23.04.2026, 9:30
Оқылды: 18

Шыңғырлау ауданы: Кәсіби шеберлік сынға түскен алаң

Шыңғырлау колледж базасында «Кірпішті қалау» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Oral – 2026» өңірлік чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Аталған чемпионат жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған халықаралық «WorldSkills» қозғалысының аясында өткізілді.

image-22-04-26-11-52 (3)

«WorldSkills» – жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруді және кәсіби шеберлікті жетілдіруді мақсат еткен халықаралық коммерциялық емес қозғалыс. Бұл жоба әлемдегі ең озық тәжірибелердің бірі саналады. Чемпионатқа қатысушылар өз білімдері мен біліктіліктерін сынап, кәсіби деңгейлерін шыңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жыл сайын байқау талаптары жаңартылып, қатысушыларға жаңа міндеттер жүктеледі.

Чемпионаттың басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру саласының маңызын арттыру, жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Сондай-ақ, өңірлік деңгейде үздік шыққан қатысушыларды іріктеп, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына жолдама беру көзделген.

image-22-04-26-11-52 (2)

Биылғы «WorldSkills Oral – 2026» өңірлік чемпионаты 20–26 сәуір аралығында облыс көлемінде 73 құзыреттілік бойынша өткізіліп, оған 530 студент қатысуда. Шыңғырлау колледж студенттері де бұл додаға жыл сайын белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

Салтанатты ашылу рәсімінде колледж директоры Серікбай Жұмағұлов, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Айбек Исламбек, Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығының әдіскері  Зияш Тәжікбаева, ардагер ұстаз  Виктор Лукьянов  және ауданның құрметті азаматы  Сағынғали Имашев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

image-22-04-26-11-52

«Кірпішті қалау» құзыреттілігі бойынша өткен жарысқа әртүрлі оқу орындарынан үздік студенттер қатысты. Атап айтқанда,  Мансұр Қазымбек  («Жоғары аграрлық-техникалық колледжі»),  Валерий Бошенятов  («Тасқала колледжі»),  Қуаныш Ахон  («Орал политехникалық колледжі»),  Нурсултан Байдушев  («Шыңғырлау колледжі»), Ислам Шафхатов  («Жәнібек колледжі») өз шеберліктерін ортаға салды.

image-22-04-26-11-52 (1)

Бас сарапшы, «Шыңғырлау колледжі» өндірістік оқыту шебері  Майрамбай Ержановтың айтуынша, қатысушылардың жұмысы арнайы құрылғылар арқылы 10 сағат ішінде орындалған тапсырмалар негізінде бағаланды. Яғни, әрбір үміткердің кәсіби деңгейі нақты белгіленген уақыт пен техникалық талаптарға сай орындаған жұмыстары арқылы анықталды.

Жарыс нәтижелері 30 сәуір күні облыстық деңгейде жарияланатын болады. Бұл дода жас мамандардың кәсіби қалыптасуына үлкен серпін беріп, олардың болашақтағы еңбек жолына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.

 

Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале