Батыс Қазақстан облысы бойынша газбен жүретін 8201 автокөлік тіркеуге алынған. Соған сәйкес, айына бекеттерге жеткізілетін сұйылтылған газдың көлемі 3 мың тоннаға есептелінуде.
Сұйылтылған газдың бір литрін «Тәуекел» ЖШС 63, «BKSS» ЖШС 64, «Алау» ЖШС 66 теңгеден босатуда. Бұл жайында Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафутдинов хабарлады.
– Облыс орталығындағы газ бекеттері айналма жолдар бойында орналасқан. Еліміздің басқа өңірлері мен Ресейдің көршілес облыстарынан келетін автокөліктер де газ бекеттерінде кезекке тұрады. Ресейде бір литр газдың бағасы 100-150 теңгеден болса, біздің өңірде 63-66 теңге аралығында. Орал қаласында 16, аудандарда 13 газ бекеті бар. «Жайықмұнай» ЖШС күніне өңдеген 102 тонна газды 6 жүк көлігі тасымалдайды. Бұл – газға деген қажетті мөлшерді қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді Қуаныш Серікұлы.
Оның мәліметінше, 2015 жылы газбен жүретін автокөліктер саны 3500 болған. Айына 1800 тонна газ оларды қамтамасыз етуге толығымен жеткен. Соңғы уақытта бензин бағасының шарықтауына және газдың балама түрде жанармай ретінде белсенді пайдаланыла бастауына байланысты газға деген қажеттілік күрт өскен. Өңірдің географиялық ерекшеліктеріне орай, халықаралық дәліз арқылы қатынайтын автокөліктер де газ бекеттеріне тоқтайтынын және облыста ресми тіркеуге алынбаған көліктердің барын есепке алғанда, бекеттерде кезек мәселесі туындайтыны түсінікті.
Қуаныш Шарафутдиновтың айтуынша, Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайызы сұйылтылған газбен жүргізіледі. Яғни, айына 14 мың тонна газды пайдаланады. Ал Батыс Қазақстан облысында 198 мыңдай автокөліктің 0,5 пайызы ғана сұйылтылған газға зәру.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафутдинов өңірде жанармай бағасына қатысты ахуал бақылауда екенін, қазан айында талдау жұмыстарының нәтижесі талқыланатынын айтты.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ
zhaikpress.kz