Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жалпыұлттық коалиция мүшесі Абзал Құспан, «AMANAT» партиясы БҚОФ атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, сондай-ақ облыстық коалиция мүшелері Серік Сүлеймен және Ғайса Қапақов аталмыш оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Кездесуді университет ректоры және облыстық мәслихат депутаты Әліби Баяхов ашып, Конституциялық реформалардың еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Ол реформалардың тек заңнамалық өзгерістер емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуының жаңа кезеңін бастайтын тарихи қадам екенін айтты. Университеттің ғылыми-білім саласындағы жетекші тұлғаларының бірі, академик Ақсерік Әйтімов Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті ретінде жаңа өзгерістердің ғылымиқұқықтық негізін түсіндіріп, Конституциялық реформалардың қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығына қосатын үлесі туралы айтып берді. Оның айтуынша, реформалар қазіргі заманғы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан өз сөзінде Конституциядағы өзгерістердің басты мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидатын барынша тиімді іске асыру қажеттілігіне тоқталды.
– Әділеттілік пен құқықтық тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады, – деп сөзін сабақтаған Абзал Құспанұлы университет ұжымдарының мемлекеттік маңызы бар реформаларды қолдаудағы рөлі және студенттер мен қоғам арасында құқықтық сауаттылықты арттыруда ықпалы жоғары екенін атап өтті.
Кездесу барысында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи мәні кеңінен талқыланды. Бұл референдум әрбір азаматқа ел болашағына қатысты өз таңдауын жасап, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды саяси қадам екені айтылды.

Университет ұжымы мен облыстық коалиция мүшелері азаматтық белсенділікті арттыру және Конституциялық өзгерістерді түсіндіру бағытындағы бірлескен іс-қимылдарды жалғастырып, ақпараттық-ағартушылық жұмыстарын күшейту қажет деп жиынды түйіндеді.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»