мекемеге барып, тиісті ем алуына көмектесеміз. Дәрі-дәрмектерді уақтылы әрі дұрыс қабылдаудың да маңызы зор. Сондықтан ай сайын қызмет алушыларға дәрілік препараттардың адам ағзасына әсері, оларды дәрігер белгілеген уақытта қабылдаудың қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма 15 жылдан асты. Күн сайын таңертең қызмет алушылардың жағдайын тексеріп, аралап шығамын. Қажет болған жағдайда аудандық және облыстық деңгейдегі дәрігерлердің қабылдауына жаздырамын. Өзіміздің терапевт және невропатолог дәрігерлеріміз бар. Олар аптасына екі-үш рет келіп, үлкен кісілердің денсаулығын тексеріп тұрады. Қарияларға қамқорлық жасап, олардың көңілінен шығу, дендерінің саулығына үлес қосу бізге күш-қуат береді. Олардың әрқайсысының амандығы мен жай-күйі біз үшін маңызды, – дейді аға мейірбике Тауилия Сапақызы.

ЖАНҒА ДЕМЕУ, КӨҢІЛГЕ МЕДЕУ...

Адамның денсаулығы тән мен жанның үйлесімінен тұрады. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін жылы сөз, әңгіме-дүкен құру, өз ойын еркін жеткізу мүмкіндігі аса маңызды. Орталықта қызмет алушылармен жеке және топтық психологиялық жұмыс тұрақты жүргізіледі. Психологтар олардың көңіл күйін бақылап, қажет болған жағдайда кеңес береді. Арнайы күнделік арқылы көңіл күйіндегі өзгерістер де назарда ұсталады. Өзіне сенімсіздік танытатын, мазасызданатын немесе жеке әңгімелесуді қажет ететін адамдармен арнайы жұмыс ұйымдастырылады. Жаңадан келген қызмет алушылармен танысу, психодиагностика және психокоррекциялық жұмыс жүргізіліп, олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсетіледі. Психологиялық жұмыстың мазмұны да әр алуан. Қызмет алушыларға «Көңілді шеңбер», «Сіз жалғыз емессіз», «Менің көңіл күйім», есте сақтау қабілетін арттыруға арналған жаттығулар, «Достық шеңбері», «Көңілді әндер», «Эмоцияны реттеу тәсілдері» секілді жұмыс жалғасын тапқан. Сурет салуға негізделген арт-терапия, қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған жаттығулар, күйзелістен арылу, босаңсу және демалу тәсілдерімен бірге психогимнастикалық және тыныс алу жаттығулары, би терапиясына да ерекше мән  беріледі.

дене шыныктыру

– Қызмет алушылардың психологиялық жай-күйіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені адамның көңіл күйі, өмірге деген көзқарасы мен ішкі тыныштығы оның жалпы денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрқайсысымен жеке сөйлесіп, жан дүниесін түсінуге, мазалаған мәселелерін тыңдап, қолдау көрсетуге тырысамын. Кейде адамға көп нәрсе қажет емес, тек мұңын тыңдап, жылы сөз айтып, көңіл бөлудің өзі үлкен демеу болады. Қариялармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың әрқайсысының өмірлік тәжірибесі, мінезі мен тағдыры әртүрлі. Сол себепті әр адамға жеке тұлға ретінде қарап, сенімді қарым-қатынас орнатуға мән береміз. Сонымен қатар қызмет алушылардың бір-бірімен араласып, ортақ іс-шараларға қатысуына, өздерін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеміз. Ең бастысы – олардың өздерін жалғыз сезінбеуі, көңіл күйі-нің көтеріңкі болуы және өмірге деген қызығушылығын жоғалтпауы маңызды. Қариялардың жүзінен күлкі көріп, көңілдерінің жайланғанын байқау жұмысыма деген ынтамды арттырады. Олардың жанынан табылып, қолдау көрсету – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді мекеме психологі Данагүл Рахимова.

Қарттық немесе әлеуметтік мекемеде тұру адамның қоғамға қажеттілігін жоғалтты деген сөз емес. Керісінше, қолынан келетін іске араласу адамның өзін пайдалы сезінуіне мүмкіндік береді. Сондықтан орталықта қызмет алушылардың бұрынғы тәжірибесі мен қызығушылығына қарай еңбек етуіне жағдай жасалған. Олардың кейбірі аяқ киім жөндеу жұмысымен айналысса, енді бірі тапсырыс бойынша және көрмелерге арнап шұлық, қолғап, тоқылған кілемшелер дайындайды. Қыс мезгілінде ер-азаматтардың біразы өз еркімен аумақты қардан тазалауға да көмектеседі.  Бұл жұмыстың материалдық нәтижесінен гөрі адамға берер рухани әсері маңыздырақ. Мамандардың айтуынша, орталықта қызмет алушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік қарастырылған. Бұл жерде бақша егіп, өздері ұнататын іспен айналысатындар бар. Денсаулығы мен мүмкіндігіне қарай қызмет алушылардың дүкенге барып, қайта келуіне де жағдай жасалады. Мұндай еркіндік адамның дербестігін сақтауға ықпал етеді. Өйткені әлеуметтік мекеме деген ұғым адамның барлық таңдауынан айырылуы дегенді білдірмеуі тиіс. Керісінше, қа-уіпсіздік талаптарын сақтай отырып, адамның өзіне қолайлы өмір салтын жалғастыруына мүмкіндік беру – әлеуметтік қызметтің маңызды қыры.

087e7b28-0424-4817-bd53-c081801237bb

Қариялар үйіне  кімдер қабылданады?

Қоғамда «Баласы бар адам қарттар үйіне орналаса ала ма?» деген сұрақ жиі кездеседі. Бұл ретте қазіргі әлеуметтік заңнамада арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларға қойылатын талаптар нақты  белгіленген.

– Облысымызда қазіргі таңда 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Қарттарға арналған әлеуметтік мекемелер Тасқала, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында және Орал қаласында орналасқан. 2019 жылдан бастап неке және отбасы заңнамасына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке қабілетсіз, өздігінен күтім жасай алмайтын қарт ата-аналарына қамқорлық көрсетуге міндетті деген талап қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты балалары бар қарт азаматтарды әлеуметтік мекемелерге орналастыру мәселесі заң талаптарына сәйкес қарастырылады. Ал бұрын мұндай мекемелерге ақылы негізде орналастыру мүмкіндігі де болған. Көп жағдайда балалары жоқ, тұрақты тұрғылықты мекені анықталмаған азаматтар бейімдеу орталықтарына орналастырылады. Бұл орталықтар өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Егер азамат орталықта болған кезеңде алты ай ішінде мүгедектік мәртебесін алса, оның жағдайына қарай тиісті әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, әрі қарайғы күтімі мен қолдауы ұйымдастырылады, – деп атап өтті Бөрлідегі қариялар үйінде жұмыс бабымен жүрген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  басшысының орынбасары  Жақсылық  Абдолов.

Орталықта қызмет алушылардың тұрмыстық жағдайына айрықша көңіл бөлінеді. Санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес жуыну бөлмесін пайдаланады. Киім-кешек пен төсек жабдықтарын жуу, кептіру, үтіктеу, қажет болған жағдайда зарарсыздандыру жұмысы ұйымдастырылған. Төсек-орын тыстары жеті күнде бір рет, сондай-ақ қажеттілік туындаған жағдайда тағы  ауыстырылады. Жеке күтім де назардан тыс қалмайды. Қызмет алушыларға айына бір рет шаш қию, аптасына бір рет тырнақ алу қызметтері көрсетіледі. Мұның бәрі сырт көзге күнделікті атқарылатын қарапайым шаруа секілді көрінгенімен, оның ар жағында әлеуметтік орталықтағы мамандардың  еселі  еңбегі  тұр.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале