24.02.2026, 17:45
Оқылды: 123

Сенатор бәйтеректіктермен кездесті

Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келіп, жаңа Конституция жобасы бойынша еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесіп жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Арман Өтеғұлов Макаров ауылында болып, бәйтеректіктермен жүздесті.

image-24-02-26-09-22-9

Жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов қазіргі таңда елімізде үлкен саяси науқан басталып жатқанын,  соған сәйкес Бәйтеректе де коалиция құрылып, ауылдарды аралап жүргенін жеткізді. Мәртебелі мейманға «ауданымызға қош келдіңіз» деп айтып, сөз кезегін берді.

image-24-02-26-09-22-8

- Дәл қазіргі шақта неге жаңа Конституциясы жобасы жасақталып, халық талқысына ұсынылып отыр? Себебі, бұл - мемлекетімізді одан әрі жаңаша дамуына арналған реформалардың бірі.

Қолданыстағы Конституцияны кезінде бар болғаны 12 адам, яғни оның 9-ы қазақстандық, 3-уі шетелдік сарапшы жазғаны белгілі. Ал бұл жолы үлкен талқылаудан өтті. Қаншама адам атсалысты. Еліміздің осы Бас құжатына өзгерістер енгізуге қатысты сарапшылар, заңгерлер, мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдері мыңдаған отандастарымыз өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Содан соң Президент Жарлығымен Конституциялық комиссия тағайындалды. 130 адамнан тұратын комиссия мүшлерінің құрамында біздің облысымыздың да өкілдері болды. Олар жаңа Конституцияны дайындау жұмыстарына тікелей араласты. Сөйтіп қазіргі Ата Заңға 84 пайыз өзгерістер енгізілді. Соған байланысты жаңа Конституция қабылдау туралы шешім етілді.

Жаңа нұсқа «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтас­тығын сақтап...» деген сөздерден басталады. Бұл еліміздің сақтар мен ғұндардан келе жатқан мың жылдық тарихы бар Ұлы Дала мемлекеті екенін, бүгін біз сол істі жалғастырып келе жатқанымызды тайға таңба басқандай айқындап тұр.

Өздеріңіз білесіздер, ҚР Парламентін құрамдаушы Сенат пен Мәжілістің қызметі алдағы кезеңде бір палаталы болмақшы. Президенттің бастамасымен Парламентті Құрылтай деп атау ұсынылып отыр. Тарихға көз тастасақ, бұрында бізде ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртқанымызды өзім толықтай қолдаймын. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек,-деді Арман Кәрімұлы.

image-24-02-26-09-22-5

Содан соң «АМАNАТ» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев облысымызда құрылған коалицияның жұмысы туралы баяндады. Жақын аралықта өңірімізге республикалық коалиция өкілдері келетінін де айтып өтті.

image-24-02-26-09-22-2

Кездесуде сөз алып, жаңа Конституция нұсқасын қолдайтындарын білдірген жұртшылық өкілдері президенттік билікке, мемлекеттік тіл мәртебесіне, жастарды қолдау бағыттары бойынша сұрақтар қойып, оларға жауаптар алды.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале