Биыл Орал қаласында шыбын-шіркей, масаның әдеттегіден көп болуына толассыз жауған жаңбыр себеп дейді мамандар. Шыбын-шіркеймен «күрес» жұмыстарын ұйымдастырушы БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Серікқали Канапиннің мәліметінше, биыл Орал қаласы аумағында профилактикалық дезинсекция өткізуге республикалық бюджеттен 48 млн. 901 мың теңге бөлінген.
Бірақ мемлекеттік сатып алу шараларының қорытындысы негізінде, 23 млн. 611 мың теңгеге профилактикалық дезинсекция өткізу жұмыстарын жүргізуге «Дезинфекция» Батыс Қазақстан облыстық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі» ұтып алып, қызмет көрсетуін бастап кеткен.
Ал профилактикалық дезинсекция өткізу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес қызмет көрсетуші компания тек Орал қаласының аумағында және энтомологиялық белгілер бар болған жағдайда Серебряково, Круглоозерное, Коминтерн, Желаево ауылдарында, оның ішінде саябақ аумақтарында, Хан тоғайы, саяжай қоғамдарының аумағы және тағы басқа жерлерде жүргізеді.
Жалпы бұл жұмыстар екі кезеңге бөлініп жүзеге асырылады. Біріншісі аспалы сөмкелі бүріккішпен 600 гектар ауданда биологиялық ларвицид (препарат) дәрісімен қамтамасыз етумен шыбын-шіркейге қарсы күрес бойынша дернәсілдерге қарсы өңдеу жұмысына 7 млн. 147 мың теңгеге келісім шарт істелген. Ал екіншісі генераторлық қондырғы арқылы 6000 гектарға инсектицид фосфорорганикалық дәрісімен (ФОД) өңдейді. Бұған 16 млн. 464 мың теңгеге теңгеге келісім шарт жасалған.
Биылғы профилактикалық дезинсекция өткізуге бөлінген қаражат 2015-2017 жылдармен бірдей: жылда 48 млн. теңге бөлініп отыр. Алайда улауға қолданылатын препараттардың елімізде шығарылмауына байланысты қызмет көрсетушілер оны шетелден сатып алуда. Яғни дәрі-дәрмектің бағасы өзге валютамен сатып алынатындықтан жыл сайын қымбаттауда. Ал, дәрі-дәрмек пен улау тәсілдерінде ешқандай өзгерістер жоқ екен.
Бүгінгі таңда жұмыстардың бірінші кезеңі, яғни дернәсілдерді өңдеу жұмысы 100 пайызға орындалып, шыбын-шіркейлермен күрес жұмыстары 20 пайызға орындалған. Аталған жұмыстар 16 сәуірде басталған. Бекітілген жоспарға сәйкес тамыз айына дейін жүргізіледі.
Әділғазы КЕРЕЕВ
zhaikpress.kz