28.10.2026, 17:00
Оқылды: 9

Білімді жастар – қуатты Қазақстанның негізі

 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен тыңдадық. Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, ғылым мен технологияны өркендету, сондай-ақ болашақ ұрпақтың игілігі үшін атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.

IMG_8733.JPG

Президент қазіргі буынның басты міндеті – жастарға жай жоспарлар мен тұжырымдарды емес, экономикасы қуатты, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі орныққан жасампаз Қазақстанды қалдыру екенін атап өтті. Бұл – барша қазақстандықтарға, әсіресе білім беру саласының қызметкерлеріне жүктелген үлкен жауапкершілік.

Мемлекет басшысының білім мен ғылымға негізделген қоғам құру туралы пікірі жоғары білім беру ұйымдарының алдына жаңа міндеттер қояды. Бүгінгі студент тек кәсіби білімді меңгерген маман болып қана қоймай, жаңа технологияларды игерген, сыни ойлайтын, бастамашыл, еңбекқор және ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға болуы керек. Әсіресе, техникалық және өндірістік бағытта білім алып жатқан жастардың инновацияны дамытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және ел экономикасының нақты секторына үлес қосуға мүмкіндігі мол.

Жолдауда білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге де ерекше назар аударылды. Өңірлердің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін жан-жақты зерттеп, нақты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырма – жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар Президент білімді, белсенді және отаншыл азаматтардың ел дамуына қосар үлесіне үлкен сенім білдірді. Бұл сөздер студент жастарды білім алумен ғана шектелмей, қоғамдық өмірге белсенді араласуға, заң мен тәртіпті құрметтеуге, адал еңбек етуге және өз Отанының болашағына жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Индустриалды-технологиялық институт үшін Жолдауда белгіленген міндеттердің маңызы ерекше. Біздің негізгі мақсатымыз – еңбек нарығының талаптарына сай білікті мамандар даярлаумен қатар, студенттердің бойында отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және жаңашылдық қасиеттерін қалыптастыру. Сондықтан институттағы тәрбие жұмыстары кәсіби білім мен ұлттық құндылықтарды, технологиялық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілікті өзара ұштастыруға бағытталатын болады.

Президент Жолдауы – еліміздің болашағына арналған нақты бағдар. Онда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға әрбір білім беру ұйымы, әрбір оқытушы және әрбір студент өз үлесін қосуы тиіс. Білімді, саналы, отаншыл әрі бәсекеге қабілетті жастар – қуатты және өркениетті Қазақстанның берік негізі.

 

Жадыра Тасанова,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Индустриалды-технологиялық институт директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале