8.07.2026, 13:00
Оқылды: 14

Оралда зияткерлік дода басталды

Жуырда «Жайық арена» спорт кешенінде «Қазақстан балалар кубогі – 2026» турнирінің төртінші кезеңі басталды. Турнир облыс әкімдігі, Freedom Holding Corp., Қазақстан шахмат федерациясы, «Oraltrans07» ЖШС, «Жайық таза қала» ЖШС және «Uralsk Spring» компанияларының қолдауымен өтуде. Жарысқа 6-14 жас аралығында 200-ден астам жас шахматшы қатысуда. Оған қоса, турнир 10 шілдеге дейін жалғаспақ.

DSC07157.JPG

Қазақстан балалар кубогі Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен төртінші жыл қатарынан өткізілуде. Балалар арасындағы бұл жарыс ересектерге арналған көп кезеңді Қазақстан кубогімен қатар ұйымдастырылады. Биылғы турнирге қазақстандық шахматшылармен бірге Ресейден келген қонақтар да қатысуда.

Турнирдің салтанатты ашылуында облыс әкімі, облыстық шахмат федерациясының президенті Нариман Төреғалиев өңірде шахмат спортын дамыту мен қолдау басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев шахматты тек спорт түрі ғана емес, интеллектуалдық мәдениеттің, тәрбие мен білім берудің маңызды бөлігі екенін атап өткен болатын. Президенттің тікелей тапсырмасымен елімізде шахматты дамыту жаңа деңгейге көтерілді. Шахмат – логикалық ойлау, стратегиялық көзқарас және адамның интеллектуалдық әлеуетін тиімді дамытатын ерекше құрал.

DSC07216.JPG

Бұл ежелгі ойын өскелең ұрпақты салмақты шешім қабылдауға, оларға жауапкершілік артуға және өз қадамдарын алға қарай есептеуге үйретеді. Сондықтан біздің өңірде шахмат қозғалысын қолдау бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеудің басым бағыттарының бірі болып табылады. Біз интеллектуалдық

спортты облыс тұрғындарының әрқайсысы үшін қолжетімді етуде барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов «Жайық арена» спорт кешенінде турнирді жоғары деңгейде өткізуге барлық қажетті жағдай жасалғанын айрықша атап өтіп, жарыс ұйымдастырушыларына алғыс айтты.

– Көршілес Ресейден келген жас спортшыларға алғысымды айтамын. Соңғы үш жылда Қазақстанның балалар кубогі халықаралық мәртебеге ие болып келеді. Биылғы жарыс – турнирдің төртінші кезеңі. Бұған дейінгі кезеңдер Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларында өтті. Ал төртінші кезеңді Орал қаласында өткізіп отырмыз. Мұнда жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Заманауи спорт нысаны мен көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына ерекше ризашылығымды білдіремін. Біз бір команда, бір шахматтық отбасы ретінде бірлесіп еңбек етіп, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін, – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов.

Қазақстан балалар кубогі биыл наурыз айында Шымкент қаласында бастау алды. Алғашқы кезеңге 400-ден астам жас шахматшы қатысты. Турнирдің екінші кезеңі мамыр айында Қызылордада, үшінші кезеңі маусымда Қостанайда ұйымдастырылды. Биылғы кубок алты іріктеу кезеңі мен қорытынды финалдан тұрады. Финалдық бәсеке 1-13 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтпек.

– Шахматқа алты жасымда ағам Мұраттың ықпалымен келдім. Осы спорт түрімен бес жылдан бері ай-налысып келемін. Қазір №41 мектеп-лицейде оқимын, алтыншы сыныпқа көшіп жатырмын. Жасым 11-де. 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы облыстық жарыстан бірінші орынға ие болдым. Одан бөлек, республикалық шемпионатта 19-орыннан көріндім. Ендігі мақсатым – республикалық жарыстың жүлдегері атану. Ал ең үлкен арманым – әлем шемпионатына қатысу. Ағам Мұраттың шахматтан екінші разряды бар, ал мен үшінші разряд иесімін, – деді жас шахматшы Зейнеп Бақтиярқызы.

DSC07223.JPG

Турнир екі санатқа бөлінді. Яғни А турнирі 14 жасқа дейінгі, B турнирі 10 жасқа дейінгі шахматшылар арасында ұйымдастырылды. Қатысушылар тоғыз турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша сынға түседі. Ойындар классикалық уақыт бақылауымен өтеді. Әр партияға 60 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд беріледі.

Жарыс аясында командалық есеп те жүргізіліп, әр өңірден төрт спортшыдан құралған команда қатысады (А және B турнирлерінен бір ұл және бір қыздан). Турнирдің жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені  құрайды.

Гүлфия Азаматқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале