Елімізде жерді жай ғана мүлік немесе өндіріс құралы деп бағалап қоймай, топырағының сапасы мен құнарлылығы сақталуы тиіс стратегиялық ресурс ретінде қарастыратын жаңа құқықтық кезең басталды. Соңғы жылдары жер мәселесіне қатысты көзқарас өзгеріп келеді. Бұрын жер учаскесінің кімге және қандай жағдайда берілетініне басымдық берілсе, қазір оның қалай пайдаланылып жатқанына, топырақ жағдайына және келер ұрпаққа қандай күйде қалатынына ерекше мән берілуде. Осы мәселелер туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовпен әңгімелестік.

– Нұржан Ерболатұлы, жер саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.
– Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған «Топырақты қорғау туралы» заң. Онда Жер кодексіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін беру, пайдалану және бақылау тетіктері жаңартылды. Енді жер учаскесіне құқық алу жеткіліксіз. Оны нысаналы мақсатына сай тиімді пайдалану, топырақтың құнарлылығын сақтау және қабылданған міндеттемелерді орындау міндет. Бұған дейін топырақты қорғауға қатысты нормалар бірнеше кодекс пен салалық актілерде қолданылды. Жаңа заң топырақты қорғау саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерді бір құжатқа жүйеледі.
Заңға сәйкес жер иелері мен жер пайдаланушылар топырақты қорғау шараларын жүргізуге, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге жауапты болады. Топырақтық, мелиорациялық, агрохимиялық зерттеп қарау, бонитеттеу, мониторинг жасау үшін қажет жағдайды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінде тыңайтқышты ғылыми негізделген жүйемен енгізу, ауыспалы егісті сақтау талаптары белгіленді. Эрозияға қарсы технологияларды қолдану, топырақтағы ылғалды ұтымды басқару, ластану мен қайта сортаңданудың алдын алу жағы да ескерілді.
Енді жер белгілі бір көлемдегі аумақ ретінде ғана қарастырылмайды. Басты міндет – оның құнарлылығын сақтап, ауыл шаруашылығы өндірісіне жарамдылығын қамтамасыз ету.
– Облысымызда ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бағытында қандай жұмыс атқарылуда?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жер ресурстарын әділ әрі тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, саланы цифрландыру және пайдаланылмай жатқан жерлерді экономикалық айналымға қайтару мәселелеріне тұрақты назар аударады. Бұл міндеттердің негізгі мақсаты – жердің бір қолға шоғырлануына немесе формалды түрде иелік етуіне жол бермеу. Жердің қоғамға, ауыл тұрғындарына және нақты өндіріс жүргізетін шаруаларға қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Облыстың жалпы жер қоры 15 млн 133 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 7 млн 958 мың гектар. 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан 751 мың гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта оның 685 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Соның 467 мың гектары ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілсе, 204 мың гектары жергілікті тұрғындардың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға табыс етілді. Мемлекетке қайтарылған жерлерді есепке алу ғана емес, оларды қайтадан ел игілігіне беру және кейінгі пайдаланылуын бақылау да маңызды.
– Ауыл шаруашылығы жерлерін беру және ауыл тұрғындарын толғандыратын жайылым мәселесі қалай шешілуде?
– Мемлекеттік ауыл шаруашылығы жерлерін беру тетіктеріне де өзгерістер енгізілуде. Жер кодексіне сәйкес пайдалануға берілмеген мемлекеттік ауыл шаруашылығы жері шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін электронды конкурс арқылы беріледі. Былтырғы және биылғы жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді беру бойынша 71 конкурс өткізілді. Оның нәтижесінде жалпы көлемі 178 мың гектарды құрайтын 399 жер учаскесі шаруашылық субъектілеріне берілді. Ал 2027 жылға жоспарланған конкурстар электронды түрде өткізіледі.
Жайылымды бөлу кезінде жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарлары ескерілмек. Өйткені жайылым – ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына және мал шаруашылығының дамуына әсер ететін ресурс. Қазіргі кезде жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басының саны негізінде талдау жүргізілді. Оның нәтижесіне сүйенсек, өңірдегі жайылым жер тапшылығы 528 мың гектарды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін Орал қаласы мен 12 ауданның ауылдық және кенттік округтері бойынша бес жылдық жайылымдарды басқару жоспарлары әзірленіп, жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен бекітілді. Одан басқа 473 мың гектар жайылымдық және шабындық жер резервке қойылды. Көлемі 7 мың гектар жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылды, 4 мың гектар жер ауылдық округ әкімдерінің аппараттарына тұрақты пайдалануға берілді. Ал 135 мың гектар жайылым жер учаскесі жер-шаруашылық жобасы негізінде елді мекендер жері санатына ауыстырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерге жалпы көлемі 619 мың гектар қосымша жайылымдық және шабындық алқап берілді.
– Нұржан Ерболатұлы, жаңа заңнамада ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің паспортына да мән берілген. Оның маңызы қандай?
– Жаңа заңнама жер пайдаланушыларға қосымша талаптар жүктеумен шектелмейді. Сонымен бірге жер туралы ақпараттың ашықтығын арттыруға, конкурстық рәсімдерді цифрландыруға және жердің жай-күйін бақылауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Осындай маңызды құралдардың бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің паспорты. Бұл мүлдем жаңа институт емес. Бұған дейін де оған қатысты нормалар болды. Алайда заңнамадағы соңғы өзгерістер паспорттың маңызын арттырып, оны ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу мен басқарудың қазіргі жүйесімен байланыстырды.
Жер кодексінде жер сапасын есепке алу, топырақтық, мелиоративтік, агрохимиялық және геоботаникалық зерттеулер жүргізу, топырақтың бонитетін анықтау және ауыл шаруашылығы жер учаскелерінің паспорттарын әзірлеу қарастырылған. Осылайша жер учаскесі туралы мәліметтерді оның аумағы, шекарасы мен құқықтық мәртебесі туралы ақпаратпен шектемейді. Ауыл шаруашылығы өндірісінде жердің қандай топырақтан тұратынын, оның қазіргі жағдайын, қандай шектеулер барын және құнарлылығын сақтау үшін қандай шаралар қажет екенін білу маңызды.
Бұл мемлекет үшін де, жер пайдаланушы үшін де тиімді. Себебі мемлекет жер қорының сапасы туралы толық ақпаратқа ие болады. Ал шаруашылық жүргізуші өзіне берілген учаскенің ерекшеліктерін ескеріп, өндірісін дұрыс жоспарлайды.
– Жаңа заңнама жер пайдаланушыларға қандай міндеттер жүктейді?
– Бастысы мынау: жерді пайдалануға деген көзқарас өзгеруі керек. Жер учаскесін алу жұмыстың соңы емес, оны тиімді пайдалану мен сақтау жауапкершілігінің бастауы ғана. Жер пайдаланушы топырақтың жағдайын ескеруге, оны қорғау талаптарын сақтауға, құнарлылығының төмендеуіне жол бермеуге, заңнамада көзделген іс-шараларды орындауға және өз қызметінің нәтижелерін бақылауға дайын болуы керек. Ауыл шаруашылығы жері өндірістің, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтудың және азық-түлік қауіпсіздігінің негізі екенін ұмытпаған жөн. Өнімді бір маусымда жинауға болады, бірақ топырақтың құнарлылығы жылдар бойы қалыптасады. Оны жоғалтуға бірнеше қате шешім себеп болуы мүмкін. Топырақтың құнарлылығын қайта қалпына келтіруге әлдеқайда көп уақыт пен ресурс қажет. Сондықтан қазіргі жер саясатының мақсаты тек жер учаскесін кімге беру мәселесімен шешілмейді. Жердің бүгінгі жай-күйі, оның қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқаны және келер ұрпаққа қандай күйде қалатыны да маңызды.
Мемлекеттік құрылымдардың, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және әрбір жер пайдаланушының ортақ міндеті – жерді бүгін тиімді пайдаланып, келер ұрпаққа тоздырмай жеткізу.
– Өңірдегі жер қатынастарымен қатар, жер қойнауын пайдалану мәселесі де маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуде?
– Облыстық жер қатынастары басқармасы кең таралған пайдалы қазбалар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты уәкілетті құрылым саналады. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – табиғи ресурстарды заңды әрі тиімді игеруге жағдай жасау, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және өңірдің экономикалық дамуына ықпал ету. Қазіргі кезде өңірде кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 61 жер қойнауын пайдаланушы субъект және 85 жер қойнауын пайдалану нысаны бар. Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу, мұндай деректерді анықтау және оларға дер кезінде әрекет ету мақсатында 2026 жылы облыстың мүдделі мемлекеттік құрылымдарының қатысуымен арнайы алгоритм әзірленіп, бекітілді. Оған сәйкес, әрбір мемлекеттік құрылым заңнамада көзделген өз міндеттерін орындайды.
Жер қойнауын пайдалану ақылы негізде жүзеге асырылады. Ол үшін еліміздің салық заңнамасына сәйкес салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленуі тиіс. Жер қойнауын пайдалану құқығы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекспен реттеледі. Заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы бір, 2024 жылы алты, 2025 жылы бір заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 139-бабы бойынша әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылды. 2025 жылы бір заңды тұлғаның басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына тартылды. Бұдан бөлек, заңды тұлғаның басшысынан жер қойнауы ресурстарын заңсыз пайдаланғаны үшін мемлекет пайдасына 21 млн 873 мың 184 теңге өндірілді.
Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу және заң бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Қорыта айтқанда, жер ресурстарын тиімді пайдалану мен жер қойнауын игеру саласындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған. Жер мен жер қойнауын қорғау, оларды заң талаптарына сай игеру және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосу – алдағы уақытта да басты назарда болады.
Сұхбаттасқан: Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»