Бұл жөнінде БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламасының жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуы тақырыбына арналған брифинг барысында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Наметов пен университет жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Венера Есенғалиева аталған бағдарламаның оқу орнында орындалу барысының жай-жапсары жөнінде баяндады.
Өз сөзінде ақпараттар ағынының артқан заманында адамзат баласының ой-өрісінің өзгеріп бара жатқанын алға тартқан Асқар Мырзахметұлы университеттегі білім мен тәрбие жұмысының бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, мұнда бірінші әрі негізгі рухани-адамгершілік тәрбие берумен қатар, білімнің салтанат құруына мән беріліп, салауатты өмір салтын ұстануға ерекше көңіл бөлінуде.
- Қоғамда тәрбие рөлінің төмендеуі, жат рухани құндылықтардың енуі, жеке тұлғаның мәдениет деңгейінің төмендеуі, жан-жақты білімділіктің жоқтығы ұлттық мәдениетімізді жоғалтып алу қаупін тудырады. Ал жеке адамның, соның ішінде жастардың тәрбиесі күн тәртібіндегі негізгі мәселе екені сөзсіз. Біздің университетке бірінші курсқа түсетін студенттер келесі жылдан бастап, өзінің деңгейіне, таңдауына байланысты білім алатын болады. Мысалы, бұрын дене тәрбиесі сабағы топ-топпен оқытылатын. Олардың арасында қандай да бір спортқа деген ерекше қызығушылығы бар балаға бұлай оқу қызықсыз болуы мүмкін еді. Ал енді біздің білім ошағында кім қандай спортқа бейімдігіне қарай оқитын болады. Сонымен қатар университет бағдарламасына қазақ күресі мен тоғызқұмалақ ойындарын қосуды ойластырудамыз. Әр студент өз қалауына, денсаулық жағдайына қарай спортпен айналыспақ. Шет тілін жақсы білетін балалар бір топқа түсіп, оларға шет елден келген мамандар сабақ беретін болады. Бүгінде төрт-бес маман шақырып та қойдық. Қазір көбінесе жастардың бойында қазақылық, ұлтымызға тән бұрыннан қалыптасқан тәрбие байқалмай бара жатыр. Адамға деген мейірімділік төмендеп барады. Сондықтан да біз әр баланың бойына ең бірінші адами құндылықтарды дарытатын болсақ, қалған материалдық байлықты өзі табатын болады. Үшіншіден, уақыт өткен сайын мамандықтар өзеріп келеді. Жаңа мамандықтар пайда болуда. Сол үшін біз әр студенттің өзін жаңа қырынан тануына мүмкіндік жасау үшін жұмыстанамыз, - деді Асқар Наметов.
Университетте тәрбие жұмысы бойынша тұжырымдама жасалғанын айтқан Венера Есенғалиева оның негізгі бағыттарының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асатынын жеткізді. Осы концепцияда оқу орынының білім және тәрбие берудегі бағыт-бағдары айқындалған. Оның айтуынша «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына сай мамыр айында университетке 17 оқулық әкелінген. Бүгінде бұл оқулықтарды қолданысқа енгізу үшін жоспар жасалып отыр. Жыл соңына дейін олардың қатары 34 оқулықпен толықпақшы.
Ясипа РАБАЕВА
zhaikpress.kz