Қызыл лента қиылып, сән-салтанатпен ауылдың қақ ортасында ашылған алаң- ның есігінде көктемнен бері қара құлып тұр. Ал үш түсті жасанды төсеніштері қалай болса солай төселген. Тіпті кейбір жеріне жетпей қалған ба, «жалаңаш» жатыр. Мұны қабылдаған кезде жауапты мамандардың қайда қарағаны белгісіз. Құрылысын «BRAT.M» ЖШС жүргізген бұл нысанға жергілікті бюджеттен 10 млн. 782 мың теңге қаржы жұмсалған. Осыншама ақшаға салынған алаңның осы күнге дейін қаңырап бос тұруын Тасқала ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов былайша түсіндірді.
– Бұл алаң былтырғы жылдың қараша айында ашылған болатын. Кейін қыс түскесін, жасанды төсеніштерді алып тастап, үстіне мұз құйдық. Көктемде мұз ерігенде, алаңның беткі қабаты түсіп кетті. Дереу мердігер мекемеге хат жаздық. Олар осы жылдың маусым айында беткі қабатын қайтадан жасады. Содан кейін жинап тастаған жасанды төсеніштерді төсейік десек, көбісі жыртылып жарамсыз болып қалған. Қолымызда бір жылға дейін кепілдік хат болғаннан кейін мердігер фирмаға қайтадан жасанды төсеніштер төсеу керектігін айттық. Олар үш түрлі жасанды төсеніш алып келіп, төсеп жатқанда бізге хабарласты, «Алып келдік, келіп көріңіздер» – деп. Барсақ, түрлі-түсті жасанды төсенішті төсеп жатыр. Біз қабылдамай, жұмысты тоқтатып тастадық. Қазір мердігер фирма Ресейге жасанды төсенішке тапсырыс берген. Осы тамыз айының 15-іне дейін бітіреді, – дейді Ж. Ахметов.
Мән-жайды білмек болып, «BRAT.M» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Сакпиреевке хабарласқанымызда, нысан құрылысын бітіріп тапсырғандарын айтып отыр. – Жасанды төсеніштердің жыртылуына Тасқала ауылдық округі әкімдігінің өздері кінәлі. Төсеп берген нәрсені пайдасыз етіп тастаған. Бір жасанды төсеніш 9 мың теңге тұрады. Алаңның аумағы 800 шаршы метр. Сонда маған 1 млн. теңге ақша керек. Оны кім төлейді? – дейді ол. Бір-біріне сілтеген округ әкімдігі мен мердігер фирма басшысының берген жауабынан ұққанымыз, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегеннің кері болып тұр. Демек, ауыл тұрғындарына, әсіресе, жастарға алаңның «қызығын» көру «бақыты» әзірге бұйырмайтын секілді.
Дәл осындай алаңның «жырына» тек Тасқала ауылы ғана емес, ауданға қарасты Ақтау ауылдық округі де арқау боп тұр. Аталмыш ауылға арнайы ат басын бұрып, алаңның жайын көрейік деп барсақ, есігіндегі қара құлып бізге қарап «күлімдеп» тұр. Ал жасанды төсеніштерінің халі тіпті адам аярлық жағдайда, домаланып жатыр. Бұл мәселеге жауап беретін округ әкімдігінен ешкімді таппадық. Кеңседегі қызметкерлер ауыл әкімі Нұрсұлтан Серіктің еңбек демалысында екенін, оның орнына ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып қалған Абат Сариевтың ауырып жатқанын айтты.
– Ауылда балалар ойнайтын жер жоқ. Мәдениет үйінің алдында төселіп жатқан асфальт тың үстінде ойнап жүр. Алаңның жабық тұрғанына екі жылдай уақыт болды, – дейді Ақтау ауылының тұрғыны Сәния Артығалиева. Алақандай ауылдарды басқарып отырған ауыл әкімдері аталған мәселеге аса қатты бастарын ауыртпайтын сыңайлы. Жаз мезгілі бел ортасынан ауса да, жайбарақат жүр. Алаңға бөлінген бәленбай миллион қаржының сұрауы жоқ болғаны ма сонда?..
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,
«Орал өңірі»