Іс-шараны Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форумның өтуіне Қазақстан Республикасы Құрылтайы, PSA» ЖШС-нің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, сондай-ақ ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы операторлары - «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N.V., «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «KMG PetroChem» ЖШС және «Silleno» ЖШС қолдау білдірді.
Биылғы форум IMBC-дің бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа уақыт ішінде IMBC операторлар, мемлекеттік органдар мен отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты платформасын қалыптастырды. Орталық мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға және қазақстандық кәсіпорындардың әлемдегі ең ірі әрі бірегей жобалардың жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейтуге ықпал етіп келеді.
Іс-шараға 800-ден астам адам қатысты, бұл өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар санының екі есе өскенін көрсетеді. Форумға мемлекеттік органдардың, мұнай-газ химиясы жобалары операторларының, отандық және халықаралық өндірушілердің, салалық қауымдастықтар мен іскерлік қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділда Ораз бұл форумды ірі операторлардың сұранысын отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен ұштастырып, өзара тиімді келісімдерге қол жеткізетін іскерлік алаң деп атап өтті. “Биылғы тоғыз айда облыс экономикасына 539,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 103,2 пайызды құрады. Ал 2029 жылға дейін жалпы құны 4,4 триллион теңге болатын 73 жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Өңірдегі стратегиялық бастамалардың бірі – Қарашығанақ базасында жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу. Инвестициялық құны 1,65 триллион теңгені құрайтын бұл жоба отандық машина жасау кәсіпорындары үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы тиіс.
Біздің мақсатымыз – инвестиция көлемін арттыру ғана емес, оның өңір экономикасына беретін нақты қайтарымын қамтамасыз ету. Ірі жобалар жергілікті кәсіпорындардың дамуына, өндірістік қуаттардың артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына қызмет етуі тиіс” - деді.
Форумда сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шафкат Құдабаев, «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Уильям Лакоби, «ҚПО Б.В.» компаниясының бас директоры Марко Марсили, NCOC N.V. Басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев және «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Диаз Диянов сөз сөйледі.
IMBC Бас директоры Дастан Әбішев Орталық құрылғаннан бергі соңғы бес жылда Қазақстандағы мұнай-газ саласына арналған тауарлар өндірісін дамытуға жәрдемдесу бағытындағы қызметі мен нәтижелері туралы баяндады. Қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ химиясы жобаларының жеткізу тізбектеріне қатысуын одан әрі кеңейтудің қажеттілігін атап өтті.
Түсқайта форумның секциялық отырысы өтеді.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz