12.09.2017, 14:41
Оқылды: 53

Облысымызда инвесторлар 30 мың бас ұсақ малды бордақылайтын алаң салады

mal bordakilau   Қазақстандық «Батыс Марка Ламб» пен «Green Plant» ЖШС, сондай-ақ қытайлық «Чжэн И Агротехнолоджи Ко. Лтд.» агротехникалық компаниясы Батыс Қазақстан облысында бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды.

    Құжатқа «Қытай-АСЕАН» 14-інші ЭКСПО-сына қатысу үшін барған қазақстандық делегацияның ҚХР Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы Наньнин қаласына сапары аясында қол қойылды. Келісімге сәйкес, тараптар Батыс Қазақстан облысында бір мезгілде 30 мың бас ұсақ малды ұстап, бордақылауға арналған қазіргі заманғы алаңды құрмақшы.


   Аталған мал «Батыс Марка Ламб» ЖШС ет кешенінде сойылып, Қытайға экспортталатын болады. Инвестиция көлемі 47 млн. доллар болады деп күтілуде, жобаны 2018 жылдың аяғына дейін жүзеге асыру көзделуде. «Қазіргі кезде Қазақстанда мұндай мал бордақылау алаңы жоқ. Жобаның екінші кезеңінде экспортқа тұрақты өнім жөнелтуді қамтамасыз ету үшін аналық мал әкелінеді. Негізінен романов тұқымдас қойды өсірмекшіміз», деді «Батыс Марка Ламб» ЖШС құрылтайшысы Рақымжан Исмағамбетов.

     «Green Plant» ЖШС басшысы Давид Варагян бірлескен өндіріс орнының экспорттық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. «Күні бүгін біздің компания Оралдан Иранға қой етін тоңазытылған күйде жөнелтуде. Қытай тарапынан кез келген ет өнімін қабылдайтын терминал толықтай дайын. Маусым айының аяғында қытайлық әріптестермен бірге Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесі аумағында 800 тоннаға дейін тоңазытылған етті сақтауға арналған уақытша сақтайтын қоймасы бар кедендік логистикалық орталық аштық», - деді ол.

       Еске сала кетейік, Қазақстан ынтымақтастық бойынша арнайы шақырылған әріптес ретінде 14-інші Қытай мен АСЕАН жәрмеңкесіне қатысуға ерекше маңыз беруде. Бұл шара «ХХІ ғасырдың теңіз Жібек жолын бірге салу және өңірлік экономика ықпалдастығына септесудегі туризмнің рөлін айқындау» тақырыбында өтеді. ЭКСПО-да Қазақстанның ұлттық павильоны орналасып, түрлі өнімдермен 20 стенді қойылмақ.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале