22.05.2026, 17:05
Оқылды: 5

«Таза Қазақстан»: ауыл ажарын ашқан акция

Шыңғырлау ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл келбетін көркейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Игі шараға округтегі мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда.

image-19-05-26-05-03 (1)

Экологиялық акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру, ауыл аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Осы бағытта округ аумағындағы көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен әлеуметтік нысандар маңы тазартылып, қоқыстар шығарылып, ағаш көшеттері отырғызылуда.

Сенбілік барысында қатысушылар жол жиектерін тазалап, көшелерді ретке келтіріп, бей-берекет жатқан қалдықтарды жинады. Сонымен қатар ауыл ішіндегі жасыл аймақтарды көбейту мақсатында тал-теректер отырғызылып, саябақ  күтімге алынды. Мұндай жұмыстар ауылдың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бірлік пен ынтымағын нығайтуға да оң әсерін тигізуде.

Ауыл әкімі Мерлан Хамиев өз сөзінде абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Таза Қазақстан» акциясы – тек бір күндік шара емес, бұл – әр азаматтың туған жерге деген жанашырлығын көрсететін маңызды бастама. Ауылымыздың тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан әр тұрғын қоршаған ортаны таза ұстап, көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуы қажет. Таза әрі көрікті ауыл – келешек ұрпаққа қалдыратын үлкен мұрамыз, – деді.

Сондай-ақ округ басшысы көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жоспарға сәйкес ауыл көшелеріне қосымша көшеттер отырғызу, абаттандыру және қоғамдық орындардың санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстау көзделіп отыр.

image-19-05-26-05-02 (3)

Жергілікті тұрғындар да мұндай шаралардың ауыл үшін аса маңызды екенін айтып, экологиялық акцияға тұрақты түрде қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары жастарға өнеге көрсетіп, туған жерге жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндірсе, жас буын табиғатты қорғау – әр азаматтың парызы екенін іс жүзінде дәлелдеуде.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегі арқылы  округ аумағындағы жұмыстардың нәтижесі де байқалып тұр.

Бүгінде тазалық  пен тәртіпті басты құндылықтардың біріне айналдырған ақбұлақтықтар экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында үлгі боларлық іс атқаруда.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, туған жердің табиғи тазалығын сақтау мен ауылдың ажарын арттыруға өз септігін тигізері сөзсіз.

 

Сара Әділова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале