2.11.2026, 11:30
Оқылды: 6

Ақжайық ауданы: Базаршоланда «Асар» спорт клубы ашылды

Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылында ауыл азаматтары мен демеушілердің қолдауымен бой көтерген «Асар» спорт клубы салтанатты түрде ашылды.

IMG_4290

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейімбек Ғиззатов, ауыл тұрғындары, спорт ардагерлері, демеушілер мен жас балуандар қатысты. Сондай-ақ бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, аса ауыр салмақ дәрежесінде (92 келіден жоғары) Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Айбек Оралбай, 2023 жылғы әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қатысушысы Махмұд Сабырхан және «Құрмет» орденінің иегері, жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы, 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2025 жылғы «Странджа» кубогының жеңімпазы Төрехан Сабырхан, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Медет Оңдағанов, самбодан шеберлер арасында әлем чемпионы Еркебұлан Ажыкенов және спорт жанашыры Бекет Мұстафиев болды. Атағы жер жарған осындай спорт саңлақтарының ауылға келуі жас балуандарға ерекше серпін беріп, спортқа деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық.

Б.Ғиззатов құттықтау сөзінде ауылда осындай игі істі қолға алып, өскелең ұрпаққа үлкен мүмкіндік сыйлаған азаматтарға алғыс білдірді.

– Жасөспірімдерге үлкен мүмкіндік сыйлаған сіздер зор азаматтық таныттыңыздар. Базаршолан ауылы көркейе берсін! Елге үлгі боларлық жақсылықтар көбейіп, ауылдан мықты спортшылар шыға берсін, – деді Бейімбет Махамбетұлы.

Күрес залының құрылысына белсене атсалысып, демеушілік көмек көрсеткен азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Ерден Рысқалиев, Самат Амангелді, Тимур Мұратов, Бағдат Бақытов, Ақылбек Әлсейітов және Сағыныш Базарбайұлы бар.

Салтанатты шарада сөз алған Айбек Оралбай да ауыл тұрғындары мен демеушілерге ризашылығын білдірді.

– Ат терлетіп Астанадан арнайы келдік. Осындай ауылдарды дамытуымыз керек. Залды салған демеушілерге алғыс айтамыз. Осы ауылдан бізден де мықты спортшылар шығып, қазақ елінің даңқын шығарсын, – деді ол.

Сондай-ақ Ерболат Байбатыров, осы құрылысқа бастамашы болған «Асар» қайырымдылық қорының директоры Наурызғали Сапарғалиев және Базаршолан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қоныс Жұмашев сөз сөйледі.

Жаңа нысанның лентасын Ерболат Байбатыров пен Айбек Оралбай қиды.

Ауыл азаматтары атынан А.Оралбай, Махмұд пен Төрехан Сабырхандарға тұлпар мінгізілді.

Жаңа спорт нысанының жалпы ауданы – 183,79 шаршы метр. Оның 148,74 шаршы метрі спорт залына арналған. Сонымен қатар ғимаратта қойма, жаттықтырушы кабинеті, қазандық бөлмесі, ерлер мен әйелдерге арналған душ және санитарлық бөлмелер бар.

Осы күні жасөспірімдер арасында еркін күрестен аудандық турнир өтті.

Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале