…Кіндік қанымыз ауылда тамғанымен, бұл күндері көп қазақ біраз жылдан бері қалада тұрады. Бірақ біздің жанымыз бәрібір ауылды һәм даланы аңсайды. Сірә, бұл сағыныштан біз өмір бойы арыла алмайтын сияқтымыз. Ал қазақтың кең байтақ даласында бүгіндері жауқазын қылтиғаны кәміл. Жауқазын – қар ерір-еріместен адам баласының көзіне түсетін, назарына ілігетін көктемнің алғашқы гүлі. Өзінің екі-ақ түсі бар, ақ сосын сары. Жауқазыннан кейін қазақы қырда алуан түсті қызғалдақ құлпырады. Иә, қызғалдақтың түсі сан алуан: қызыл, шымқай қызыл, күрең қызыл, ақ, алқызыл, алқызыл ақ, сары, қызыл-сары, жалқын сары... Бұл – қазақтың сайын даласына он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті Жасаған иеміздің өзі төсеген гүл жайнаған алып кілем!

Әлқисса, ауылдың ұл-қызы қырдың қызғалдағына құштар. Мұндай ынтызарлық бізге де тән еді. Жезбұға көлін жағалай қонған біздің ауылдан хош иісті қызғалдақ өсетін қыр үш шақырым қашықтықта. Сол қырға сегіз-тоғыз жасар кезімізден жаяу барып, қызғалдақ теретінбіз. Барып-келуіміз бар, гүл теріп жүгіруіміз бар, кемі жеті-сегіз шақырым жүріп қайтатынымыз анық. Қаршадай балаға бұл оңай шаруа емес. Қайтарда кейде шаршайтындығымыз соншалық, кейбіреуіміз терген гүлдерімізді көтеріп жүруге ауырсынып, жол жиегіне шашып кететінбіз. Ал шыдамдыларымыз алдымыздан шыққан аналарымызға гүл шоғын ұсынып, оларды шаттыққа бөлеп, қуанышқа кенелтетінбіз.

Ара-тұра қызғалдақ теруге түгел класс болып барушы едік. Ертеңіне терген гүлдеріміз үйдегі бөлмеміз бен класс терезесінің жақтауында шуағын төккен көктем күнінің нұрымен жайнап, біздің бақытты балалық шағымыздың базарын арттырып, ажарын аша түсетін. Кейін жоғары кластарда құрбы қыздармен қосылып:
Қырдың гүлі қызғалдаққа балап арманым,
Бұл әнімді, ерке сәулем, саған арнадым
Таң нұрымен нұрланасың,
Самал желмен ырғаласың,
Сен ерекше жырланасың қызғалдақтардай, – деп ән шырқауға көштік.
Ал аға-әпкелеріміз:
Қызғалдақтар, сарғалдақтар
Қызғалдақтар – қыздар мақтар
Гүл ұсынған қыз-жігітте
Махаббат бар, қызғанбаңдар, – деп сызылтушы еді.
Балалардың қызғалдақтың бітік өскен жерін бір-бірінен қызғанатын кездері де болатын. Сұлулыққа құштар бала көңіл-ай!..
Кейбір достарымыз сабаққа бәрімізден бұрын келіп, өзі ұнатқан кластас құрбысының партасына қызғалдақ қойып, алғашқы сезімін білдірген кездер де болды. Асылы, алты ай қыстан кейін қырды құлпыртқан қызғалдақ – балаларға қоса, ересектердің де көзқуанышы.

Лала гүлдер тұқымдасына жататын қызғалдақ жыл он екі айда бар болғаны, әрі кетсе, 10-15 күн ғана гүлдейді. Бірақ осы аз ғана уақыттың ішінде ол қаншама жанның жүзін жайнатып, қаншама көңілге қуаныш сыйлап үлгереді десеңізші! Қызғалдақтың гүлдеу мерзімі көктемнің шырқау шыңы – сәуірдің соңы, мамыр айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келеді.

Еуропалықтарда қызғалдақтың отаны Голландия мен Грекия деген пікір қалыптасқан. Ал парсы әдебиетінде қызғалдақ тым ертерек тілге тиек болған. Голландиялықтардың қызғалдақты басыбайлы иемденгені соншалық, осы елдің футболдан ұлттық құрама командасының жейдесі де қызғалдақ түстес. Сөйте тұра, үшбу шағын мақаланы жазу барысында біз голландиялықтардың өздері олардың еліне қызғалдақ қазақ (қыпшақ) даласынан жеткізілгендігін мойындайтын дерек-дәйектерді де ұшыраттық. Алайда төл топырағында, яғни, атамекенінде құрып кету қаупі төнгендіктен, қызғалдақ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Сондықтан да үлкен-кіші, қызғалдақты жұлмайық, қызғалдақты қорғайық!
Бауыржан Әлжан,
Қызылжар ауылы,
Теректі ауданы
