11.04.2026, 16:00
Оқылды: 10

Жәңгір хан университетінде халықаралық конференция өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Етті мал шаруашылығы: ғылым, технологиялар, тұрақты даму» тақырыбында XXVI халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

photo_5389023233438324384_w

Ғылым айлығы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі конференция бұл жолы қазақтың ақбас ірі қара мал тұқымының қалыптасқанына 75 жыл толуымен орайластырылды. Конференцияның пленарлық отырысына университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Ресей ғалымдары қатысты.
Алдымен сөз алған университет ректоры Асқар Мырзахметұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, конференцияның маңыздылығына тоқталып өтті. Өңір басшысының орынбасары Қалияр Шадиярұлы Батыс Қазақстан облысы – түпкілікті зерттеулер мен етті мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған қолданбалы жұмыстар ұштасқан маңызды ғылыми-өндірістік аймақ екенін жеткізді. Бұдан әрі ғалымдар сөз алып, ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Бағлан Аймырзаев 2026-2035 жылдарға арналған мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспарында етті бағыттағы ірі қара малдың алатын орнына тоқталса, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының директоры Бахтияр Өтелбаев аталған сиыр тұқымының қазіргі жай-күйі мен даму бағыттары туралы баяндады. Айтуынша, биыл ресми танылғанына 75 жыл болып жатқан қазақтың ақбас сиырының тұқымы біздің өңірімізде кеңінен дамыған. Бұлардан бөлек отандық және шетелдік ғалымдар етті ірі қара шаруашылығында генетикалық әлеуетті арттыру құралы ретінде қолданылатын ДНК-технологиялары, ауыл шаруашылығы қалдықтарын жедел өңдеу арқылы органикалық тыңайтқыштарды мобильді өндіру, ірі қара малды қолдан ұрықтандыру сынды мәселелерге назар аударды.

photo-output
Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін мұндай іргелі жиындар халықаралық деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты бекіте түсетінін айтты. – Қазақтың ақбас сиыр тұқымы шаруашылығын дамытуға біздің ғалымдар да үлкен үлес қосуда. Соңғы бес жылдағы жеткен жетістіктерімізге тоқталар болсақ, ақбас сиырдың жаңа оңтүстіктік типі және төрт аталық із шығарылды. 2021 жылы университетімізде генетикалық паспорттау жөніндегі ең алдыңғы қатарлы зертхана іске қосылған болатын. Содан бастап ақбас сиыр тұқымын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары жүргізілуде. Университетіміздің ғалымдары еліміздің өзге де облыстарындағы шаруашылықтармен тығыз байланыс орнатып, селекциялық жұмыстармен айналысаып келеді, – деді Әлжан Смайылұлы.
Конференция жұмысы «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Техникалық ғылымдар», «Гуманитарлық және экономикалық ғылымдар» секциялық отырыстарымен жалғасты.

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале