30.10.2026, 18:00
Оқылды: 3

  35 сарбаз Талдықорғанға аттанды

 

Биыл қыркүйек айында ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырмасына сәйкес кезекті әскерге шақыру  науқаны басталды. Өткен аптада Талдықорған қаласындағы ҚР Қарулы күштерінің №18404 әскери бөлімі 37-інші десанттық-шабуылдау бригадасына өңірден 35 сарбаз әскерге аттанды. Әскерге шақырылғандарды шығарып салу салтанатына облыстық  әуе десантшылар ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәрлен Иманғалиев, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев, әскери қызметкерлер, сарбаздардың туыстары қатысты. 

WhatsApp Image 2026-10-23 at 14.55.53

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Мақсат Сәпеновтің мәлімдеуінше, әскерге биыл осымен үшінші топ аттанғалы тұр. Осыған дейін Қонаев қаласындағы 35-інші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы мен Ақтау қаласындағы теңіз флотына жас сарбаздар әскери борышын өтеуге жөнелтілді. Әскерге қабылданар алдында жас ұландар аудандық, қалалық және облыстық медициналық комиссиялардың тексеруінен өтеді. Сарбаздардың Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып, елге дін-аман оралуына олар қызмет ететін әскери бөлімнің командирі жауапты екенін тілге тиек етті.

Салтанатты іс-шарада ҚР Әнұраны шырқалды. Сөз кезегін алған Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары жас өрендерге ел алдындағы азаматтық парызды өтеудің маңыздылығын түсіндіріп, әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік жайында айтты. Сондай-ақ жас сарбаздарға ақ жол тіледі. Республика күні қарсаңында өткен іс-шарада аталмыш департамент басшысының орынбасары Мақсат Заманбекұлы бірқос әскери қызметкерді марапаттады. Олардың қатарында I дәрежелі «Абырой» төсбелгісіне ие болған Әлібек Сүндетбаев пен Мәрлен Иманғалиев бар. Мәрлен Ғилманұлы әскерге өз еріктерімен аттануға ниет білдірген сарбаздарға сәт сапар тілеп, бірлестік атынан сыйлық табыстады. Сондай-ақ отансүйгіштікке тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Жергілікті офицерлер Талдықорған қаласындағы әскери бөлімде қызмет ететін сарбаздардың жай-күйін апта сайын, ай сайын бақылауда ұстап отыратындарын айтып өтті.

WhatsApp Image 2026-10-23 at 14.55.54

Орал қаласының тұрғыны Гүлмира Ералиева Саят Мұханбетқали есімді ұлын әскерге шығарып салуға келген. Ол әскери борышын өтеуге кетіп бара жатқан сарбаздарға Отанға адал қызмет етіп, елге аман-есен оралуға тілеулес болды. Ал жас жауынгер Нұрғали Жанболат Тасқала ауданында дүниеге келіп, азамат болып, әскерге аттанып барады. Арнайы орта оқу орнын тәмамдаған соң, әскери сапқа қосылуға бел буған. Жас сарбаз өзімен бірге аттанған қаруластарына сәттілік тілеп, барлығының туған жерге, отбасына аман-есен оралуға ниеттес екенін білдірді.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасында 18-27 жас аралығындағы ер-азаматтар заңда белгіленген тәртіппен Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале