11.03.2026, 16:15
Оқылды: 78

Ықсанов феномені немесе нар тағдырлы азамат

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына  – 100 жыл

Бәрін  сатып  алуға  болады,  сатып  алуға келмейтіні  – халықтың  шынайы  ықылас-ілтипаты  ғана...

Проспер  Мерим, француз  жазушысы

Мемлекет қайраткері, кезінде ҚазССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған және әр жылдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Орал облыстарын басқарған Мұстақым Ықсановтың жарық дүниеге көрінгеніне туар айда 100 жыл толады.

Snimok3

...Қазақта «нар тұлғалы» деген тұрақты сөз тіркесі және «Нар жолында жүк қалмас» деген мәрттікті меңзейтін мәтел бар. Осы екі теңеу де сөздің тура мағынасында Мұстақым Ықсановқа арналып айтылғандай. Көрер көзге екі иығына екі кісі мінгендей нар тұлғасына қоса, Мұстақым Біләлұлы – шын мәнінде, жолында жүк қалдырмаған нағыз нардың өзі. Тау тұлғасына қоса, ірі турайтын, кесек мінезді һәм әрі мемлекетшіл, әрі халықшыл Ықсановтай азаматтың қандай қоғамдық формацияда да, қандай меншіктік қатынастар тұсында да елінің ертеңін ойлайтын саналы адам үшін ешқашан қадір-қасиеті кемімесі кәміл.

Иә, туған елді көркейтіп, туған жерді түлеткен азаматтар есті жұрттың жадынан ешқашан өшпек емес. Ондай тұлғалар уақыт өткен сайын, жылдар жылжыған сайын ел-жұртқа, Отанға қалтқысыз қызмет етудің эталонына айналып, замана биігінен жарқырай бермек.

...Мұстақым ағамыз жас жағынан алғанда менен үш мүшелден аса үлкен. Сол себепті қатар жүріп, қызметтес болуды айтпағанда, маған ол кісінің қарауында істеу бақыты да бұйырмады. Есесіне Мұстақым Біләлұлы туралы тасқа басылған естеліктерді өз басым көп оқып, алдыңғы толқын ардагерлерден ол кісі туралы аңызға бергісіз тағылымды әңгімелерді көп естідім. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, берісі өскен өлкесінің, әрісі туған елінің нұрлы ертеңі, жарқын болашағы үшін барын салып, білім-білігін, қарым-қабілетін сарқа еңбек етіп, тер төккен Ықсановтай қайраткер азаматтарды үлгі-өнеге тұтып, олардың жанкешті еңбекпен өрілген өмірінен ғибрат алу Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің нығаюы мен қазақ мемлекеттілігінің баянды болуына бүкіл жан-жүрек, сана-сезімімен алаңдайтын жас адамның баршасына ортақ парыз екендігі хақ. Әрине, үзеңгі жолдас болмақ түгілі, өзің қолына су құйып үлгермеген қайраткер хақында әріден толғап, кеңінен сөз қозғаудың еш қисыны жоқ. Дегенмен Біләлдің Мұстақымы туралы естеліктерді көп оқып, ол кісі туралы ел аузындағы, ардагерлердің арасындағы әңгімелерді жиі естігенімді жоғарыда баян қылдым. Бәлкім, осы екі-үш фактор маған Ықсанов феноменіне үңілуге азды-көпті қақ (құқық) берер деген үміттемін.

...Әлқисса, көзден таса болғанына біраз жылдың жүзі болса да, ел-жұрттың Ықсановқа деген құрметінің суымауына не себеп? Меніңше, бар сыр мынада: Ықсанов – мейлі құлатүзде жаңадан ашылған трестің бастығы болсын, мейлі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары немесе шалғай облыстың бірінші басшысы болсын, ол – мемлекеттік мүдде мен халықтың қамы бір-бірінен ажырамас біртұтас дүние деп ұғынған азамат. Оның үстіне Мұстақым Біләлұлы – қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, уақытпен санаспай, жеке басының жағдайының бар-жоқтығына қарамай, шын мәнінде жанкештілікпен жұмыс істеген жан. Міне, біздің қазіргі көптеген атқамінерлерге жетпейтіні – осындай дүниетаным, осындай көзқарас. Әттең, жас тәуелсіз мемлекеттің қызметіне жегілген мемлекеттік қызметшілердің бәрінен бірдей әлгіндей қадау-қадау қасиеттердің табылмауы  өкінішті-ақ...

«Мұстақым Біләлұлы «Жанымызды салып жұмыс істейік, адал еңбек етейік, құрылыс саласын өркендетіп, қаламыз бен даламызды гүлдендірейік, сонда бізге болашақ ұрпақ риза болады» деп жиі айтатын еді» деп жазады өз естелігінде Социалистік Еңбек Ері В. Шубин. Ал ендігі үзінді Ауған соғысының ардагері, ұзақ жыл Қазақстанның ішкі істер құрылымдарында абыройлы қызмет атқарған генерал Мұрат Қалматаевтың   естелігінен.

«Орал облыстық партия комитетінің хатшысы болып жаңадан сайланған кезім. Мұстақым Біләлұлы ұйымдастыру жұмыстары мен идеологияға көп көңіл бөлетін. Бір күні таңертең кабинеттегі телефон шылдыр  ете  қалды.

– Қала аралап қайтайық, – деді бірінші хатшы. Сол кісіге  еріп  шығып кеттік.

– Мына лозунг нені айтып тұр? – деді обкомның бірінші хатшысы «Біздің мақсат – коммунизм!» деген жазуға қарап. – Одан да «Біздің мақсат – 286 адамға жаңа пәтер беру!» деп неге жазбайсыңдар?..». Бұл мысал – Ықсановтың жалған ұраншыл, әсіре науқаншыл емес, керісінше, халықшыл мәнердегі басшы және нақты істің адамы екендігін дәлелдейтін бір мысал. Әйтпесе, Кеңес одағының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заманда өзі обкомның бірінші хатшысы бола тұра, әлгіндей сөз саптау – жүрегінің түгі бар адамның ғана қолынан келетін шаруа.

Қазір мемлекеттік тілдің ахуалы екінің бірінің ермегіне айналды. Үлкен де, кіші де осы мәселені әлсін-әлсін тілге тиек етіп, жиі жалаулатады. Ана тіліміздің қолданылу аясын біржола кеңейту, көсегесін түбегейлі көгерту депутаттан бастап, ауыл арасындағы зейнеткер қартқа дейін алаңдатуы, әрине, дұрыс-ақ. Өйткені, біз бүгінде өз алдына дербес мемлекетпіз ғой! Ал КСРО кезінде Орал қаласындағы үлкенді-кішілі мәдениет ошақтары мен сауда нысандарының маңдайшасына әуелі қазақша, сосын барып орысша жазу Ықсановтың кезінен бастау алғанын аға буын ардагерлер болмаса, кейінгі толқын жастар білмейтіні анық. Бүгінгі саяси тәуелсіздіктің биігінен қарағанда, бұл да ұсақ-түйек болып көрінуі кәдік. Бірақ ұлттық мәселелерге келгенде қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде әлгіндей қадамға өзінің орысы қалың, оның үстіне Ресейдің бақандай бес аймағымен шектесетін облыстың бірінші хатшысының өзі ұйытқы болу үшін, ең алдымен, ұлтжанды болу шарт! Біржола Ресейге қаратып, бауырына баспақ ниетпен орман-орыс қойнауы толы қазына Қарашығанаққа көз алартқанда да табандылық танытып, қажыр-қайрат көрсеткендердің бірі біздің Мұстақым ағамыз көрінеді. Сондай-ақ Ықсановтың өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде Әмудария мен Сырдарияның суын суармалы егістік үшін тым ысырап қылу күндердің күнінде Арал теңізіне сор болып жабысатындығы жөнінде сол кездегі КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрі Е. Александровқа дейін бетпе-бет кездескенде әлсін-әлсін құлаққағыс қылып, дабыл қағып, шыр-пыр болуы оның стратегиялық дәреже-деңгейдегі пайым-парасат иесі екендігін анық аңғартады. Әрине, мұндай мысал, әлгіндей деталь-штрихтарды Мұстақым Біләлұлының өмірінен көптеп келтіруге болады. Ал Ықсанов феноменіне үңілгендегі ең басты тағылым оның мемлекеттік мүдде мен халық қамын біртұтас дүние деп қарауында екендігі болса керек. Ең бастысы, Ықсановтай қайраткер азаматтардың өмір-өнегесімен ден қойып танысқан елін сүйер жас еліктейтін тұлғаны алыстан іздеу бос әурешілік екендігін ұғынады...

Түп мамандығы инженер Мұстақым Ықсанов Алматы қаласын су тасқынынан қорғау жүйесін қалыптастыруға, Бетпақдаланы суландырып, гүлдендіруге, Оңтүстік Қазақстан облысын бау-бақшалы өлке мен Сырдың бойын ақмаржан күріштің отанына айналдыруға, сондай-ақ кәрі Оралды Қазақстанның ең әсем қалаларының біріне айналдыруға орасан зор еңбек сіңірді. Оның осы толағай еңбегін ескеріп, инженерлік мамандыққа оқытатын факультеттері бар еліміздің жоғары оқу орындарының бірінде (тіпті бірнешеуінде) Ықсанов атындағы арнайы стипендия тағайындау, меніңше, әбден орынды. Мұндай қадам инженерлік мамандықтың мәртебесін көтеріп, ұлттық инженерлер отрядын қалыптастыруға да игі әсерін тигізері кәміл. Әрі Қазақстанның қазіргі индустриялық-инновациялық саясатына да сай қадам.

Өзінің алғырлығы мен қарым-қабілеті һәм білім-білігінің арқасында жастайынан атқа мініп, жылдар бойы небір лауазымды басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, тек Орал облысының өзін үздіксіз 11 жыл басқарған М. Ықсанов соңғы қызметін тапсырып, зейнеткерлікке шыққанда Алматыға бар болғаны екі-үш чемоданмен ғана көшкен көрінеді (мен мұны біраз жыл Мұстақым Біләлұлының көмекшісі болған Дәржан Иманғалиев ақсақалдың өз аузынан естідім). Мұндай тектілік пен қанағатшылдық біздің барша ат үстіндегі азаматтарға жұғысты болғай!

Бауыржан Файзоллаұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале