Ерте шыққан қарбыздан күдіктенетін жергілікті тұтынушылар оңтүстік өңірлерден жаздың басында келіп жататын қарбыздардың қоспалары (нитрат) көп болады деп, оған сақтана қарайды. Қарбыздан келетін қауіпті ойлап, табиғи таза өнімді іздейді. Осы орайда облыс орталығындағы базарда қала халқы көбінесе Қалдығайтының қарбызын сұрап жатады. Расында да, сулыкөлдік жігіттердің маңдай терімен егіп шығарған табиғи таза өніміне сұраныс әрқашан жоғары.
Сулыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ербол Оразовтың айтуына қарағанда, биыл Сулыкөлде жылдағы дәстүрге сай «Жанбағ», «Әділғазы» шаруа қожалықтары және бақшамен айналысушы ауыл тұрғындары Назарғали Кенжин мен Меңдібек Жүсіпқалиев қарбыз егіп, піскен өнімді саттыққа шығаруда.
Балаларын еңбекке баулып, қарбыз егудің қыр-сырын үйретіп жүрген үшаналық бағбандардың бірі Назарғали Кенжин Маркс Мусин жетекшілік жасайтын «Мұрагер» шаруа қожалығының қарамағындағы 2 гектар жерге қарбыз егіп, одан өнім алуда. Алынған өнімді аудан орталығы Қаратөбе ауылы және іргедегі Шөптікөл ауылына әкеліп, келісін 80 теңгеден сатуда. «5-6 жылдан бері қарбыз егуді қолға алып келеміз. Биыл отбасымызбен 2 гектар жерге қарбыз ектік. Осы жұмыстарға әкем Назарғали, інім Эльдар және туысым Абай Хамзин белсене еңбек етті. Қарбыздан жақсы өнім алынады. Бақша салып, оның қызығын көрудің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Осының бәрі бірлесе жүргізген қырауар еңбектің жемісі. Төзімділік таныта біліп, ерінбей еңбек еткен адамға еңбегінің жемісін көруге болады», -дейді қарбыз сатушы Армат Назарғалиұлы.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есенжол Ғабдраштың айтуынша, аудан бойынша қарбыз егумен айналысатын жалғыз Сулыкөл ауылдық округінің бақшашылары екен.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz