Казталов ауданы аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауылдар мен елді мекендерде көлдіктерге су шығару, ықтимал су басу аймақтарында қорғаныс шараларын күшейту, оның ішінде қапшықтар дайындау жұмыстары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар аудан әкімі бастаған жұмыс тобы су қоймалары мен реттеуіш қақпалардың жай-күйін тексеріп, зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, «Қазсушар» РМК БҚОФ Казталов учаскесінің бастығы Еркебұлан Ермұханов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Олжас Абдрахман Қараоба және Қошанкөл ауылдық округтеріндегі су нысандарын тексерді.

Аталған аумақтарға Ақжайық аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің теңгеріміндегі «ТРЭКОЛ» маркалы жол талғамайтын көлікпен жету мүмкін болды. Жұмыс тобы алдымен «Ақсирақ» қақпасына барып, су қорын көрді. Содан соң «Варфоломей» су торабында болып, оның су өткізу мүмкіндігін бақылады. 1965 жылы пайдалануға берілген «Варфоломей» су торабы оң жағалаудағы реттеуіш шлюз арқылы секундына 27,8 текше метр, ал негізгі қақпа арқылы секундына 77 текше метр су өткізуге қауқарлы.
Су тасқыны кезеңінде «Қазсушар» РМК БҚОФ арқылы көлдіктерге су жіберу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Аудан әкімі округ әкімдеріне құзырлы мекемемен бірлесіп, шаруа қожалықтарымен келісім-шарттар жасасу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ су тасқыны қаупін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Казталов ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі