20.03.2026, 11:30
Оқылды: 15

 Ұлттық аспаптардың ұстасы

 

Ғасырлардан жеткен дәстүрлі қолөнерді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп келе жатқан ұста-шеберлердің еңбегі зор. Әсіресе, ұлттық  аспап жасайтын шеберлер өткен мен келешектің  арасын жалғап, рухани мұрамызды жаңғыртуда ерекше рөл атқарады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында белгілі ұста Аслан Серікбаймен сұхбаттастық.

DSC07003

Кейіпкер 1978 жылы Казталов ауданындағы Қошанкөл ауылында дүние есігін ашқан. Кейін әкесі Серікбай жұмыс бабымен аталған ауданның Бостандық ауылына көшіп, бала Аслан осындағы орта мектепке қадам басады. Ес біліп, есейген шағы Бостандықта өтіп, ондағы білім ұясын тәмамдайды. 1996 жылы Орал қаласындағы Дәулеткерей атындағы өнер институтына оқуға түседі. Сөйтіп, 2000 жылы институттың Сәндік қолдаңбалы өнер бөлімін үздік аяқтайды. Содан бері ол 22 жылға жуық Құрманғазы атындағы саз колледжінде оқытушы болып еңбек етіп, жас өрендерді ұлттық өнерге баулып келеді.

DSC06959

– Студенттердің сәндік қолөнерге қызығушылығын арттырып, оларға ағашты көркем өңдеу, мүсіндеу және терімен жұмыс істеу тәсілдерін үйретемін. Бірақ менің бірден домбыра жасауға деген тәжірибем жеткіліксіз еді. Осы орайда колледжде аспап жасау жөніндегі шебер әрі ауылдас ағам Бақтыгерей Сүлейменовтің көп көмегі тиді. Ол мені жанына ертіп жүріп, домбыра жасаудың қыр-сырын ұғындырды. Бақтыгерей ағаның ақылын тыңдап, арқа сүйей жүріп, домбыра бөліктерін жасай бастадым. Бірде ол: «Аслан, сен ағашпен жұмыс істеуді біртіндеп меңгеріп келе жатсың. Осы күнге дейін шаруамды ширатып, қолғабыс болдың. Енді домбыраны өз бетіңше жасайтын да кез жетті. Мен саған ағаш материалдарын берейін. Жасаған домбыраны кейін маған көрсетерсің» деп айтқан. Бақтыгерей ағайға шапшаң екенімді дәлелдеймін деп, домбыраны асығыс-үсігіс жасап көрсеттім. Сол кезде ол қатты қуанып, «Сен мұнымен тоқтама, жасай түс, сенен мықты шебер шығады» деп мақтап, жігерімді жани түскен. Қазір ойлап отырсам, сол жасаған домбырамның кем-кетік тұсы көп болған екен. Бірақ тауымды қайтармай, қайта әркез қайратыма дем беріп, аспап жасаудың «әліппесін» үйреткен ағамның бар жақсылығын ұмытпаймын. Бақтыгерей аға қазір зейнетте, менің осы салада жұлдызым жанса, сол кісінің берген батасы мен тәлімінің нәтижесі деп білемін», – дейді шебер.

Серікбайдың Асланын ұсталыққа Бақтыгерей ұстазы баулығаны рас. Бірақ оның түп ата-бабасы да бұл өнерден алыс емес екен. Мәселен, атасы Сатудың есімі елге жақсы таныс. Ол құлпытас құйып, түрлі бұйым мен тұрмыстық заттар жасаумен айналысқан қолөнерші болған. Арғы ата-бабаларының құлпытастарын қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпағына аманат етіп жеткізген жан. Жанұяда әкесі мен анасы бала Асланның бойына өнер отын жағып, өздері де үлгі болған.

– Әкем Серікбай үйірме сабақтарға қатыспаса да, домбыраны нақышына келтіре тартатын. Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сағит Садықов аудандағы өнерпаздарды жиып, оркестр құрған. Әкем оркестр құрамында домбырашы болып, талай сахнада күй тартып, шығармалар орындаған. Анам Шәрбану – кітапханашы. Анам ән шырқағанда оның сыңғырлаған үні жүректі ерекше сезімге бөлейді, жұртшылық та сүйсіне тыңдауға құмар. Осындай отбасыда тәрбие алып, ержеткен мен қалай өнерден алыс боламын, – дейді шебер.

Ұстаздық пен ұсталықтың жолын ұштастырған Серікбайұлы кішкентай кезінде суретші болуды армандаған. Өсе келе салған суретін саз балшықтан мүсіндей бастаған. Өкініштісі, балалықта балшықтан қалыптап жасаған дүниесінің есебі болмаса да, қазір «Шіркін-ай!» деп еске алатын олардың ешбіреуі сақталмаған екен. Бірақ бала күнінде әкесі сый еткен қысқышы қазір шеберханасында, әлі де жұмысқа жарап тұр.

Шебердің жұмыс бөлмесінде қабырғада ілулі тұрған қобызды көрдік. Бізге жуырда жасалғандай көрінген. Алайда оның жасалғанына да биыл 15 жыл тола келіпті. Аслан қобызын қолға алып, біраз «күңіренте» шалып, былайша сыр ақтарды.

– Қылқобыз бен домбыра – қазақтың бренді. Бұл екі аспапты жасау кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Қобыз – тұтас томар ағаштан шабылады. Ол бөліктерден құралып жасалмайды. Қобызды жасайтын томарды кемінде үш немесе жеті жыл сақтаймын. Бірқалыпты, табиғи жолмен кепкен ағаш өте берік әрі ұзақ уақытқа дейін сақталады. Ғасырлар өтсе де, өзінің сырлы сазын жоғалтпай, бабында тұрады. Шеберханамда ілулі тұрған қобызды 2011 жылы жасап біттім. Оған ешқандай химиялық материал қосылмады. Шанағына түйенің қолтық терісі салынды. Түйе терісінің дәл осы бөлігі жұқа келеді. Оның жүнін жиделеп алып тастап, керекті мөлшерге дейін жұқарғасын, ашытқымен өңдедім. Қобыздың негізгі дыбысын өт-кізетін тұсы осы теріге байланысты болмақ. Ішегі жылқының құйрығынан жасалады. Жылқы дегенде де кез келгені емес, бесті айғырдың құйрық қылы ғана жарамды. Мен қасапшыларға «Жылқыны бауыздамас бұрын, құйрығын кесіп алыңыздаршы» деп жиі қолқа саламын. Себебі сойылған жылқының құйрығындағы күш те, қуат та ыдырап кетеді деп естіген едім. Көп жыл махаббатпен еңбектеніп жасаған аспабым ғой, асты-үстіме түсіп сұрағанның ақшасын да алмай, тек көрмеге қоюмен ғана шектелетінмін. Осы жақында ғана өзім өнерін құрмет тұтатын, кісілігі де, кішілігі де ерек суретші ағама сыйлыққа бердім, – деп аспап жасауға қабілетке қоса шыдамдылық та  қажет  екенін  ұғындырды.

Аслан ұстаның аспаптары халықаралық, республикалық көрмелерге шығып, конкурстарда жұлдызы оңынан жанып жүр. Әсіресе, батыстың үлгісіндегі «Қозықұйрық домбыраға» өзге өңірдегілер қызыға қарайды екен. Мұндай пішіндес домбыраны Құрманғазы бабамыз бен Дина апамыз тартқан және соның нақ үлгісі. Домбыраға тапсырыс берушілердің қатары көп болғаны соншалық, мұхиттың арғы бетінен де сұрататын көрінеді.

– Музыкалық мектептер домбыраға жиі тапсырыс береді. Домбыра баланың жас ерекшелігі мен дене бітіміне сай шіңкілдек, балақай, балдырған секілді түрлерден тұрады. Әуезіне қарай сан қилы стильге бөлінеді. Біздің өңіріміз бойынша белгілі жыршы-термеші ағаларымыз Серік Әбідрахманов, Фархат Оразов секілді ұлттық өнердің майталмандары мен жасаған домбырамен сахнаға шығып жүр. Олар тыңдарман алғысына бөленсе, менің де мерейім артып қалады. Басқа мемлекеттерден келген адамдар да домбыраны естелік ретінде алып жатады. Бірақ кей әуе компанияларының ережесі бойынша домбыра ұшақтың ішіне емес, борт багажына қабылдануы тиіс екен. Тиелген жүк арасында аспаптың сынуы әбден мүмкін. Асқар Кенжеғалиев есімді домбырашы бауырымыз бар. Америкадағы балаларға бір жыл домбыра тартып үйретіп, дәріс берді. Содан кейін Америкадан келген тапсырыс ағыны күшейіп кетті. Одан бөлек, өзге мемлекеттерден де сұраныс болды.

Қазір заманауи құрылғылардың дәуірі жүріп тұр. Домбыра жасайтын да небір-небір құрылғылар бар. Қол жұмысы да жеңілдеді. Домбыра бағасы бүгінде қолжетімді. Сатып алып үйренемін дегенге үйірме көп. Нарықтағы баға бойынша балалар домбырасы 25 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты – 600 мың теңге.  Сапалы домбыра жасауға пайдаланатын права, полисандра, бұйра қайың, үйеңкі ағаштары біздің өңірде таптырмайды. Жеке өзім Алматы қаласынан немесе Ресей мемлекетінен тапсырыспен алдырамын, – дейді шебер.

DSC06955

Аслан Серікбайұлының колледжде оқытушы бола жүргеніне де 20 жылдан асты деп жоғарыда айттық. Қазір шәкірттері де бір-бір шеберге айналған. Мәселен, оның ішінде жалпақталдық Мадияр Сайранов пен ақжайықтық Досжан Бижановты атап өтуге болады. Кейіпкеріміз – ұлағатты  ұстаз, шебер ұста ғана емес, жанұяда адал жар, ардақты әке. Осы күнде төрт перзенті бар. Үлкені Астана қаласында инженер көрінеді. Ал кіші баласы Расул қазір жетінші сыныпта оқиды. Ол әкесі секілді ұсталық жолды таңдағысы келетін секілді. Жасөспірімнің сурет салуға, бұйым жасауға ынта-пейілі зор. Жақында домбыра тартып үйренемін деп «Тұмарым» үйірмесіне жазылып, оған қалмай барып жүр. Әкесі Аслан «Ұлым домбыраны жетік меңгерген соң ғана шеберханаға кіргіземін. Себебі домбыраны тарту білмейтін адам оны сезіммен жасай алмайды» дейді. Аслан Серікбайұлының ең жақсы көретін мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы көрінеді. Ендеше, шеберді халқымыздың  ұлық мейрамымен құттықтап қоялық...

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале