Батыс Қазақстан облысында 2026 жылы 1 391 жасты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланды, - деп жазады Kazinform.

Сурет сайт архивінен
БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Мақсат Сапиновтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 2024 жылы облыстан 1 302 азамат әскери борышын өтеуге аттанған еді. Өткен жылы олардың саны 1 295 болды.
Мақсат Заманбекұлының сөзіне қарағанда, биыл ҰҚК Шекара қызметіне 60, Мемлекеттік күзет қызметіне 8, ҚР Қарулы күштеріне 370, ТЖ министрлігіне 20, ІІМ Ұлттық ұланына 220 адам жіберу көзделіп отыр.
2025 жылы күзде әскери құрылымдарды жастармен жасақтауға берілген жүктеме 658 адам болса, 672 азамат шақырылып, 102 пайызға орындалды.
- Азаматтарды әскери қызметке шақыру - бұл мемлекеттiк органдар өткiзетiн, әскери мiндеттiлiк негiзiнде әскерлер құрамын жастармен жасақтауға бағытталған iс-шаралар кешенi. Мұны жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Мекеме басшылары шақырылуға жататын азаматтарды іссапарлардан кері қайтарып алуға, олардың науқан кезінде медициналық куәландырудан өтуі үшін шақыру пунктіне уақытылы келуін ұйымдастыруға міндетті, - деді М.Сапинов.
Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру ҚР Заңдарына, Үкіметтің қаулыларына және Қорғаныс министрінің бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер медициналық комиссияларды дәрігер-мамандармен және орта медициналық қызметкерлермен 100 пайыз қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жастарды медициналық куәландырудан сапалы өткізу, оларды уақытылы жөнелту, денсаулық жағдайы бойынша әскерден оралу жағдайларын болдырмау да маңызды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әскерге барудан қашқан төрт жігіттің бірі ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.