24.02.2026, 11:00
Оқылды: 22

Қаһарлы қысқа қарсы қайсарлы еңбек

Биылғы қыс қылышын сүйреткен «кәрі құданың» кейпіне еніп, түрлі, тосын мінезін танытты. Қалың қар мен қытымыр аяз төрт түлікке ғана емес, аудан тұрғындарына да оңай соқпай тұр. Аудан ішіндегі жолдарды қар басып, қатынас қиындаған шақта ел басқарған азаматтар қол қусырып отырған жоқ. Ауылдар арасындағы байланысты үзбеу, қыстақтарды аралау және ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру бағытында нақты іс-шаралар атқарылуда.

IMG-20260223-WA0073

Осындай сын сағатта Казталов коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны ұжымының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Нұрбол Сығайұлы Бөкеев жетекшілік ететін ұжым уақытпен санаспай, табиғаттың тосын мінезіне қарсы жанкештілікпен жұмыс жасауда.

Халық арасында «Комхоз» аталып кеткен мекеме аудан орталығы — Казталов ауылының ішкі көшелерін қардан тазалап, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында қар шығару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Тағы бір мысал, қаһарлы қыстың салдарынан Қошанкөл ауылындағы І су көтергіш станциясында электр желілері құлап, ауыл ауыз сусыз қалған болатын. Осындай қиын сәтте комхоз қызметкерлері жедел көмекке келіп, электр желілері толық қалпына келтірілгенге дейін ауылға тұрақты түрде ауыз су тасымалын ұйымдастырды. Бұл – елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.

Сонымен қатар жуырда Жалпақтал ауылындағы А. Құсайынов және Құрманғазы көшелерінде жер асты су құбырлары жарылып, тұрғындарды әбігерге салған еді. Аязды күні тоң болып қатқан жерді қазып, белуардан су кешіп жұмыс істеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Алайда коммуналдық шаруашылық қызметкерлері шұғыл түрде жер қазу жұмыстарын жүргізіп, су құбырларын жөндеп, мәселені дер кезінде шешті.

IMG-20260223-WA0081

Бұл – мекеме ұжымының қыс мезгіліндегі атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Негізінде, коммуналдық қызмет – жылына төрт мезгіл, аптасына жеті күн тынымсыз атқарылатын жауапты еңбек. Қомақты жалақыны мақсат етпей, халық игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі қандай құрметке де лайық.
Қыстың қытымыр сынына қайыспай, ел тыныштығы мен тұрмысын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық шаруашылық ұжымының жұмысына табыс тілейміз.

Қайрат Жақып
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале