Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі, берекенің бастауы. Мал өсіріп, маңдай терімен несібесін тауып жүрген еңбек адамдарының ісі қашанда құрметке лайық. Бүгін Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нарөлген қыстағында орналасқан «Айдос» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Аталған шаруашылықтың негізін 2010 жылы еңбекқор да іскер азамат Тимур Дүйсенов қалаған еді. Шаруашылықтың қазығын қағып, мал басын көбейтіп, кәсібін дөңгелентіп отырған ағамызбен біз 2018 жылы танысқан болатынбыз. Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болып, елге үлгі болған азамат арамыздан ерте кетті. Дегенмен, артында қалған өнегелі жолы мен адал еңбегі бүгінгі ұрпағына аманат болып қалды.
«Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы дәл осы әулетке қарата айтылғандай. Тимур ағамыздың ұлдары бүгінде шаруашылықтың шашауын шығармай, әкенің ісін абыроймен жалғастырып келеді. Әсіресе, кенже ұлы Айдос Айтболатовтың еңбегі көзге түседі. Ол ағаларымен бірлесе отырып, қазіргі таңда шаруашылықта 250 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын және 600 бас еділбай қойын бағып отыр.

Шаруашылық басында біз Айдос Айтболатовпен жүздестік. Айдостың мамандығы – ветеринар. Жас маман алған білімі мен тәжірибесін туған жерінде кәдеге жаратып, асыл тұқымды мал өсіруді жүйелі түрде қолға алған.
— Біз асыл тұқымды мал басын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда қазақтың ақбас сиыры мен еділбай қойын өсірудеміз. Соның ішінде еділбай қойының аналықтарын асыл тұқымды қошқарлармен будандастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол үшін Жамбыл облысына арнайы барып, гиссар, арашан тұқымына жататын қошқарларды сатып алып әкелдік, — дейді жас шаруа.

Шаруашылықта тек ірі қара мен қой ғана емес, бәйгеге қосылатын жылқылар да бар. Солардың ішінде біздің назарымызды ағылшын тұқымына жататын тай аударды. Бұл сәйгүлік өткен жылы облыстық және аудандық бәйгелерде топ жарып, шаруашылықтың абыройын асқақтатқан.
Қазір ірі қара мал төлдеп жатыр. Қора ішіндегі бұзаулар асыр салып, ойнақтап жүргені көңіл қуантады. Камераны көрген бұзаулар жамырай мөңіреп, ыстық танауларымен иіскелеп, қызығушылық танытты. Бұл – асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының төлдері.
Мал шаруашылығында ең маңызды мәселелердің бірі – мал азығы. Осы жөнінде сұрағанымызда, Айдос дайындықтың ерте қолға алынғанын айтты.
— Соңғы жылдары ауданымызда қуаңшылық байқалып, ауа райы қолайсыз болып отыр. Соған қарамастан, былтыр қолдағы түлікке қажетті мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындап алдық. Шөптің бір бөлігін өзіміз шапсақ, қалғанын сатып алдық. Сонымен қатар, малға жем де беріп отырмыз, — дейді ол.

Еңбек етіп, несібесін теріп жүрген жас шаруаның берекелі тірлігіне риза болдық. Әкенің аманатын арқалап, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған Айдос Айтболатовтың ісіне сәттілік тілейміз. Осындай еңбекқор жастар барда ауылдың да, елдің де еңсесі биік болары анық.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы