Тақсай қорған кешені Теректі ауданына қарасты Долинный ауылы маңында орналасқан. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде бес бірдей қорған кешені табылды.
Бұлар шартты түрде «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4» және «Тақсай-5» болып аталды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынғанымен, жәдігерлер аз болды. Соңғы оба, яғни үшінші обадағы жерленімнен қайталанбас ғажайып материалдар, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны анықталды.
«Тақсай-1» қорған кешенінде ағаш бөренемен жабулы жерлеу орны, төрт ат жүгені қазылып алынды. Ағаш бөренемен жабу астындағы шығыс жақ қабырғасына қарай жерленген әйел адамның қабірі табылды, мүрденің басы батысқа, беті оңтүстікке қарап жерленген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі, жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысық тұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған. Сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолында қоладан жасалған алтын сапты айна ұстаған. Айнаның тұтқасы жуан және онда барақ иттің басының бейнесі салынған. Барақ ит, тұмсығы өткір, көзі дөңгелек жыртқыш құс бейнесінің бастары қырынан салынған. Шебер бұл суреттер арқылы табиғаттағы күштердің қарама-қарсылығын көрсеткісі келгенге ұқсайды. Айнаның сабы кертештелген, ол жаңғақ ағашынан жасалған қаппен құндақталған. Айна ғалымдарға сол кездегі тарихты анықтау үшін таптырмас дерек болып табылады. Қабірдің оңтүстік-батысында жаңғақ ағашынан жасалған қобдиша табылды. Қобдишаның ішінде салт-жоралғылар жасайтын заттар салынған, олар: ақ саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ. Қасқырдың азу тісі және соғыс көрінісі бейнеленген тарақта, сірә, ассириялықтар мен мидиялықтар бейнеленген болса керек, орта тұсында соғыс арбасының бейнесі салынған. Ал үңгірдің орта тұсында түйе басты қола қазан, ағаш ыдыстың құрсауы, тана көзді шыны ыдыс анықталған. Үңгірдің батысында ат әбзелдерінің кейбір бөлшектері шашылып жатқан. Әсіресе, қабірдің оңтүстік жарының безендіруі ерекше қызығушылық туғызады, ол жарты шеңбер тәріздес, сәуле шашып тұрғандай етіп жасалған. Жарты шеңбер қабырғаларының астынан алтын жапсырмалар мен алқа шыққан.
Ерте көшпелі дәуірдегі ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан барлығы сексеннен астам алтын бұйымдар табылып, салмағы үш келіге жуықтады. Бұл қабірдің Батыс Қазақстан облысында бұдан бұрын зерттелген обалардың ішіндегі ең көнесі болуы да айрықша жаңалық еді. Тақсай қорған кешенінен табылған материалдар, жерлену тәсілі, оралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды.
Тақсай қорған кешені археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін кездейсоқ алынған жоқ. 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы кешен маңынан бірнеше жәдігер табылған болатын. Мамандар оның сармат кезеңіне жататындығын анықтады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылдан Тақсай қорған кешенін қайта қазу жұмыстары қолға алынды. Бұл үлкен олжаға кезіктірді. Құнды жәдігерлерді өңдеп, зерттеу үшін Ресей мен Германиядан ғалымдар тобы тартылды.
Тақсай қорған кешенінен табылған «Алтын ханшайымды» қалпына келтіру ісімен қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысты. Содан кейін «Алтын ханшайым» Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейіне қойылды.
«Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйелі екендігін танытады.
БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерге жататын Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған. Сол себепті археологтармен осы кешенді зерттеумен қатар сақтау мен қорғау жұмыстары да жүргізілуде. Сарматтардың Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанның көп жерінде қоныстанғаны белгілі. Көшпелі тайпалар ештеңеден қайтпайтын, батыр жауынгерлер ретінде жауларының үрейін ұшыратын. Жерленген орындардан сондай-ақ әйел және ер адамдардың, жылқылардың қаңқалары, кейбір тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер, қоладан жасалған жебе ұштары табылған. Археологтар сарматтар тек жаугершілікпен аты шыққан тайпалар ғана емес, сонымен қатар қолөнері дамыған жұрт болған деп топшылайды. Түрлі бұйымдардың ерекше шеберлікпен жасалғаны сондай, олар қазіргі зергерлерді таңғалдырады. Сарматтар жауын аямайтын қатал болған. Балаларын екі жасынан атқа отыруға үйреткен. Қыздары ерлермен бірге әскери өнерді меңгеріп, жауға шапқан. Сарматтардың өз әлемі, мәдениеті болған. Осындай құпияларды анықтай түсу мақсатында Тақсай қорған кешенін зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Елжан ЕРАЛЫ
Батыс Қазақстан облысы