8.12.2017, 17:45
Оқылды: 377

Тақсай қорған кешені

Тақсай қорған кешені Теректі ауданына қарасты Долинный ауылы маңында орналас­қан. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы ар­хеологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде бес бірдей қорған кешені табылды.

Бұлар шартты түрде «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақ­сай-3», «Тақсай-4» және «Тақсай-5» болып аталды. Алғашқы екі оба­да­ғы жерленімдерден қызықты ма­­те­риалдар алынғанымен, жәді­гер­лер аз болды. Соңғы оба, яғни үшін­ші обадағы жерленімнен қай­та­лан­бас ғажайып материалдар, ежел­гі сармат кезеңіне жататын ақ­сүйек бай әйелдің жерленген орны анықталды.

«Тақсай-1» қор­ған кешенінде ағаш бөренемен жа­­бу­лы жерлеу орны, төрт ат жүге­ні қа­­­зы­лып алынды. Ағаш бөре­немен жабу астындағы шығыс жақ қабыр­ға­сына қарай жерленген әйел адам­ның қабірі табылды, мүр­де­нің басы батысқа, беті оң­түс­тікке қарап жерленген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі, жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мой­нында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жа­­салған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жап­сырмалы әшекейлер мен дөңге­­лек пішінді алтын моншақтар тігіл­ген. Киімнің жеңдеріне де алтын қа­лыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ ті­гілген. Білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысық тұ­қым­дас жыртқыштың бұзаумен айқа­сы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған. Сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолын­да қоладан жасалған алтын сап­ты айна ұстаған. Айнаның тұт­қасы жуан және онда барақ иттің басының бейнесі салынған. Ба­рақ ит, тұмсығы өткір, көзі дөңге­лек жыртқыш құс бейнесінің бас­та­ры қырынан салынған. Шебер бұл су­реттер арқылы табиғатта­ғы күштердің қарама-қарсылығын көр­сет­кісі келгенге ұқсайды. Ай­на­ның сабы кертештелген, ол жаң­ғақ ағашынан жасалған қап­пен құн­дақталған. Айна ға­лымдарға сол кездегі тарихты анықтау үшін таптырмас дерек болып табыла­ды. Қабір­­дің оңтүстік-батысында жаңғақ аға­шынан жасал­ған қоб­диша табылды. Қобдиша­ның ішін­де салт-жоралғылар жасай­тын зат­тар салынған, олар: ақ саз­дан жа­салған жіңішке мо­­йынды ыдыс, ағаш тарақ. Қас­­қырдың азу тісі және соғыс кө­­рі­­­ні­сі бей­не­ленген та­рақта, сірә, ас­си­рия­лықтар мен ми­дия­­лық­тар бей­неленген бол­са керек, орта тұ­сында соғыс арба­­сы­­ның бейнесі салынған. Ал үңгірдің орта тұсында түйе бас­ты қола қазан, ағаш ыдыстың құрсауы, тана көзді шыны ыдыс анықталған. Үңгірдің батысында ат әбзелдерінің кейбір бөлшек­те­­рі шашылып жатқан. Әсіресе, қабірдің оңтүстік жарының безенді­руі ерекше қызығушылық туғы­­­за­ды, ол жарты шеңбер тәріздес, сәуле ша­шып тұрғандай етіп жасалған. Жарты шеңбер қабыр­ға­ларының ас­ты­нан алтын жапсыр­малар мен алқа шыққан.

Ерте көшпелі дәуірдегі ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан барлығы сексеннен астам алтын бұйымдар табылып, салмағы үш ке­ліге жуықтады. Бұл қабірдің Ба­тыс Қазақстан облысында бұдан бұ­рын зерттелген обалардың ішін­дегі ең көнесі болуы да айрықша жаңалық еді. Тақсай қорған кеше­нінен табылған материалдар, жер­лену тәсілі, оралғы заттары, соны­мен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген со­ғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қы­зығушылық тудырды.

Тақсай қорған кешені архео­ло­гиялық қазба жұмысын жүргізу үшін кездейсоқ алынған жоқ. 1965 жылы жер жырту жұмыстары ке­зінде осы кешен маңынан бірне­ше жәдігер табылған болатын. Ма­мандар оның сармат кезеңіне жататындығын анықтады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылдан Тақсай қорған кешенін қайта қазу жұ­мыстары қолға алынды. Бұл үл­­кен олжаға кезіктірді. Құнды жә­ді­­герлерді өңдеп, зерттеу үшін Ресей мен Германиядан ғалымдар тобы тар­­тылды.

Тақсай қорған кешенінен та­­былған «Алтын ханшайымды» қал­­пы­на келтіру ісімен қазақ­стан­­­дық ға­лым-реставратор Қырым Ал­тын­бек бастаған мамандар ай­на­­лысты. Содан кейін «Алтын хан­­­ша­йым» Астана қаласындағы ҚР Ұлт­тық музейіне қойылды.

«Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәрте­­бесі жоғары болғандығын көр­се­теді. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйелі екендігін танытады.

БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қара­ған­­да, біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ес­керт­кіштерге жататын Тақсай қор­­ған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған. Сол себепті ар­хео­­лог­­­тар­­мен осы кешенді зерттеу­мен қатар сақтау мен қор­ғау жұ­­­­мыс­­­­та­ры да жүргізілуде. Сармат­тар­­­­дың Ре­сей­дің оңтүстігі мен Қа­­­­зақ­­­стан­ның көп жерінде қоныс­тан­­ға­­ны белгілі. Көшпелі тайпалар еш­те­ңе­ден қайтпайтын, батыр жа­уын­гер­лер ретінде жау­ла­ры­ның үрейін ұшыратын. Жер­лен­ген орындар­дан сондай-ақ әйел және ер адамдардың, жылқылардың қаңқалары, кейбір тұрмыстық бұйымдар, әше­кейлер, қоладан жасалған жебе ұштары табылған. Археологтар сарматтар тек жаугершілікпен аты шыққан тайпалар ғана емес, со­ны­мен қатар қолөнері дамыған жұрт болған деп топшылайды. Түр­лі бұйымдардың ерекше шеберлік­пен жасалғаны сондай, олар қа­зір­гі зергерлерді таңғалдырады. Сар­мат­тар жауын аямайтын қатал  бол­ған. Балаларын екі жасынан атқа отыруға үйреткен. Қыздары ер­лермен бірге әскери өнерді мең­ге­ріп, жауға шапқан. Сармат­тардың өз әлемі, мәдениеті болған. Осындай құпияларды анықтай түсу мақ­са­тында Тақсай қорған кешенін зерттеу жұмыстары жал­ғасуда.

 Елжан ЕРАЛЫ

Батыс Қазақстан облысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале