Құрылтай сайлауына орай Переметныйдың орталық көшесінде ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған аудан орталығы мен екі-үш ауылдық округтан шаруа қожалық және жеке кәсіпкерлік өкілдері келіп, өнімдерін нарықтағыдан төмендеу бағамен ұсынды.

Көшім ауылдық округінен келген «Урожай» шаруа қожалығының жетекшісі Юлия Канның айтуынша, олар 3,5 тонна көкөніс өнімдерін алып келген. Көтерме бағамен, яғни қиярдың келісі 300, қызанақ - 250, қырыққабат - 100, баялды (баклажан) - 300, ащы бұрыш - 1000 теңгеден көпшілікке ұсынылды. Екі сағаттың ішінде барлық өнім сатылып кетті.
Ал Зеленый ауылынан келген «Тенчурин» шаруа қожалығы сүт өнімдерімен саудалап, екі сағаттың ішінде 15 литрдей сүт пен айран, 5 литр қаймақ, 5 келі сүзбе сатқан. «Құттың бір данасын 100 теңгеден қойдым,-дейді Иралия Тенчурина.-Ал қалада оның бағасы екі есе қымбат. Бағаның төмендей болуына байланысты саудамыз жақсы жүрді».

Ал переметныйлық «Жанғалиев» ЖК ірі қара малының 200 келідей етін саттықа шығарды. Ет жақсы, баға қолжетімді болған соң ол көп тұрған жоқ.
Жалпы мұндағы кәсіпкелер өздері тұрған сауда-саттық орны жақсы жерде орналасқанын айтты. «Сайлау учаскесінің маңында болған соң дауыс беріп шыққан тұрғындар осында келіп саудасын жасап жатыр. Бұл бізге де, сайлауға келгендерге де тиімді» дейді олар.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімімен бұл жәрменкеге аудандағы 12 агроқұрылым шақырылған екен. Алайда біреуінің көлігі сынып, екіншісі ауырып қалуы себепті 7-8 шаруашылық өкілдері келіп саудасын жасады. Соның нәтижесінде көкөністен 2 тоннадай қызанақ, 1 тоннаға жуық картоп, жарты тоннадай қырыққабат, баялды, бұрыш және ет пен сүт өнімдері қолжетімді бағамен саттыққа шығарылды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы