2.11.2026, 16:15
Оқылды: 9

Жаңақалада зейнеткер жұп ешкі сүтінен шағын кәсіп бастады

Қара малдың ғана сүтін кәдеге жаратқан жалпақ жұртқа ешкі сүті таңсық. Дегенмен Шекшек ата сүтінің құнары мен адам ағзасына пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Есіктен кіріп төрге озған коронавирус індеті кезінде де әр ұлт өзінің ұлттық тағамдарын пайдаланғаны дұрыс деген пікір орынды айтылып жүр.

Гиззат

Ешкі – өсімтал түлік. Қоңы жақсы, күтімі тәуір болса, басы да тез өседі. Ілкі заманнан қалған «есің кетсе, ешкі жи» деген даналық сөздің астарында көп мағына бар. Бұл - дастархандағы кезекті бір өнім ғана емес, ауыл шаруашылығында әлі де кеңінен игерілуге тиіс кәсіптің көзі. Ел ішінде бүгінге дейін ешкі сүтін пайдалану туралы еміс-еміс естілгенімен, кәсіп ретінде қаузап, талпынғандар саны аз. Еті де тез тоңазып, қатып қалатындықтан сұранысқа оншалықты ие емес. Ал сүтінің айрықша құнары туралы жыр қылып айтуға болады. Ең бастысы, адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз, әлденеше ауруға ем. Ұдайы тұтынса, денсаулық жақсарып қалмақ. Ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, қаназдықта, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Емшек жасындағы балаларды қоректендіру үшін аса қолайлы.  Малдың бабын тапқан, шаруасына шындап ден қойған адамның еңбегі еш кетпейді. Иә, еңбекке деген құрмет жаспен өлшенбейтіні рас. Зейнет жасына жетсе де тіршіліктің тізгінін босатпай, шағын кәсіпті қолға алған жандар айналамызда жүр. Осының жарқын мысалы – ауылдың байырғы тұрғындары, жетпісті еңсерген Ғиззат Мирманов пен Гүлшара Сатыбаева. Кейіпкеріміз Гүлшара әжейдің айтуынша, осыдан 1 жыл бұрын жұбайының асқазаны ауырып, ем іздеген. Біраз уақыттан соң, сүттілігі жоғары Альпі тұқымды ешкісін сатып алған. Ғиззат ақсақал да өз сөзінде аталмыш өнімнің пайдасы зор екенін айта кетті.

Гулшара

- Сүтін сауған бойда ішетіндіктен, үнемі мал дәрігерін шақыртып, тексерістен өткізіп тұрамыз. Халыққа пайдасы болсын деп ем іздеген жандарға құнарлы сүтті сатып жүрміз. 3 ешкіміз бар. Күніне 2 мезгіл сауып, шамамен 5-6 литр сүт аламыз. 1 литрінің бағасы 2000 теңге. Тұқымды ешкінің құрамында қоректік заттар мол, дәмі жұмсақ әрі жағымды. Алдағы уақытта табиғи жолмен ешкі санын көбейтеміз деген жоспарымыз бар. Тұрақты тұтынушыларымыз күн санап артуда. Бұл сүтті балғын күйінде тұтынғанның пайдасы көбірек деп білемін. Кейде  ақтың бабын келтіріп, қаймақ, айран дайындаймыз. Ірімшік, сүзбе сияқты сүт өнімдерінен жасалатын барлық тағам түрлерін де жасаймын. Жем-шөбін Ғиззат аталарыңыз қамтамасыз етеді. Әр түліктің бабын тауып, жағдайын жасауға тырысады. Өзіміз зейнет жасында болғасын бір жағынан  қара халыққа пайдамыз тисін дейміз, бір жағынан аз да болса зейнет ақының үстіне көмек қой. Егде тартқан жандар болғасын, бау-бақша егеміз. Өсімін бала-шағамызға дайындаймыз. Ал ешкі кәсібі - жастарға таптырмас мүмкіндік дер едім. Мұндай машақаты мол жұмыстан біразы қашқанымен, пайдасы мол екенін де ұмытпаған дұрыс, - дейді Гүлшара әжей.

Адал еңбекпен нәпақасын тауып отырған қос қарияның әрекеті көпке үлгі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп абыз Абай осындай рухы мықты,  еңбектен қол үзбеген жандарға айтқан ба деп ойлайсың. Әйтпесе, жұмыс жоқ деген сылтаумен өзін алдарқатып, мемлекеттік көмекке қол жайып жүрген отбасылардың да қолынан келетін кәсіп қой. Тек талпыныс, қажырлы еңбек керек.

Айталық, таңсық асты талғап ішетін кірпияз тұтынушы да бұрын соңды еміс-еміс естігенімен, ешкі сүті таңдайына тимегендіктен, алғашқыда тосырқағандары да рас. Кейін ағзаға пайдасы туралы білген соң сұраныс арта түсіпті. Ал тағамның құнарын жете түсінгендер жеке тапсырыс бере бастапты. Демек, ел ешкі сүтінің ерекше қасиетін ескергені ғой.

- Ешкі сүті - құнарлы әрі табиғи болғандықтан, отбасымызбен тұтынуға тырысамыз. Қазіргі таңда сапалы, таза өнім табу оңай емес. Сондықтан ауылымызда осындай сүт өнімдерін ұсынып отырған Ғиззат ата мен Гүлшара әженің еңбегін бағалаймын. Бағасы да қолжетімді. Денсаулық жағдайыма байланысты 2 ай қатарынан үзбей іштім. Қазірде жалғастырып келемін. Пайдасы мол. Бесіктегі сәбиден, төсек тартқан егде жандар да ішеді деп жиі естиміз.  Үнемі алып тұруға ниеттіміз, - дейді тұтынушы Ажар апа.

Қорыта келе айтпағым, осындай игілікті істі қолға алып, ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтып отырған жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Шағын кәсіптің шырайын келтіріп отырған қос зейнеткердің тірлігі - ел сүйсінерліктей. Ауылдың әлеуетін арттыру осындай қарапайым, бірақ берекелі істерден басталады. Сондықтан жергілікті өнімді тұтынуға ден қояйық. Бұл жандардың бастамасына қолдау білдіру- ауылдағы адал еңбекке берілген баға болмақ. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтынжол ізде” деген халық даналығын ескерсек, денсаулықтың негізі - сапалы тағам мен салауатты өмір салтында.

Ауылда кәсіп бастап, нәсібін табуға мүмкіндік мол. Бүгінде ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері қарастырылған. Соның игілігін тиімді пайдаланып, шағын істі үлкен кәсіпке айналдыруға болады. Ең бастысы – таза ниет пен еңбек, бастаған істі жүйелі жүргізе білу. Мүмкіндікті бағалап, жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету – ортақ міндет. Ауылымыздың өркендеуң осындай шағын бастамалар мен адал еңбектен басталады.

Ақерке Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале