10.04.2026, 13:00
Оқылды: 16

Ауылдағы өзекті мәселелер- партия бақылауында

image-10-04-26-11-25-1
AMANAT партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиев бастаған делегация ауданымызға арнайы іссапармен келіп, «Ауыл тынысы: пікір және ұсыныс» тақырыбында Шежін және Қосшы ауылдық округтерінің тұрғындарымен мазмұнды кездесу өткізді.
Делегация құрамында БҚО жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов, жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Дияр Сұлтанғалиев, жұмыспен қамту және көші-қон бөлімінің басшысы Аслан Бигалиев, мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Жадыра Бекжанова, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Каналиев бар. Әр салаға жауапты мамандардың қатысуы ауыл тұрғындары  көтерген мәселелерге нақты әрі жан-жақты жауап беруге мүмкіндік жасады.
Шежін ауылына барған делегация алдымен фельдшерлік-акушерлік пункт пен ауылдық мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Өткен ғасырдың 70–90 жылдары салынған бұл нысандардың қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет ететіні анық байқалды. Партия өкілдері аталған әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында тиісті қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізіп, бұл мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, алдымен бағдарламаға енгізу керектігін атап өтті. Бұл – AMANAT партиясы тарапынан өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Кездесу мектептің акт залында аудан әкімі Талғат Шакировтың төрағалығымен жалғасты. Әңгімелесу  форматында өткен жиында тұрғындар жайылымдық жердің тапшылығы, әлеуметтік нысандарды жөндеу, мұғалімдердің санаты мен білім сапасы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Мамандар әр сұраққа нақты жауап беріп, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, көтерілген ұсыныстардың тиісті органдарға жолданып, бақылауға алынатыны айтылды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық аурухана директоры Н.Бралов қатысып, өз салалары бойынша пікір білдірді.
Іссапар Оян ауылында жалғасын тапты.  Мұнда да тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар маңызды мәселелер, мысалы мал қорымы мен қоқыс төгетін орынның қажеттілігі, тұрғын үй, сондай-ақ,  ФАП пен мәдениет үйін жөндеу сынды сұрақтарға аудан әкімі Талғат шакиров пен сала басшылары нақты жауаптар беріп, жеке қабылдау өткізді. Бұл – партияның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырып отырғанының дәлелі.
Кездесу қорытындысында ауылдың белсенді азаматтары мен азаматшыларына AMANAT партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиевтің атынан алғыс хаттар табысталды.
Жалпы, бұл іссапар – AMANAT партиясы-ның ел ішіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, халықпен етене жұмыс істейтін, олардың талап-тілектерін билікке жеткізетін беделді әрі жауапты саяси ұйым екенін тағы бір мәрте айқындады. Халық аманатын арқалап, ел игілігі жолындағы нақты істерін жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан партия белсенділері алдағы уақытта да көтерілген мәселер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Назгүл Серікқызы,
"Жайық Пресс"
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале