24.02.2026, 15:19
Оқылды: 20

Оралда садақ атудан жасөспірімдер мен балалар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Орал қаласында садақ атудан жасөспірімдер мен балалар арасында жабық кешендегі Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Еліміздің 10 өңірінен келген жас спортшылар бақ сынайтын бұл дода садақ ату спорты бойынша жыл ішіндегі ең маңызды жарыстардың бірі.

WhatsApp Image 2026-02-24 at 14.43.14

Аталған чемпионаттың басты мақсаты - Қазақстанда садақ ату спортын дамыту, жас мергендердің шеберлік деңгейін арттыру және болашағынан зор үміт күттіретін талантты спортшыларды анықтау. Жабық кешенде ұйымдастырылып отырған жарыс жас спортшыларға қысқы маусымда да үздіксіз жаттығып, өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады.

WhatsApp Image 2026-02-24 at 14.43.15

Чемпионат тек республикалық деңгейдегі бәсеке ғана емес, сонымен қатар халықаралық ареналарға жолдама беретін маңызды кезең болып саналады. Атап айтқанда, бұл жарыс қорытындысы бойынша әлем және Азия чемпионаттарына, Әлем кубогі кезеңдеріне, Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына үміткерлер іріктеледі. Сондықтан әрбір қатысушы үшін бұл - үлкен жауапкершілік пен мол мүмкіндік.

WhatsApp Image 2026-02-24 at 14.43.18

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдаулет Сәбит құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жайық төрінде өтетін қандай шара болмасын халықаралық деңгейде ұйымдастыруға тырысамыз. Бұл чемпионат та жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз. Барлық спортшыларға әділ бәсеке мен жарқын жеңіс тілеймін, – деді ол.

WhatsApp Image 2026-02-24 at 14.43.30

Айта кетейік, мұндай ауқымды жарыстың Орал қаласында өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамып келе жатқанын және садақ ату спортына деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсетеді. Чемпионат жас спортшылар үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз болатын маңызды дода болмақ.

Марзия Зеин, 

zhaikpress.kz

Фотоға түсірген: Бекзат Қанәділ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале