30.10.2026, 15:15
Оқылды: 8

Қаратөбелік әнші «Оралым – асыл қалам» байқауында топ жарды

Орал қаласында Батыс Қазақстан өңірінен шыққан дарынды ақын-композиторлардың әндерін орындаушылар арасында «Оралым – асыл қалам» атты ашық байқау өтті. Өңірдің өнерпаздары бақ сынаған тағылымды өнер додасында Қаратөбе ауданының намысын Шөптікөл ауылының тұрғыны, әнші Мереке Сағидуллин абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті.

Оралым - асыл қалам2

Батыс Қазақстан өңірінен шыққан дарынды ақын-композиторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау, ұлттық ән өнерінің қадыр-қасиетін дәріптеу, талантты орындаушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау және өнерге деген қызығушылығын арттыру – байқаудың басты мақсаты болды.
Өнер сайысына қатысушылар өздерінің орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, көрермендерге әсем ән мен әуезді сазға толы ерекше әсер сыйлады. Әрбір қатысушының өнері мен таланты сынға түскен байқауда Мереке Сағидуллин де өзінің дауыс ерекшелігімен, әнді нақышына келтіріп орындауымен және сахна мәдениетімен ерекшеленді.
Жерлесіміз Мереке Сағидуллин қазылар алқасының әділ шешімімен 24 жеке орындаушының арасынан суырылып шығып, І орынға ие болды. Жеңімпазға арнайы диплом табысталып, оның өнері жоғары бағаланды. Бұл жетістік – Мереке ағамыздың шығармашылық ізденісі мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, Шөптікөл ауылының мәдени өміріндегі қуанышты жаңалықтардың бірі.

Оралым - асыл қалам1
Сонымен қатар өнерпазды байқауға дайындап, оның шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосқаны үшін Шөптікөл мәдени-спорт кешенінің меңгерушісі Марат Тажаяқов Орал қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатовтың алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат – өнерпаздарды қолдап, ауыл мәдениетінің өркендеуіне еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлерінің жұмысына берілген лайықты баға.

Оралым - асыл қалам5
Өнер – ұлттың рухани байлығы, ал ән – халықтың жүрегіне жол табатын асыл қазына. Осындай байқаулар арқылы ұлттық өнеріміз ұлықталып, өңіріміздің талантты орындаушыларының шеберлігі шыңдала түседі. Ауыл өнерпаздарының үлкен сахналарда топ жарып, аудан абыройын асқақтатуы – мәдениет саласындағы жүйелі жұмыстың және шығармашылық ізденістің нәтижесі.
Мереке Сағидуллиннің бұл жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, Шөптікөл ауылы мен Қаратөбе ауданы үшін де зор мақтаныш.

С.Хасанов,
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале